Наурыз нақышындағы тұңғыш нөмір
Наурыз нақышындағы тұңғыш нөмір
952
оқылды
1971 жылдың 25 нау­ры­зында баспадан буы бұр­қы­рап шыққан «Ле­нин­шіл жас» газетінің №58 (7743) санын­да мазмұ­нымен, безендірі­луі­мен оқыр­ман­ды селт еткізді. Оқырман ғана емес, ондағы әр материалды үтір-нүктесіне дейін оқып шыққан партия­ның Орталық комитеті мен кіші «ЦК»-ның өзі демін ішке тартып тұрған­дай. Газеттің жаңа нөмірін оқырман киоскіге түсер-түспестен талап әкетті. Бүгінде әр мерекеде «Ұлыс оң болсын!» деп Наурыз нақышымен өрнектеле шығатын көп газеттің ізашары болған «Лениншіл жас» газетінің «Көктем нөмірінің» жарыққа шыққаннан кейінгі тағдыры осылай өрбіген еді. Ал даңқты «Көктем нөмірінің» көпшілікке мәлім де беймәлім тұсы хақында «Лениншіл жас» газетінің сол кездегі жауапты хатшысы­ның орынбасары Жанат Елшібекпен сұхбаттасқан едік. – Жанат аға, 1971 жылдың 25 наурызында «Лениншіл жас» газе­тінің «Көктем нөмірі» жарыққа шықты. Қызығы, Наурыз тойлауға рұқсат берілерден 17 жыл бұрын басылып шыққан бұл газетті Ұлыстың ұлы күніне арналған тұң­ғыш ме­рекелік нөмір деп қабылдауға бо­лады. Ұлық мерекенің хабаршы­сындай болған нөмірді шығару идеясы қайдан келді? – Мен «Лениншіл жас» газетіне университеттің соңғы курсында оқып жүргенде Шерхан Мұртаза редактор болып тұрған тұста қа­былдандым. «Лениншіл жасқа» жас тілші ретінде оқушы кезімнен жазып жүрдім. Сол кезде «Қазақ­стан пионері» газетінің редакторы қызметін атқаратын Сейдахмет Бердіқұлов Шерағаның кабинетіне жиі келеді. Екеуі ұзақ отырып әңгімелеседі. Одан кейін редак­торда жиналыс бола қалса Шерхан аға: «Сейдахмет келіп кетті. Бүгін макет көңілінен шықпапты. Ма­териалдардың мазмұны жайында жақсы пікір айтпады» деп оты­ратын. Ара-тұра мақтау сөз де ес­тіп қаламыз. Ондайда біз «Ле­ниншіл жасты» сынап-мінегенше өз газе­тіне қарап алмай ма?» деп ойлаймыз. 1970 жылдың аяғында редак­торымыз Шерхан Мұртаза «Жа­лын» журналына қызмет ауыс­тырып, оның орнына бізге «Қазақ­стан пионері» газетінен Сейдахмет Бердіқұлов редактор болып келді. Сейдағаң келе сала газеттің маз­мұнынан, макетіне жоғары талап қойды. Бірде әңгіме арасында жылт еткізіп, бір идеяның ұшын шығарды. «Жолдастар, біз осы Наурыз мерекесін айқайлатып, бояулатып шығара алмай жүрміз. Бұл мереке халықтың жадынан кетіп бара жатыр. Алдағы уақытта осыны газеттің бетіне шығаруымыз керек» деп қалды. Іле-шала арнайы шығармашылық комиссия құры­лып, «Көктем нөмірінің» шикі жоспары жасалды. Бұл нөмірге барынша мазмұнды материалдар берумен бірге оны полиграфиялық безендіруге көңіл бөлінді. Сей­дахмет Бердіқұлов редакциядағы суретшіге газетті безендіруді нық­тап тапсырды. Ондайда макет жасаушыларға қаратып: «Өздерің қалай киініп жүрсіңдер. Газет те солай жұтынып тұруы керек», – деп айтатын. Лениншіл жас Жоспар құрылған сәтте оқыр­манға ой тастап қойдық. Оқыр­маннан түрлі мазмұндағы хаттар келіп жатты. Оның іске татитынын іріктеп алдық. Редакторымыз Сей­дахмет Бердіқұловтың ұйытқы болуымен әр сәрсенбі күні «Сәтті ойлар сағаты» атты жиын өтіп тұрды. Осы жиында шығарма­шылық ұжым мүшелері газеттің мазмұнын арттыруға қатысты ойларын ортаға салатын. Тіпті, материалдың тақырыптарын ұтымды, ойнақы қойған автор­лар­ға арнайы қаламақы қойыла­тын болды. – Сонымен, шығармашылық комиссия бекіткен «Көктем нөмі­рінің» алғашқы нобайы да пайда болды. Нөмірдің материалдары қалай жазылды? Газетке мерекелік нақыш беру де оңай соқпаған шығар... – Осы нөмірдегі газет атауы көрсетілген фирманы Әскер Иса­қов қолмен жазып шықты. Нө­мірдегі 4 бетке түгел «Армысың, арманымдай ару көктем» деген маңдайша берілді. Ерекше нөмірге редакцияның барлық бөлімінен сұрыпталған ең жақсы материалдар жиналды. Оның өзі редакторға дейін бірнеше қолдан өтті. Бірінші бетке Мұқағали Мақатаевтың өле­ңі, шығармашылық ұжым атынан берілген «Бәйшешек» атты пуб­лицистикалық толғам жарияланды. Әдетте фоторепортаж басылатын орынға жас суретші Хасен Абаев­тың да «Көктем» атты көктемді бейнелеген суреті берілді. КазТАГ-тың ресми ақпараттарының өзіне «Тартулар тасқыны» деген та­қырып қойған соң бет ойнап шыға келді. Негізінен, редактордың ұсы­нысымен нөмірге жас ақын-жа­зушылардың материалдары жа­рияланды. Артығали Ыбыраев, Серік Әбдірайымов, Сұлтанәлі Балғабаев, Кәдірбек Сегізбаев сияқ­ты ақын-жазушылардың жыр-шашуы, журналистиканың түрлі жанрында жазылған мате­риалдары оқырманның көңілі­нен шықты. Нөмірдегі «Көктем ең­бек», «Көк­тем-ән», «Көктем-жыр», «Көктем-сыр», «Көктем-жас­тық» деген айдарлар айрық­ша көзге түсті. Обалы не керек, газеттегі ма­териалдардың мазмұнына сай безендірілуіне бет жасаушылар көп еңбек сіңірді. Ол кезде қазіргідей графиканың түрлі элементін бір пернемен бір секундта орындай салатын компьютер жоқ. Сон­дық­тан «Көктем нөмірінің» 4 бетінің макеті редакцияның іргесіндегі баспаханда қолмен жасалды. Га­зеттегі түрлі сызықты газет беттеу­шілер қолмен сызып шығады. Олар, тіпті қолдарын бізбен жа­рақаттап алып жатса да мойымады. Қорғасынды қолмен иіп шықты. Күнделікті нөмірде материал ауысып, жоспарланған макеттің быт-шыты шыққанда әлдекімді бейәдеп сөзбен сыбап алатын бет жасаушылар да дәл осы нөмірді дайындауға жанын салып кірісті. Баспаханадағы газет беттеу­ші­лердің барлығы дерлік өзге ұлт өкілдері болатын. Соған қара­мастан олар «Көктем нөміріне» ұлттық нақыш сыйлау үшін аянып қалмады. Олардың қатарында Ася Бережко, Надя Вафина, Маша Щувалова сияқты алтын қолды шеберлердің еңбегін айрықша атап өткен жөн. Редактор ретінде Сейдахмет Бердіқұлов газеттің макетіне қатты назар аударды. «Секретариат – газеттің бас штабы» деген де тәлсім болған. Сондықтан Сейдағаңның бастамасымен университетті жаңа бітіріп келген жас мамандардың еңбек жолы секретариаттан бас­талатын. Сол мектептен Серік Әбдірайымов, Эрнест Төреханов, Әскер Исақов, Жақау Дәуренбеков, Жарылғап Бейсенбаев сияқты журналистер өтті. – Сонымен, көптен күткен «Көктем нөмірі» жарқ ете қалды. Оқырман көп құпиясын ішіне бүккен нөмірді қалай қабылдады? – Иә, Сейдағаң редакторлыққа келген 3-4 айдың ішінде идеясын өзі айтып жүрген айтулы нөмір бас­падан шықты. Ә дегеннен оқыр­ман редакцияға газетті сұрап келіп жатты. Олардың барлығы киоскідегі газеттердің түгел саты­лып кеткенін айтып жатты. Ал қолы жетіп киоскіден газетті алып үлгергендер бұл нөмірден еркін­дікті байқады. Шынын айтқанда, осыдан 52 жыл бұрын баспадан шыққан бұл нөмір сол заманның сенсациясы болды. Оқырман не­гізгі тақырып көктем, таби­ғат­тың оянуының арғы жағында көптен арман болған Наурыз жатқанын байқады. Тіпті, апта бойы оқыр­маннан хат ағылып келіп жатты. басылым Бірінші бетке «Ей, менің қиын өткелім!» деп аталатын өлеңі жа­рия­ланған Мұқағали Мақатаев­тың өзі редакцияға соғып, газеттің бір да­насын алып кетті. Сол жолы ақын ағамыз Ұлыс күнінің ха­бар­шы­сын­дай болған нөмірдің шық­қанына қуанып, ризашылығын білдірді. Әрине, қазіргі маңдайшасынан «Ұлыс оң болсын!» деп беріп, ою-өрнекпен безендіретін газеттермен салыстырып қарасаңыз, біздің әзірлеген газетіміздің безендірілуі кемшін түсуі мүмкін. Ол кезде мұны бәрі үлкен оқиға ретінде қабылдап, оны «Көктем нөмірі» деп кетті. Бұл редактордың мұқият ойластырған тәсілі болды. Тота­ли­тарлық жүйе күшінде тұрған шақта «Ұлыс оң болсын!» дегенді айта алмады. Кейін бұл идеяны қазіргі Egemen Qazaqstan газетінің тізгінін ұстаған уақытта Шерхан Мұртаза жандандырды. Ол кісі редактор­лыққа келген соң шығарылған Наурызға арналған нөмірлерді «Ұлыс оң болсын!» деген маңдай­шамен тұрақты шыға бастады. – Әлгінде «Ұлыстың оң болсын!» дегенді ашық айта алмадық деп қалдыңыз ғой. Дегенмен сол заманда мұндай нөмір шығарудың өзіне де батылдық қажет секілді көрінеді. Астарлы нөмір партияның Орталық комитеті мен кіші «ЦК»-нің цензу­расынан қалай өтті? Олар «Бұла­рыңыз қалай?» демеді ме? – Әрине, партияның Орталық комитеті де, кіші «ЦК» да 21-22 нау­рызда күн мен түн теңеліп, қазақтар бұл күнді ертеректе Ұлыстың ұлы күні ретінде атап өтетінін біліп отыр. Сондық­тан сақтық жасап «Көктем нөмірін» 25 наурызда бір-ақ шығардық. Одан соң газеттің бірін­ші бетінің төменгі жағына «Бұл нөмір он алтыдан жиырма бес жасқа дейінгі қыз-жігіттерге арна­лады» деп жазылды. Қазір ой­лап қарасаң, жалпы бұқараға арналған газетті оқырманның жас ерекшелігіне байланысты шектеп қою біртүрлі көрі­неді. Ал бұл белгі арқылы редактор өскелең ұрпаққа Ұлыс күнінің астарына үңілуге шақырды. Бұл белгі «Бұларың қалай?» дегендерге «Біздің бұл нөміріміз оқырманның шектеулі контингентіне арналған» деп жылы жауып қоюдың бір амалы ретінде қарастырылды. Әрі-беріден соң бас жарып, көз шығаратын еш нәрсе болмаған соң әрі көктемнің келіп, тіршілік атау­лы жан біткенін ойдағыдай жеткізе білген соң Орталық комитет рұқсат берді. Тек «Сақ болыңдар» деген ескерту айтылды. Сонда да болса айтарымызды сыналап айтып қалдық. Газеттің төртінші бетіндегі «Наурыз» та­қырыбымен берілген сөз-толғауда көктем мейрамының ұлттық салт-дәстүрден тұратын халықтық ме­реке екені ашық жазылды. Авто­ры О.Дәулетов деп көрсетілген (Оралхан Бөкейдің псевдонимі) берілген бұл материалда «Бұл – ұлы күн. Бұл – біздің жаңа жыл!» деп жазылды. Әйтпесе, ол кездегі цензура сұмдық сақ еді. Партияның Орта­лық комитетінің ресми органы болған «Социалистік Қазақстан» газетінің материалдары «КППС Орталық комитеті съезінің шешім­дері», «КППС Орталық комитеті­нің пленумын жүзеге асырайық» деп басталатын. Онсыз материал басылмайды. Бізде Маршал Әбді­халықов деген журналист болды. Кезекшілікке түскенімде Орталық комитеттен келген бір қазақ, бір орыс келіп газетті тексере бастады. Газеттегі Маршал Әбдіхалықов деген авторды көріп, «алып тастаңдар, қазақта мұндай маршал болмаған» деп шүйлігеді. Біз шыр-пыр болып оларға Маршал деген автордың әскери шені емес, өзінің азан шақырып қойылған аты еке­нін дәлелдеп бердік. Міне, осындай шақта мейлінше қасаң сөздерден қашып, еркіндеу, көркемдеу газет шығару оңай бол­мады. «Көктем нөмірінен» кейін іле-шала «Лениншіл жас» газетінің «Ақ шам» деп аталатын сенбілік бетін әзірледік. Байқасаңыз, бірге жазылып мезгілді білдіретін осы сөзді бөлек жазып, цензурадан сытылып кетудің жолын қарас­тырдық. Кейіннен бұл сөзді бі­ріктіріп, сенбілік бет «Ақшам» деп шыға бастады. – Бір ай бойы мұқият дайын­даған нөмірлеріңіз, идея авторы редактор Сейдахмет Бердіқұловтың көңілінен шықты ма? – Әрине, редакторымыз да көптен көңілінде жүрген нөмірін шығарғанына қуанып, арқа-жарқа болды. Газет қолына тиген соң Сейдаға орнында отыра алмады. Арқасынан жүк түскендей күй кешіп, редакция қызметкерлері жайғасқан 15 кабинетке жеке-жеке кіріп шығып, «Көктем нөмірінің» көңілінен шыққанын айтумен болды. Ұжымды тұтас кабинетіне жинап құттықтады. газет Кәсіби журналистер де бәрін біліп қойды. Бір қабатта көрші қоныстанған «Ленинская смена» газетінің редакторы таң атар атпастан Сейдағаның кабинетіне кіріп, «Көктем нөмірінің» сәтті шығуымен құттықтап кетті. Сөз жоқ, бұл нөмір сол кезде газеттің тізгінін ұстап отырған редактор Сейдахмет Бердіқұловтың батылдығының арқасында сәтті шықты деуге болады. – Ал нөмірді дайындап жатқан шығармашылық комиссияның мүшелерінде қорқыныш болған жоқ па? Қанша дегенмен ескіні жа­ңартуға деген тоталитарлық жүйе­нің, кеңестік цензураның көзқарасы белгілі ғой. – Қай тұрғыдан алып қара­саңыз да, біз қылмыс жасап жат­қан жоқпыз. Өзімізге жүктелген міндетті орындадық. Нөмірдегі басты назарды көктемге бұрып, айтарымызды айтып алдық. Жауапты хатшының орынба­сары ретінде нөмірді баспаға әзір­леу ісінің басы-қасында жүрдім. Жастықты жалынымен жанып жүріп, ешқандай қорқынышқа бой алдырмадық. Күн сайын нөмірге байланысты сөйлесеміз, ақыл­да­самыз. Бас редактордың орынба­сары Болат Бодаубаевқа беттердің алғашқы нобайын апарғанымызда балаша қуанды. Былай қарасаң, нөмірде партияға қарсы бірауыз сөз жоқ. Барлық ой астармен берілген. – Білуімізше, 1971 жылдан кейін «Лениншіл жастың» «Көктем нөмірі» тұрақты шығып тұрған екен. Ол кезде Ұлыстың ұлы күнін кіші «ЦК»-ның ресми органы саналатын газетте жарқырата беруге қарсылық болмады ма? – 1971 жылдан кейін біз де ер­кінсіп алған болуымыз керек, «Көк­­тем нөмірін» жыл сайын 21-22 наурызда шығаруды дәстүрге айналдырдық. Әрине, алғашында нөмірдің дәл осы күндерде шығуы­на қарсылық болды. Бірақ оны ре­дакторымыз өз деңгейінде ше­шіп, шығармашылық ұжымның алаң­сыз жұмыс істеуіне кедергі кел­тірмеді. Тырнақ астынан кір із­дегісі келе­тіндердің барлығына Наурыздың ешқандай да діни мей­рам емес екенін түсіндіріп берді. «Дәл осы күні күн мен түн теңеліп, табиғат оянады. Біз осы құбылысқа арнап «Көктем нөмірін» шыға­ра­мыз» деп амал-айлаға баруға тура кел­ді. Редакторымыз қолдап тұрған соң біз де «Көктем нөмірін» тіптен түрлен­діріп, құбылтып беруге күш салдық. – Әңгімеңізге рақмет!