Сен әлі серіксіз бе едің?!
Сен әлі серіксіз бе едің?!
763
оқылды
«Дара күндерімнің, нала түндерімнің, серігі болғаның үшін, сенімі болғаның үшін, мен сені аялаймын» деп кезінде Фариза ақын жырлағандай, адам баласы қашанда өзіне серік іздейді. Сондай-ақ ол қалаларға да қажет. «Дара күндерімнің, нала түндерімнің, серігі болғаның үшін, сенімі болғаның үшін, мен сені аялаймын» деп кезінде Фариза ақын жырлағандай, адам баласы қашанда өзіне серік іздейді. Сондай-ақ ол қалаларға да қажет. Серігі ірі мегаполиске түскен ауыртпалықты қоса арқалайды, жүгін жеңілдетеді. Лондонның 34 серік қаласы бар, Нью-Йорк агломерациясы 23 округтен құралған. Токайдо мегаполисі Токиодан Осакаға дейін 700 шақырымға құлаш созып жатыр. Қазақтың ең ірі мегаполисінің әзірге серігі жоқ. Оған 4 спутник қала ерту идеясы ХХІ ғасыр басында «тұтанып», қып-қызыл шоқтай қызып, артынша сөнді. Қазір жобаға қайта жан бітті. Не істемек? Құла түздегі қиял қала «G4 City» деген ортақ атаумен Алматының 4 серіктес қаласын тұр­ғызу туралы идея алғаш рет Қа­зақстанның сол кездегі Прези­дентіне 2007 жылы ұсынылды. Бұл жаһандық нарықта мұнай бағасы тарихи рекордқа дейін шарықтаған, елге валюталық табыс тасқындаған кезең еді. Содан билік ірі жобаларға үйір болды. Еліміздің беделді ар­хи­текторларының қарсылық білдіріп, сыни мақалалар жазғанына қа­рамастан, Мемлекет басшысы ме­га-жобаны бекітіп жіберді. Үкімет жүзеге асыруға едел-жедел кірісті, белгіленген аумақта жеке қолға өтіп кеткен жерлерді мемлекетке кері сатып ала бастады. Арада он жыл өткенде, Gate спутник-қаласы бой көтеруі тиіс аумаққа, яғни қу ме­диен далаға су құбырлары, электр сымдары, көлік жолдары, комму­никация желілері тартылды. Оны айтасыз, халқы тығыз қала-кенттер де зарыға күтіп, қолы жете алмай жүрген газ құбыры әлі тұрғызылмаған серік қалаларға жеткізіп қойылды. Ресми мәліметке жүгінсек, G4 City серіктес қала­ла­рын газбен қамтамасыз ету мақса­тында, тиісті жобаның 2-ші кезе­гінің 1-кезеңі бойынша 2015 жылы «Алматы-Байсерке-Талғар» ма­гистралды газ құбырынан ұзындығы 10,2 шақырым бөлігінің құрылысы аяқталды. «Алатау» АҚ жарғылық капиталын ұлғайтуға респуб­ли­калық бюджеттен 2-ші және 3-ші іске қосу кешенінің құ­рылысына 713,8 млн теңге бөлінді. Бертінде жоба тоқырап қалды. Инвесторлар бұл жобаға қызыға қоймаған. Серік қалалардың ин­фра­құрылымы болса, дайын тұр. Содан бұл ірі жоба да астаналық ЛРТ-ның тағдырын қайталады: аста-төк ел қаржысы шығындал­ғаны сонша, Үкімет енді одан то­лық бас тарта алмайды, жанданды­рып, іске қосуға мәжбүр. Сондықтан А.Мамин Үкіметі жобаны дамытуға шетелдік қымбат кеңесшілерді жұмылдырды. 2021 жылғы 30 қыркүйекте, «Астана» қаржы орталығында сингапурлық компания Премьер Асқар Маминге Алматы облысындағы G4 City жаңа қалаларын дамытудың жаңартыл­ған Бас-жоспарын ұсынды. Шет­елдік «ақылшылар» ескі жобаның «конструкциясын» бұзбапты. Атап айтқанда, Алматының серіктері Қапшағай трассасының бойында орналасады және төрт ауданнан тұрады: Gate District – іскерлік және қаржы орталығы, Golden District – білім беру және медици­налық хаб, Growing District – өнер­кәсіптік және логистикалық хаб, Green District – туризм және ойын-сауық. G4 City-ді дамытумен синга­пурлық Surbana Jurong Group мем­лекеттік компаниясы айналыса­ды. Ол G4 City-де жаңа халық­аралық әуежай салып, Сингапурмен тікелей әуе қатынасын ашуды ұсынды. G4 Cityді Орталық Азия­ның жаңа экономикалық хабы ретінде өркендетуге кеңес берген. Олардың болжамынша, 2050 жылға қарай бұл спутниктерде 2,2 млн адам тұрып, 1 миллионнан астам жұмыс орны ашылады. Тұрғын үй тұр қалқайып... Бірақ 2022 жылдың басында қаңтар оқиғалары Үкіметтің жос­пар, жоба, жұмыстарына көп өз­геріс әкелді. Мамин Үкіметі отстав­каға кетті. Шенеуніктер жаңа қала салудан бұрын қолданыстағы қа­лалардың тұрғындарына қолайлы жағдай жасап, шетқақпай қалып, кедейленген бұқараның тұрмысын көтеруге қаражат бағыттаған жөн екенін түсінді. Жаңадан үш облыс ашылды, Қапшағай қаласының атауы Қонаев болып өзгеріп, облыс орталығы ретінде дамудың жаңа даңғылына шықты. Кейінгі орынға сырғып, қай­тадан «сүрлене» бастаған серік қа­лалар жобасын енді Смайылов Үкіметі өз қолына алды. Шаңын сүртіп, сілкіп-сілкіп, контентін өзек­­тілендіруге кірісті. 2022 жылғы 8 тамызда Үкіметтің баспасөз қыз­меті Премьер Әлихан Смайылов­тың Алматы облысында G4 City жобасын іске асыру туралы тап­сырма бергенін жариялады. Ол осы жобаға арнап, жабық кеңес өткізді. Бір белгілісі, кеңеске қатысушылар серік шаһар аумағында арнайы эко­номикалық аймақты құру, қала құ­рылысы құжаттарын әзірлеу ша­ра­ларын, сондай-ақ оған қар­жы сал­ған шетелдіктерге инвес­тиция­лық резидент мәртебесін беріп, ви­за алудан босату мәселесін қарапты. G4 City қаласын дамыту жө­ніндегі бас жоспар тұжырым­да­ма­сының жобасы былтырғы 6 қыр­күйекте қоғамдық талқылауға шы­ғарылды. Ал Үкімет G4 City жаңартылған жобасын 2022 жылғы 19 қазанда Алматы облысына жұмыс сапары барысында Президент Қ.Тоқаевтың назарына ұсынды. Мемлекет бас­шысының бірқатар сын-ескерт­пелері ескеріліп, түзету енгізілген осы жобаны бүгінде билік іске асырып жатыр. Кеңесшілер серік қалаларды дамыту, халықты соған тарту үшін олардың орнында алдымен баспана жабдықтауды ұсыныпты. Яғни, Gate City қаласында бірінші тұрғын үйлер салынуы қажет. Ал Қазақ­станның бергі тарихында, ХІХ ға­сырдан бері қалалар басқа прин­циппен пайда болғаны мәлім: ал­дымен ірі кенорны ашылып, иге­ріле бастайды. Соған ағылған жұ­мысшыларға үйлер, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары са­лы­нады. Содан соң отбасын қасына ал­ғызып, мамандар сонда орны­ғады. Мында бәрі керісінше. Са­рапшылардың сынауы да содан: жаңа тұрғын үйлерге көшіп келген адамдар серік қалада жұмыс таба алмаса, бәрібір Алматыға ағылады. Ал спутниктердің басты міндеті – құмырсқаның илеуіндей құжынаған халықты өзіне тартып, алып кету, сөйтіп, мегаполистің жүктемесін азайту болса керек. Қалай болғанда, тұрғын үйлер құрылысы қызу жүріп жатыр. Қа­зіргі уақытта Gate ауданында ма­гистралдық инженерлік желілер жүргізілген, «Қоянқұс» тұрғын ауданы бой көтеруде. Үкімет 3,5 жыл ішінде кемінде 300 мың шар­шы метр тұрғын үй салуды жоспар­лап қойды.
2023 жылғы 13 қаңтарда, Алматы облысына жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың өзі G4 City құрылы­сына инспекция жасап, өз көзімен көріп қайтты. «G4 City жаңа Жібек жолының бойында орналасқан экономикалық және туристік ор­талыққа айналады. Облыс әкімдігі жобаның әлеуметтік бағытына, ең алдымен қаладағы тұрмыс сапа­сына барынша көңіл бөлуі қа­жет», – деп қысқаша пікір білдірді Ә.Смайылов.
Премьер-Министр Gate City серік қаладағы «Қоянқұс» тұрғын ауданында жалпы алаңы 290 мың шаршы метрден асатын 70 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс ала­ңын аралады. Тұрғын үй кешендері 2024 жылдың соңына қарай іске қосылады деп жоспарланған. Бү­гінде он қабатты бірқатар тұрғын үйлер есік-терезелеріне дейін салынып, дайын тұр. Қазақстанның Құрметті сәу­летшісі, ғалым, Халықаралық архи­тектура академиясының профес­соры Аманжол Чиканаевтың пі­кірінше, жоба жете ойласты­рыл­маса, онда «маятник миграциясын» тудыруы мүмкін. Қазірдің өзінде Алматыға облыстан таңертең он­даған мың адам кіреді, ал кешке, жұмыс аяқталған соң олардың бәрі үйлеріне, кері жөңкіледі. Яғни, кө­ші-қон маятник сияқты тербеледі. Бұған енді серік қала қосылса, қиын болмақ. Егер «Джи Фо Сити» тұрғындарын сол жерде жұмыспен қамтитын өндіріс орындары құ­рыл­маса, онда серік қала «халық ұйықтауға ғана баратын ауданға» (спальный район) айналып шыға келмек. Онда Алматының жолда­рына өзге қалалардан келген кө­ліктердің жүктемесі артады, кеп­телістер проблемасы өрши түседі, ауаның улы газдармен қанығуы шекті шамалардан еселеп асып түседі. Бұл жағдайда Алматының ушыққан түйткілдерінің түйінін тарқатуға қосымша миллиардтар­ды шығындауға тура келмек. Сондықтан А.Чиканаев бас­таған сарапшылар Үкіметке «кон­трмагнит қала» салуды ұсынған. Мұның «спутник қаладан» айыр­машылығы не?
«Серік қалада ірі кәсіпорын, жұмыс орындары қарасты­рыл­май­ды. Оған жұртшылық өз бас­пана­сында түнеп шығуға барады. Ал таң атысымен жұмысына, ор­талық қа­лаға ағылады. Нәти­же­сінде, Алма­тыға апаратын трасса көлік кепте­лісінен арылмайды. Мен еңбек мо­бильдігіне қарсы емеспін, қол­дай­мын. Бірақ ол үшін басқаша жағ­дай жасау қажет болады. Мы­салы, Токио мен Осака арасын 400 шақырымды бір са­ғатта еңсе­ретін ұшқыр пойыз­дар жал­ғай­ды. Яғни, көлік инфрақұ­ры­лымы дамы­ған болуы шарт. Бізде әзірге ол жоқ. Ал серік қа­ла­дан айырма­шы­лығы сол, «контр­магнит қа­ла» «орталық қала­ға» бәсеке болып ке­леді, одан жұмыс күшін, кадрларды өзі­­не тартады. Сөй­тіп, мегаполис­тегі ха­лықтың тығыз­ды­ғын ше­шуге ықпал ете­ді. Әрі соған бет қой­ған көші-қон легін өзі­не тар­­тады», – деді ғалым.
Ол Алматыдағы жүз­ден астам жоғарғы оқу орнын, ғылыми-зерттеу институт­та­рын Джи Фо Ситиге көшіруді ұсынды. Дамыған елдер осы жолмен жүрді. Мы­са­лы, Кембридждің өзі тұтас «ғылым қала­шығы».
«Біздің ұсынымы­мыз мынадай болды: ол ауданда жаңа техно­полис­тің бой көтеруіне жол ашу керек! Оның ұстыны Алматы­дағы ірі жоғарғы оқу орындары­ның филиалдары болуы тиіс. Осы жерде университет қалашықтары, зерттеу жүргізуге қажетті лабора­то­риялар, орталықтар орналасуы қажет. Білікті, инноватор ғалымдар, ғы­лым қуған жастар энергетика, айти, ауыл шаруашылығы, машина жасау, робот техника және басқа салаларда жаңа өндірістерді құруға мүмкіндік алады. Сол жерлерде индустриялық парктер ашу қажет. Оларда әлемдік нарықта сұранысқа ие, инно­вациялы өнімдер шы­ғарылуы тиіс. Сонда «контрмагнит қала» өзін өзі асырайды», – деді А.Чиканаев.
Айтқандай, G4 City жаңа тұ­жырымдамасында бұл сын-ескерт­пелер ішінара ескерілген. Алматыны кім асырайды? Бұрын мега-жоба аясында Үкі­мет Алматының 4 серік-қаласын салу туралы майын тамыза баян­дай­тын. Қазіргі кезде жаңа тұжы­рымдама бойынша бір қала ая­сын­дағы 4 аудан жайында ғана әңгіме болып отыр. Алматы серігі Үкімет дерегінше, Алматы–Қонаев автомагистралінің бойында орналасатын G4 City интеграция­ланған қаласында төрт заманауи ау­дан салынады: Gate – іскерлік және қаржы орталығы болуы тиіс. Golden – білім беру және медици­налық хаб ретінде дамиды деп жос­парланған. Ал экспортқа бейім­дел­ген сауда-логистика және иннова­циялық-индустриялық өнеркәсіп нысандары Growing ауданына шоғырланады. Green мәдениет және демалыс ауданында – ку­рорттық кешен, гемблинг индус­трия нысандары мен арнаулы парк­тер, басқасы орналасады.
«Сарапшылар «Джи Фо» атауы сәтсіз таңдалғанын айтып жүр. Қа­ла атына лайық емес. Оны мысалы, Джи Форспен (GeForce видеокар­талар бренді) шатастыруы мүмкін. «Джи севен» (G7) ұйымы да бар. «Қазақша атауы табылмады ма?» деген ескерту болды. Мысалы, Алаш деп атап, құндылығымызды ұлықтауға болар еді. Бірақ Үкімет мамандары ағылшынша осы қысқа атау инвесторларды қызықтыру үшін қажет деп табандады. Қы­зығып отырған ірі инвесторлар қайда? Қала салмас бұрын сол жердің ресурстық базасына жан-жақты зерттеу жүргізген жөн. Гейт Ситиде «BI Group» бұрқыратып биік үйлерді салып жатыр. Ертең онда тұратын адамдар немен ай­на­лысады? Соны ойластыру керек. Әйтпесе, серік қала тұрғындарының әл-ауқаты төмен, жұмыссыздық пен криминал жайлаған «трущо­баға» айналып кетпеуі керек. Ол жерде «Береке» индустриялық аймағы дамытылады деген, бірақ оның да қарыштап дамығаны шамалы», – деді экономист Марат Ерғозин.
Серік қала бой көтеретін Ал­маты облысында мұнай, газ, алтын және басқа аса құнды ресурстар жоқ. Бірақ ол жердің топырағы түгін тартса майы шығатындай, таяқ қадаса, ағашқа айналатындай құнарлы. Шөбі шүйгін. Сарапшы­ның дерегінше, Алматы қаласының өзі жыл сайын миллион тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнім­дерін тұтынады. Соның ішінде ал­матылықтар тек көкөністің 320 мың тоннаға жуығын жейді. Мұның сыртында 300 мың тоннаға жуық сүт ішеді. 40 мың тоннадан астам ет жейді. Нан және ұннан жасалатын тәтті өнімдерді жыл сайын 200 мың тоннаға жуығын сатып алады. Осы әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының тек 260 мың тонна­дан астамын ғана мегаполис өзі өндіреді. Қалғанын өзге өңірлерден тасымалдайды. Демек, Джи Төрт серік қаласы Алматының осы қа­жеттіліктерін қанағаттандырып, күреп табыс таба алар еді. Мұның сыртында Қапшағай туристік ай­мағының да тұтынысын өзі өтесе, кірісі шаш етектен болмақ. Экономист мұның жақсы үлгісі бауырлас Түркияда барына назар аудартты: Анталия, Ыстамбұл сияқ­ты туристік тартымды қала­лардың айналасы толған жылыжай. Олар құлпынай, қауын, қарбыздан бастап, лимон, бананға дейін өсі­реді. Халық еңбекпен қамтылған, жерді «еміп», Жер-Анадан ырзық-несібесін айырып, адал кәсіптен байып жатыр. Жұмыссыз тентіреген жан жоқ. Олардың органикалық таза өнімдері әр қонақүйде қымбат туристің алдына тартылады, ба­заларда сатылады. Түркиялық ірі мегаполистердің маңында интен­сивті егін шаруашылығы жақсы дамыған, олар әр қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете­ді. Өз кезегінде шаһар өзін асырап отырған серігіне көмекке келеді, арзан кредитке, басқа да ресурс­тарға қарық қылады. Мұның жақсы үлгісі өзі­мізде бар. Оңтүстік өңір­лерде, мысалы, Түркістан облысында кәсіпкерлер бірнеше гектарда ­өне­ркәсіптік жы­лы­жайлар ашып алған. Соның ішінде өңдеу цехын ұйымдас­тыр­ған, балғын өнімді бірден банкіге салып, консервілеп, супер­мар­кеттерге дейін жет­кізеді. Шағын от­ба­сылық жылыжайлар дизель қондырғысымен жылытылса, ал ауқаты артқандары газ желісін тар­тып алған. Ақ­мола облы­сында мал өсі­ретін фер­мерлік шаруа­шы­лықтар өркен жаю­да. Жылқы мен ірі қара малды бор­да­қылайды. Жы­лына екі рет малын ауыс­тырып тұрады: бор­дақылағанын ет ком­бинатына өткі­зіп, орнына малдың жаңа партияларын сатып алады. Төл егіс­­тік жері бар ауыл кәсіп­керлерінің бір бө­лігі оларға же­ма­зық, шөп жеткізуге маман­дан­ған. Мал­ды фермаларға, ет ком­би­нат­тарына жеткізумен, ло­гистика мә­селелерімен айна­лы­сатын компа­ниялар құрып жатыр. Ендеше Growing ауданы ма­ңында ауыл шаруашылығы өнім­дерінің өндірісі жолға қойылса, оның тұрғындары Алматыға ша­был­майды, жұмыс іздеп, сендел­мейді. Сонда G4 City болашақта елге игілік әкеліп, Қазақстанның өркендеуіне өзіндік үлесін үлес қосады. Астана қаржы орталығы көшуі мүмкін G4 City Бас жоспары жобасында көрсетілгендей, оның Gate District ауданы «Жаһандық қаржы-іскерлік кластер» ретінде дамытылмақ. Онда Халықаралық қаржы орта­лығы орналасады (АХҚО-ны сол жаққа көшіру ұсынылды). Оның аумағында кеңселер, банктер және басқа қаржы мекемелері шоғыр­ланады деген жоспар бар. Gate ау­данының негізгі ғимараттарының бірі – Бас жоспар мен халықаралық кездесулер орталығының ғимараты (G4 City қаласының демонстра­циялық қалалық галереясы) бола­ды. Орталықтың негізгі міндеті – Қазақстаннан жергілікті атқарушы органдарды және АХҚО-ны, ал Сингапурден ESG (Сауда және өнеркәсіп министрлігі), Сингапур бизнес-федерациясын жұмыл­дырып, Қазақстан, Сингапур, басқа елдердің кәсіпорындары арасында халықаралық екі жақты ынты­мақтастықты жолға қою болады. Ол инвесторлар мен ха­лықаралық компанияларға қызмет көрсету үшін «бір терезе» қағидаты бойын­ша жұмыс істейді. Golden ауданында академиялық қалашық, инновациялық орталық және тұрғындар мен туристерге қызмет көрсететін көп бейінді ау­руханалар кіретін болады. Әлемдік деңгейдегі білім инфрақұрылымын түзу арқылы бүкіл Қазақстаннан және көршілес елдерден студент­терді осы аумаққа тарту көзделген. Жоғары сапалы медициналық қызметтерді қолжетімді бағамен ұсынатын меди­циналық кластер құру жоспарланған. Growing ауданы өңірдегі өнер­кәсіптің өсуін ынталандыру үшін «Экспортқа бағытталған сауда және логистикалық орталыққа» айна­лады. Оның өнеркәсіптік ба­ғыт­тарына Азық-түлік кластері, Хи­миялық кластер, Құрылыс ма­те­риалдарының кластері, Жеңіл және тамақ өнеркәсібінің кластері жа­тады. 758 гектар аумақта өнеркә­сіп­тік кәсіпорындар, сондай-ақ ло­гистикалық қоймалар орналаспақ. Green ауданын қазақстандық Лас-Вегасқа айналдыру ойы бар: казинолар соған көшпек. Үкіметтің дерегінше, Green халықтың барлық тобы үшін ойын-сауық ұсынатын «интеграцияланған мәдениет және демалыс орталығы» қызметін ат­қарады. Зәкірлі жобалары Курорт­тық кешенді дамытуға бағытталған. Думанды іс-шаралары мен кон­церттер, құмар ойындар индустрия­сы, қонақжайлылық пен сауық­тырудың әртүрлі компоненттері қолдау табады. Тіпті заманауи ип­по­дром салып, онда қазақтың ат спор­ты өнерін дамыту жоспарланған. Үкімет G4 City арнайы эко­номикалық аймағын құруға шешім қабылдады. Бұл да инвесторларды қызықтыру үшін жасалып отыр. Осыған орай биылғы 9 ақпанда Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрлігі Үкіметтің тиісті қаулысының жобасын әзір­леді. Құжат мүдделі мемлекеттік органдардың келісімінен өтуде. ИИДМ Индустриялық даму комитетінің хабарлауынша, 80 ша­қырымдық Алматы–Қонаев тасжо­лының бойында, Алматының сол­түстігінде орналасатын G4 City АЭА аумағы 30 мың гектарды алып жатады. Оның аумағында арнайы құқықтық режим белгіленеді. Ведомствоның есептеуінше, G4 City АЭА құру арқасында оның аумағына тартылған инвестиция­лардың жалпы көлемі 2025 жылы 265 миллиард теңгеден бастап, 2035 жылы 4 триллион 440 млрд теңгеге (қазіргі бағаммен шамамен 9 млрд долларға) жетуі шарт. Тағы бір нысаналы көрсеткіш – АЭА аумағында тауарлар мен көр­сетілетін қызметтерді өндіру көлемі 2025 жылы 34 млрд теңгеден бас­талып, он жыл ішінде 1 трлн 719 млрд теңгеден асуы міндет. Жаңа АЭА қатысушыларының саны 2024 жылы 9 компаниядан басталып, 2035 жылы 84-ті құрауы тиіс. 2024 жылы 242 жұмыс орны ашылмақ, он жылдан соң осы аумақ 32 636 адамды жұмыс орнымен қамтуы керек. Арнайы экономикалық аймақ 2047 жылға дейін жұмыс істейді деп белгіленген. Сол жылы инвестиция көлемі 6 трлн 845 млрд теңге, оның аумағында өндірілетін өнімдердің жылдық көлемі 2 трлн 521 млрд теңге, қатысушы компаниялар саны 88, ал құрылған жұмыс орын­дарының көрсеткіші 61 109 ме­жесіне жетуі қажет. Үкімет G4 City-дің 1 кезегінде Gate ауданына 2023–2027 жылдары 114,5 миллиард теңге жұмсау, яғни 5 жыл бойы жыл сайын 22 млрд 909 млн теңгеден бөліп тұру мәселесін пысықтап жатыр. Gate City 1-ке­зегін сумен жабдықтау жүйелерін, су қабылдағыштарды, кәріз-тазарту құрылыстарын және серік қаланың 4 ауданына су бұру жүйелерін салу үшін бес жылда жыл сайын 1,8 миллиард теңгеден шығындау қа­растырылған. Осы кезеңде, биыл­дан бастап Гейт ауданын электр қуатымен қамту үшін жарты млрд, ал жылумен жабдықтау үшін 1,3 миллиард теңгеден жыл сайын шығындап тұру жоспарланды. Негізі, ұтымды әрекет етіп, ре­сурс­тарын ұқсатып жұмсап, іске ұқып­ты қараса, Алматының серік қа­ласын жаңа даму ошағына, бола­шақтың қаласына айналдыруға әб­ден болады. Басқаны айтпағанда, арабтар тапшылығы мен таршы­лығы зор шөл далада заманауи қа­лалар тұрғызып жатыр. Үкімет жаңа жобада G4 City-дің – 4 заманауи тақырыптық ауданнан тұратын ақылды қала болатынын көрсетіпті. Мамандар оның Алматы–Қонаев автомагистралінің бойында орна­ласуын бәсекелестік артықшылығы санайды. Себебі, бұл автомагистраль «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» кон­тинентаралық дәліздің, Ор­талық Азия экономикалық ынты­мақтас­тығының, Солтүстік–Оң­түстік дә­лізінің және Жібек жолы стра­те­гия­лық бастамасының тірек нүктесі болып есептеледі.