Қызылжарлықтар да думаннан құр қалмады
Қызылжарлықтар да думаннан құр қалмады
371
оқылды
Шығыс халықтарының ұлық мейрамы – Наурыз мерекесімен қайта қауышқанымызға отыз жылдан асыпты. Кезінде Кеңес Одағының солақай саясатының салдарынан бұл мерекеден көз жазып қалғанымыз рас. Кейін тарихи әділдік орнап, ұзақ үзілістен соң 1988 жылы алғаш рет Наурыз тойы Алматыда тойланған. Ал 1991 жылғы 15 наурызда ҚазақКСР Прези­дентінің Жарлығына сәйкес Наурыздың 22-сі – халықтық мереке «Наурыз мейрамы» болып жарияланды. Өкінішке қарай, елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Солтүстік Қазақстан облысында 1988 жылы жұртпен бірге Наурыз мейрамы атап өтілген жоқ. Көнекөз қарттардың айтуынша, олар Алматыдағы мерекелік шараны тек теле­дидардан тамашалап, қуанған. Мәселен, Аққайың ауданына қарасты Аралағаш ауылында тұратын Мәриям Бейсенова осыдан 35 жыл бұрын ел астанасында өткен мерекені теле­дидардан көргенін, бұл шара қатты ұнағанын айтады. Бірақ бала кезінде ата-анасы, ауыл­дастары Ұлыстың ұлы күнінде бір-бірін құттық­тап, қыдырып, қадери-халінше той­лайтыны еміс-еміс есінде. «Бала күнімде анам сандықтан барлық жаңа киімін, маталарын алып, ілгішке қаз-қатар іліп қоятын. Ол кезде ауылдағы үйлердің қабырға­сында сырықтан жасалған ілгіш болатын. Тере­зеден қабырғаға сыналап түскен күнді «үт» дейтін. «Үт көрінді, енді күн жылынады», – дейді. Сосын көрші-қолаң бір-біріне қайырлы болсын айтып, қыдыратын. Бұл – менің есімде қалғаны», – дейді 77 жастағы Мәриям апай. Ақ жаулықты әжей жылда мереке күні наурыз көже әзірлеп, жан-жақтан жиылатын балалары мен немере­лерінің, ағайын-туыстың алдына тосуды дәстүрге айнал­дырған. Ардагер ұстаз алдағы уақытта Наурыз мейрамын Жаңа жыл мерекесі сияқты әр от­басында тойлауды қолға алу қажет деп санайды. ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫНДАЙ... Солтүстік Қазақстан облысында Наурыз мейрамы 1990 жылдан бастап тойланып келеді. Мерекені ұйымдастырушылардың бірі Өмір Есқалидің айтуынша, сол жылы облыс орта­лығында алғаш рет Ұлыстың ұлы күніне орай «Көш-керуен» ұйымдастырылған. «Облыс аумағындағы барлық колледждер мен мектеп­тердің ұжымдары мен оқушылары орталық көшеде сап түзеп, ұшы-қиыры жоқ колоннаның бір шеті келесі көшенің қиылысына дейін келіп тірелді. Көшті таза ұлттық нақышта киінген облыстық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері бастады. Олай болатыны, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының бюросы Наурызды өткізуге шешім қабылдап, облыс басшылығы бірден келіскен болатын. Бәрінің қолында – транспаранттар, ұрандар... Құдай сәтін салып күн де тамаша болды. Содан әндетіп, баяу басып, Ленин көшесін бойлап, Есіл мейрамханасына дейін келдік. Бұл жерде ығы-жығы халық. Қалың нөпір. Бәрі таңсық. Керемет көрініс болды!», – деп еске алады ардагер журналист. Өмір Есқалидің айтуынша, ол кезде киіз үй табудың өзі машақат. Оны құра білетін адам да некен-саяқ. Дегенмен әлеуетті мекемелерге жүктелгендіктен, нәтижесінде 4-5 киіз үй тігіліп, іші-сырты көркем жабдықталған екен. Тіпті, алтыбақан да орнатылып, оған кезек күткендердің қарасы қалың болыпты. Оған дейін көктемнің келгенін жергілікті тұрғындар «Қысты шығарып салу» мерекесі ретінде тойлап келген болатын. Бұл шамамен орыстың «Масленицасына» тұспа-тұс келетін кез. Ардагер-журналист Зарап Құсайынов сексенінші жылдардың орта кезінде өзі туып-өскен ауылында «Қазақтың қысын шығарып салу» мейрамы тойланғанын еске алды. «Сексенінші жылдардың орта тұсында қаладан ауылға келсем, үйдің есігінде құлып тұр. Көрші бала бәрі мектеп жанындағы тойға кеткенін айтты. Ауылдың ортасында орналасқан орта мектептің маңы ығы-жығы адам. «Қазақтың қысын шығарып салу» деген жазу анадайдан менмұндалайды. Алтыбақан тігіліп, жиналған халық көтеріңкі көңіл күймен бір-бірін құттықтап жатыр, шатыр астына кең дастарқан жайылыпты. «Бұлақ» кеңшарының сол кездегі директоры Еркеш Баймусин деген ұлтжанды азамат болатын. «Біз орыс қысын шығарып салу мерекесінің орнына өз мейра­мымызды атап өтіп жатырмыз. Бұл Наурыз айындағы ата-бабаларымыздың мерекесі», – деген еді Еркеш Бәриұлы. Ол кезде халқымыздың сан ғасырлық тарихы бар дәстүр әлі ортамызға оралмаған болатын деген естелік айтады Зарап Ғазезұлы. Ақын, композитор, Петропавл қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Дәстен Баймұқанов Наурыз мейрамы 1987 жылы маусым айында Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында тойланғанын, ұйымдас­тырушылардың бірі өзі болғанын айтады. Наурыз думан Айта кету керек, қысы ұзақ, жазы қысқа солтүстік өңірде Наурыз мейрамын жер аяғы кеңіген кезде атап өту дәстүрі әлі де жалғасып келеді. 22 наурызда Қызылжар өңірінде қардың көбесі сөгіле қоймайды. Сондықтан ақ қар, көк мұздың үстіне киіз үй тігіліп, ұлттық киім киген қыз-жігіттер бүрсең қақпауы үшін осындай ұсынысты кезінде марқұм журналист Мәлік Мұқанов айтқан болатын. Бұл ұсыныс қолдау тауып, отыз күнге созылатын мейрам «Сәуір болмай, тәуір болмас» дейтін солтүстікте кешеуілдеп тойланып жүрді. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментін генерал-майор Мейірхан Жаманбаев басқарған 2001-2002 жылдары және одан кейін де тәртіп сақшылары «Динамо» стадионында киіз үй тігіп, алтыбақан орнатып, наурыз көже, палау пісіріп, оған облыс тұрғындарын шақырып, кең ауқымда атап өтетін. Сондай-ақ Петропавлдағы Сафуан Шаймерденов атындағы қазақ классикалық гимназиясы да ұлық мейрамды қар еріп, көк шыға бастаған кезде сән-салтанатымен тойлап жүр. КӨНЕНІҢ КӨЗІНДЕЙ... Ардагер журналист Зарап Құсайынов қойын дәптеріне әр жылдағы Наурыз мейрамының ерекшеліктерін жинақтаған екен. Журналистің жазбаларына сүйенсек, 2013 жылы Мағжан Жұмабаев көшесіндегі сахнадан Қыдыр ата батасын беріп, тігілген он үш киіз үй арасында байқау жарияланып, ұзындығы бес метр, салмағы 150 килограмм торт тегін үлестірілген. 2016 жылы астаналық дизайнерлер қалалық Мәдениет және демалыс саябағының маңында «Тілек ағашын» орнатып, ұзындығы 25 метр дастарқан жайылыпты. 2017 жылы Қызылжарда академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің 115 жылдығына орай респуб­ликалық Наурыз айтысы ұйым­дастырылып, тоғыз облыстан ақындар қатысқан. Наурызкөже байқауында «Есіл» мейрамханасы бас жүлдені ұтып алған. «2019 жылы Наурыз мерекесі Тұңғыш Президент саябағынан бастау алды, облыстық әкімдіктің ұйғарымымен қаланың барлық ша­ғынаудандарында, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында атап өтілді. Бұл жылы 3 тонна палау, 700 килограмм бауырсақ пісіріліп, 300 литр қымыз дайындалып, үлестіріліпті. «Шеберлер ауылы» фестивалі ұйымдастырылып, оған Түмен, Омбы, Қорған облыстарының қол­өнершілері қатысты», – дейді Зарап Құсайынов. Наурызды әр аулада атап өту дәстүрі әлі де сақталып келеді. Қоян жылындағы Наурыздың ерекшелігі – қонақтарға бұған дейін беймәлім болып келген ұлттық тағамдар ұсынылмақ. Петропавлда халқымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық тағамын насихаттап жүрген, орысы басым қаланың бағына біткен жеке кәсіпкер Айтықан Қалғаева үнемі ізденіс үстінде. Ұлы даланың ұлық мерекесіне дайындықты бұдан бір-екі ай бұрын бастап кеткен Айтықан Асанқұлқызы биыл қызылжарлықтарды ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдармен таңқалдырмақ. Жаппасай, белкөтерер, бал қуырдақ, сырбаз қуырдақ деген дәм туралы ол көнекөз қариялардан естіп білген. Әрқайсысының тіл үйірер дәмі, ағзаға пайдасы, нәрі және әрине әзірлеудің өзіндік құпиясы бар. Биыл осы тағамдарды алғаш рет үлкен көлемде әзірлеп, бас алаңда баршаға дәм татырмақ. Бұған дейін мұндай сирек тағамдарды Айтықан Қалғаева өз отбасы үшін ғана әзірлеп келген екен. «Туған-туысқандармен ғана ақ дастарқан басында жейтін тағамды көпшілікке ұсыну – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Әр халықтың өз ұлттық тағамы бар. Мәселен, жапондар суши арқылы, итальяндар пицца арқылы әлемге танылды. Ал біз үшін бауырсақ, қымыз бен шұжықтан асқан ас жоқ. Бұл тағамдарда халықтың ұлттық дүниетанымы, тарихы, салт-дәстүрі, әрбірден соң, пәлсапасы жатыр. Сондықтан мен ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарды зерттей келе, оларды қайта жандандыруды қолға алдым. Ертең көшедегі мерекеге ағылған қалың нөпір жаңа астан дәм татып, таңсық тағамды насихаттаса, нұр үстіне нұр емес пе?!» – дейді «Алтын орда» мейрам­ханасының иесі. Бұған қоса мейрамхана, әрине, жеті түрлі тағамнан жасалған наурызкөже, палау, бүйрек пен бауырсақ, құймақ және басқа да ұлттық тағамдар әзірлемек. НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ КӨРІСУ КҮНІНЕН БАСТАЛАДЫ 2019 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан өңірінде Көрісу күні де бар. Биыл да Солтүстік Қазақстан облысында Амал мерекесінен бастап Наурызға дейінгі әр күн аталып өтуде. 14 наурыз күні облыстық ардагерлер кеңесі, ақсақалдар алқасы және этномәдени бірлестіктердің өкілдері Көрісу күнін атап өтсе, 15 наурыз «Шежіре күні» ретінде жалғасын тапты. Бұл күні ұрпақтар сабақтастығы, аға буын өкілдеріне құрмет, ата-баба мұрасын, жеті атаны білуді насихаттауға көңіл бөлінді. 16 наурыз – Жайлау күнінде экологиялық тәрбие және табиғатты қорғауға көңіл бөлінді. 17 наурыз – Зияткерлік күнінде зияткерлік ұлт қалыптастыруға бағыт­талған іс-шаралар ұйымдастырылды. 18 наурыз – Шымырлық күні қазақтың ұлттық ойындары мен ұлттық спорт түрлеріне арналды. 19 нау­­рыз – Дархандық күнінде волонтерлер мұқ­таж жан­дарға көңіл бөліп, алғысқа бөленді. 20 наурыз – Жоралғы күні ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық кодты сақтауға арналған шаралар өткізілді. 21 наурыз – Ұлттық тағамдар күнінде этномәдени бір­лестіктер өкілдері «Том­пақ бауырсақ» байқауына қатысып, бақ талас­тырды. Ал 22 наурыз – Бұқара күнінде облыс орталығында және елді мекен­дерінде жаппай халықтық мереке ұйымдас­тырылмақ. Оның ая­сында «Қазақтың салт-дәстүрлері» фестивалі, «Бауырсақ Fest–2023», «Халықтық караоке», «Мінсіз ене» байқаулары мен «Наурыз думан» бағдарламасы ұйымдас­тырылады деп күтіліп отыр.

Солтүстік Қазақстан облысы