Трактор тізгіндеген кейуана
Трактор тізгіндеген кейуана
704
оқылды
Қызылорда облысы Қармақшы ауданында тракторшы кейуана тұрады. Бар ғұмырын осы бір ауыр техниканы тізгіндеумен өткізген әженің бұл «өнеріне» кейінгі жастар тұрмақ, замандастарының өзі қызыға қарайды. Саналы ғұмырының 22 жылында трактор айдаған қармақшылық Бибігүл Әбішоваға бұл кәсібі еш қиындық туғызған емес. Бойжеткен шағынан трактор рөліне жайғасқан ол әлі күнге дейін оны басқарудың қыр-сырын жетік біледі. Ауылдастары да тракторшы кейуананың шеберлігіне тәнті. Ол ер азаматтардың өзі жүрексіне айдайтын көлікті жүргізуге еш қиналмайды. Жалағаш ауданына қарасты кезіндегі Коммунизм кеңшарында еңбек жолын бастаған кейуананың жасы бүгінде 70-ке жақындап қалған.
 «1969 жылы училищені жеті қыз бітірдік. Ең алғаш қаз-қатар тізілген көптеген трактордың арасынан Бела­русьтың МТЗ-5 маркалы тракторының рөліне отырдым. Тракторды оталдырып, ағалардың батасын алдық. Сол күннен бастап еңбек қосына қосылып, дала төсін дүбірге бөледік», – дейді тракторшы әже.
Қармақшылық кейуананың айтуынша, училищені жеті қыз тәмамдағанымен өзі ғана бар ғұмырын трактор тізгіндеуге арнаған. Қалған алты ару бұл мамандықтың ауыртпашылығына төзбей, өзге салаға ауысып кетіпті. Еңбекке ерте араласып, 18 жасынан трактор тізгініне отыруды сүйікті ісіне айналдырған ол талай ауыр жұмыстарды атқарыпты. Алайда қандай ауыр еңбекке жегілсе де, өз кәсібіне деген құлшынысы сейілмеген.
«Жұмыс өте ауыр болатын. Таңсәріден алқапқа шығып, ауыл қырманына астық тасимын. Астымда МТЗ-80 тракторы болды. Таңғы 7-8 шамасында жұмысқа шығып, қас қарайғанша 8-9 мәрте ауыл қырманына қатынаймыз. Нәтижесінде, күніне 70-80 тоннаға дейін астық тасыған күндерім болды. Еңбектің жеңілі болмайды. Сонда да трактор тізгіндеуге еш шаршамайтын едім. Керісінше, тракторды айдауға құлшынысым арта түсетін», – дейді ол өткен күндер өрнегін еске алып.
Замандастары да оның трактор айдау шеберлігіне тәнті болып жүреді. Тіпті, көптеген адам жүрексінетіндей трактор рулінде түрегеліп тұрып айдайтын шеберлігіне ауылдастары таңырқап, таңдай қағады. Техниканың тілін жетік меңгерген қарт тракторшы көліктің қосалқы бөлшектері мен әрбірінің атқаратын қызметін тайға таңба басқандай айтып береді. Алғашында аталмыш ауылда МТЗ-80 тракторын тізгіндеп, қырманда еңбек көлігін қыздырса, кейіннен механизатор болып, талай шаруаларға техника тілін үйретіпті. Егіннің ебін тауып, диқаншылықпен де айналысыпты. Оның бас-аяғы 40 жылға жуық шаруашылықта ер азаматқа бергісіз ауыр жұмыстар атқарған еңбегі елеусіз қалмады. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегі ескерусіз қалмай, ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін кеудесіне таққан. Сондай-ақ 1976 жылы өткен КПСС XXV съезінің делегаты, депутат лауазымдарым да абыроймен атқарып, бүгінде көпжылғы бейнетінің зейнетін көріп, балалары мен немерелерінің ортасында аяулы ана, ардақты әже ба­қытына бөленіп отыр. Қаршадай кезінен техниканың тілін үйреніп, бар ғұмырын ауылшаруашылығын өркендетуге арнаған тракторшы әженің бойынан еңбек адамына тән қайсарлық пен ізгілік байқалады. Еңбекке шыңдалған жан әлі күнге шаруаларға ақыл-кеңесін беріп, шаруашылықтан қол үзбей келеді.

Қызылорда облысы