Жеңіл өнеркәсіпті ауырсынып жүр
Жеңіл өнеркәсіпті ауырсынып жүр
529
оқылды
Отандық өнімді шығаруды жолға қойған кәсіп­орындарда жұмыс күші жеткіліксіз. Мәселен, тігін фабрикаларында көбіне зейнет жасындағы ма­ман­дар жұ­мыс істейді. Жастарды тарту үшін бар­лық жағдай жасалғанымен, арнайы оқу бітірген боз­бала мен бойжеткен өндірістегі ауыр жұ­мыстан қашқақтайды. Қарағанды облысында өнеркәсіп алыптары «Арсе­лорМиттал Теміртау», «Қазақмыс» сынды компаниялар жер­гілікті фабрикалардан арнайы киімдер мен жұмыс аяқ­киімдерін сатып алады. 2022 жылы өңірдің жеңіл өнер­кәсіп кәсіпорындары ірі компанияларға 5,2 млрд теңге көлемінде тауар өткізген. Бүгінде өңірде 50-ден астам жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Алайда олардың басшылары кадр­лардың жетіспеушілігін алға қойды.
– Жалпы, кадрлық әлеуеттің болмауы байқалады. Егер бұрын бізде жыл сайын оқыған тігіншілердің саны көп болса, қазір олардың саны он есеге азайды. Тігіншілерден басқа, біздің салаға басқа да мамандар қажет. Іс жү­зін­де егде жастағы қызметкерлерді ауыс­тыратын жас мамандар дайын­­далмайды, – дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жеңіл өнеркәсіп ко­митетінің төрағасы Андрей Шмарин.
Иә, аймақта кадр жетіспеушілігі алаңдатады. Бір ғана 2021 жылы ашыл­ған Ютария ltd тігін фабрикасына 50-дей тігінші қажет.
– Негізінде, бұл кәсіпорын 2021 жылы мамыр айында ресми түрде ашылды. Кадр жетіспеуіне байланысты өндірістік ғимараттың бірінші қабатын ғана пайдаланып отыр­мыз. Алға қойған мақсаттарға жетуіміз үшін өз маман­дарымызды дайындауымыз керек. Осы мақсатта Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы, тігінші, тігінші­-технологтарды оқытып, дайындайтын колледждер және жұмыспен қамту ор­талығы, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­масының өкілдерімен жұмыс атқарып жатырмыз. Технология және сервис колледжі­мен меморандумға отырдық. Сту­денттері келіп өндірістік тәжірибеден өтуде. Сән колледжінің де оқушылары келіп тігіншілікке үйреніп жатыр. Сонда да кадр жетіспеушілігі бар. Мысалы, бір ғана колледжді жылда 30-40 студент бітірсе, оның 2-і немесе 3-і ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрады, – дейді Ютария Ltd өндірістік инновациялық компа­ниясы­ның Қара­ған­ды қаласындағы бөлімшесі оқу ор­та­лығының директоры Шолпан Әбіл­дина.
Оның айтуынша, фабрика толық өндірістік қуатымен жылына 350 мыңнан астам тігін бұйымын шығара алады. Жаңа кәсіпорын медициналық қыз­меткерлерге арналған бет­перделер, халаттар мен жиынтық киімдерді тігуге ма­ман­дандырылған. Бұдан басқа, мұн­да көмір өнеркәсібінің кәсіпорын­дарына, «Қазақстан темір жолына», «Қазақ­мысқа» арнайы киім тігеді. [caption id="attachment_242684" align="aligncenter" width="1395"]өнеркәсіп © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат[/caption] Әрине, тігіншіден басқа да маман­дарға зәру компания­лар көп. Көбінде аға буын өкілдері жұмыс істейді.
«Жастар өндірісте жұмыс істеуге құлық­сыз. Ауыр деп қашады. Тез ақша табуды ойлайды. Тігінші мамандығы өлмейтін мамандық. Өйткені үлкен ком­панияларда сұраныс бар», – дейді Шолпан Әбілдина. Саран қаласының кәсіпкері Влади­мир Алескеров қайта оқыту бағдарлама­ларына, колледждер мен оқу орталық­тарының жұмысына қарамастан, көп­теген түлек мамандық алғаннан кейін жұмысқа орналасқысы кел­мейді деп санайды. «Кадрлар мәселесі біз үшін өте қиын. Президент техникалық жұмысшы мамандықтарының жетіс­пейтіні туралы мәселені бірнеше рет көтерді. Жыл сайынғы мемлекеттік тапсырыс шамамен 8 мың орынды құ­рай­ды. Колледждер кадрларды даярлау үшін жоғары деңгейде жағдай жасады. Шарттар көптеген зауыт ұсын­ғаннан да жоғары. Мысалы, Қарағанды техно­логия және сервис колледжі 95 түлекті оқытып, оның ішінде 38 адам ғана мамандығы бойынша жұмысқа кетті. Тренд мынада: оқу орталықтары мен колледждер болашақта мамандығы бойын­ша жұмыс істемейтін көптеген маман шығарады. Бұл біз үшін жұмыс қолына мұқтаж кәсіпкерлер үшін үл­кен проблема», – дейді Владимир Алес­керов. Бұл мәселені шешу үшін кәсіпкер түлектерге үш жыл­дық жұмыс нор­ма­сын заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынады. «Бұл бағдарламаның тиім­ді­лігін арттырады және техникалық сала­дағы кадр тапшылығын жабады», – дейді ол.
Абай тігін фабрикасында да кадр тапшылығы бар. Бүгінде фабрикаға тағы 50-ге жуық тігінші жұмысқа орна­ласа алады. Зауыт иесі Нұрхан Жұма­бек­овтің айтуынша, оларда өндірісті одан әрі дамыту жобасы бар.
«Біздің Абай тігін фабрикасында 500 адамға арналған инфрақұрылым дайын. Мен дәл қазір 50 адамды жұмысқа орналастыруға дайынмын. Оның үстіне, менде мемлекет­тік тапсырыс жоқ. Ал егер болашақта мемлекеттің көмегі мемлекеттік тапсырыстарда болса, онда барлығы 500 адам жұмыс істейтін болады», – дейді кәсіпкер Нұрхан Жұма­беков.
Ал «екі қолға – бір күрек» іздегендер үшін Enbek.kz пор­та­лында Қарағанды облысы бойынша 4 412 бос орынға 11 250 жұмыс күші керек. Жұмыссыз­дықпен күрес жүріп жатқанымен, отан­дық өнім шығаратын компания­ларда жастардың азайғаны шынымен ойлан­дыратын мәселе.

Қарағанды облысы