Қызылордалық белсенділер тазалық акциясына үн қосты
Қызылордалық белсенділер тазалық акциясына үн қосты
395
оқылды
Үгіт-насихат материалдарын жинау жөніндегі республикалық акцияға «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының белсенділері де қолдау танытты. Бүгін таңертең Сыр өңірінде «Жастар рухы» аймақтық филиалының белсенділері қаланың барлық көшелеріндегі стендтер мен әлеуметтік нысандардың айналасында жабыстырылған сайлауалды үгіт-насихат материалдарын жинауға кірісті. Осы арқылы белсенді жастар әрбір азаматты өз қаласының тазалығын сақтауға үлесін қосуға шақырды. Жалпы саяси науқан кезінде Қызылорда облысына қарасты барлық елді мекендерде 150 мыңға жуық парақша жапсырылған болатын. Соған орай көшелерді жапсырма қағаздардан тазалауға  370-тен астам белсенді мен  «AMANAT» партиясынан бір мандатты округтер бойынша депутаттыққа бұрынғы кандидаттар қатысуда. – Белсенділер қаланың әр бөліктеріне бөлініп өздері жапсырған плакаттарды тазалайтын болады. Қаламыздың тазалығы біздің қолымызда. Бұл  біреудің еңбегін құрметтеу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру деп білеміз. Біз көшені үгіт материалдарынан тазалап қоймай, оларды жоюға жібереміз. Басқа да саяси партияларды біздің акцияны қолдауға шақырамыз, – дейді «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Медет Жорабек. Айта кету керек, акция барысында белсенділер тек «AMANAT» партиясының үгіт-насихат материалдарын жинайды.