«Ереуіл» атқа ер салсаң...
«Ереуіл» атқа ер салсаң...
652
оқылды
Жыл ереуілден басталды. БҚО-да KKC-Sicim ЖШС-ның 700 жұмысшысы жалақы көтеруді талап етіп, бірнеше күн қарсылық танытып тұрып алды. Тек тілегі қанағаттандырылған соң тарады. Апта бұрын Теңіз кен орнында мердігерлік компания жұмысшылары жиылып, еңбек жағдайына жаппай наразылық танытты. Осы аптада Ақтөбеде қоғамдық көлік жүргізушілері бағдарға шығудан бас тартып, ереуілдеген. Ал Парламент ереуіл өткізуді жеңілдететін жаңа заң қабылдады. Билік бұл акцияларды жүйеге түсіруге күш салуда. Ереуілшілер көшені толтырмауы үшін зауыт қожайындары оларға зал тауып беруі тиіс. Үлкен ереуілден бұрын 1 сағаттық шағын ереуіл жасау ұсынылады. Жалпы, бұл саланы реттеу мүмкін бе? Ұғымы – мәндес, салдары – әр басқа Кеңес тарихына сенсек, Ресей патша­сының өкіметін құлату ереуілдер көмегімен жүзеге асырылған. Ол заманда бүкіл қазақ даласындағы кен орындары мен өндірістерде қазақ-орыс жұмысшылар одағы көтерілгені мәлім. Әлемдегі түрлі түсті революцияларға, тақта ұзақ отырған автократтарды атынан аударуға да ереуілдер үлкен үлес қосқанын дүниежүзілік тарихтан білеміз. Ендеше ешбір мемлекет бұл құбылысқа бейжай қарай алмайды. «Кейбір заңнамалық актілерге еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жо­басы Парламенттен жеделдетілген тәртіп­пен өтті. Құжатты Мәжіліс 2022 жылғы 7 жел­тоқсанда бірінші оқылымда концеп­туал­ды түрде мақұлдаған. Комитеттері бап­тарын және түскен ұсыныстарды пысық­таған соң палата тарар алдында оны толық құптап, жоғарғы палата ұзатып үлгерді. Сенат болса, даулы тұстарының болғанына қарамастан, 2023 жылғы 2 ақпандағы оты­рысында заңды бірден екі оқылымда қабылдай салды. Үш күн бұрын, 2023 жылғы 15 ақпанда Мемлекет басшысы осы заңға қол қойды. Заң жобасына Мәжіліс депутаттары баста­машы болды. Дегенмен олар оны жазуға Президент қойған «кәсіподақтар мен жұ­мыс берушілер арасында сындарлы диалог құру» міндеті ықпал еткенін алға тартты. 2022 жылғы 7 қарашада Маңғыстау облы­сының жұртшылығымен кездескен Қазақ­стан көшбасшысы: «Еңбек даулары алаңдар мен көшелерде емес, келіссөздер үстелінде шешілуге тиіс, жалғыз дұрыс жолы – осы!» деген болатын. Алда күшіне енетін жаңа заң келіссөздер процестерін ұйымдастыру рәсімін жеңілдетуге және бітістіру институттарын дамытуға бағытталған. Бастапқыда құжаттың атауы еңбек дауларын ғана қарастырған. Бірақ «жанжал» сөзі де заң жобасының атауына енгізілді. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мәліметінше, «жанжал» – даудың дәл синонимі. Сонымен бірге келісу комиссиясы да, еңбек төрелігі де тек жеке және ұжымдық еңбек дауларын қарайды. Онда неге заңда тавтологияға жол берілген? Ұқсас ұғымдар елді жаңылыстырмай ма? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов мәндес қос ұғым ешкімді шатастырмауға тиіс деген сенімде.
– Егер келісу рәсімдері нәтижесінде еңбек дауы шешілмесе, онда ол жанжалға ауысуы мүмкін. Мысалы, былтырғы 2022 жылы 260 мекемеде еңбек дауының қаупі туды, бірақ оның тек 50-уі жанжалға ұласты. Сондықтан осы заң жобасының атауында ешқандай қайталау жоқ. Бұған қоса, жұмыскерлерге әлеуметтік пакет, қосымша төлемдер сияқты әлеуметтік көмек бұл заңда реттелмейді. Оның бәрі әлеуметтік әріптестік бойынша үшжақты салалық келісімдерде қарастырылады. Заң атауы оның тақырыбын дұрыс білдіреді деп ойлаймыз, – деді Ақмәди Әділұлы.
Жанжалдың даудан бөлек ұғым ретінде заңдық айналымға енгізілуі нәтижесінде «әлеуметтік-еңбек жанжалдарының» алдын алу және болғызбау жөніндегі іс-шаралар қабылданады. Ол мәселелер әлеуметтік әріптестік туралы бас және салалық келісімдерге енгізілуі тиіс. Саяси маркетинг құралына айналды Саясаттанушы Марат Сағитдинов ере­уілдер түрлі күрестің, соның ішінде биз­несмендер арасындағы тайталастың бір құралына айналып кеткенін ескертті. Қазіргі заманда ереуілдер түрлі мақсатта пайдаланылады.
«Мысалы, оны бәсекелестің беделіне дақ түсіру үшін қолдануы ықтимал. Кә­сіпорынды еңбек даулары кернеп, бас­шылығы ұжымымен тәжікеден бас көтере алмай жатса, ондай шатақтан бәрі қашады. Салдарынан, компания тендерлерге қатыса алмай қалуы мүмкін. Осылайша, бақталас жарыс жолынан өзі шығып қалады. Ере­уілдер қазіргі заманда «саяси маркетингтің» де бір құралы саналады. Оған жұмысшылар қуана қатысуы мүмкін, себебі электоралды кезеңде биліктің осал екенін түсініп, осы сәтті «әлеуетін» арттырып қалу үшін пайда­лануға тырысады. Әрі бұл бұқараның саяси өмірге тікелей қатысуының иллюзиясын ту­дырады. Әр кәсіпорында ереуілдің сер­келері алдын ала таңдалып, оқытылып, даярлықтан өткізілуі ықтимал. Содан соң әлдебір кандидат немесе партия түрлі се­беппен өзі жариялай алмайтын талаптарды солардың аузына салады. Осы мақсатта тіпті бірнеше кәсіпорын бірлесіп ереуіл ұйым­дастырып жатады», – деді саясаттанушы.
Оның мәліметінше, бүгінде әлемде ереуілдің отыз шақты түрі бар. Мәселен, жаппай жұмысқа шықпай қалады немесе шыққанымен, ештеңе істемейді. «Италия­лық ереуіл» деген де бар: қызметкерлер жұмысты қатаң түрде тек шартта көрсетілген ауқымда, формальды орындап, ешқандай шығармашылық танытпайды. Бұл да саботаждың бір түрі. Ереуіл өрбу барысында қалпын өзгертіп, сан алуан форматқа трансформациялануы, карсылықтың басқа түрлеріне ауысуы, сөйтіп митингке, шеруге, аштық жария­лауға, көлік жолдарын бұғаттауға, қоғамдық тәртіпсіздікке дейін өршуі мүмкін. Биліктің міндеті – ушықтырмай, мәселені дер кезінде шешу. Егер ереуілдің бастапқы мұраты ұжымның еңбек жағдайын жақсарту емес, арандатушылық жасау, халықты билікке қарсы көтеру болса, ол бірден аң­ғарылады. Жұмыс беруші наразы жұмыс­керлерінің талап-тілегін қанағаттандырған соң олар жағаласуын жалғастырса, онда оларды компания сотқа бере алады. Осы орайда жаңа заң еңбек жанжалда­рын реттеуге және келіссөз процестерін жолға қоюға басымдық бермек. Жасы­ратыны жоқ, бұл саланы да былық жайла­ған. Олигархтарға жақ бұрынғы билік солардың алпауыт кәсіпорындарын басты орынға қойып, жұмыскерлерді қанаушы тап деңгейіне дейін құлдырата жаздады. Тәуелсіз кәсіподақтарды басып-жаншыды, оның кейбір лидерлерін темір торға отыр­ғызды. Еңбек жағдайларына қатысты шағым білдірген жұмысшыны жұмыс беруші бірден жұмыстан қуып тастауға жаман үйреніп алды. Ал заң бойынша жұмыстан шығып қалған жұмысшы келісу комиссиясына жүгіне алмайды. Мұның сыртында қазір барлық кәсіпорынды жеке күзет қызметтері қорғайды, бар жерде өт­кізу режимі енгізілген. Демек, ұжымнан аласталған күрескер, принципшіл, табанды еңбеккер ол аумаққа қайта бас сұға алмай­ды, бұрынғы әріптестерін үгіттеп, шектен шыққан жұмыс берушіге қарсы көтеруге мүмкіндігі болмайды. Жаңа заң бұл қыспақты біршама жеңілдетпек. Шикі заң ши шығармаса жөн
«Заңның негізгі міндеті – келіссөздерді ұйымдастыру рәсімдерін оңайлату, сондай-ақ келісу комиссиясы институтын, еңбек арбитражын күшейту, еңбек дауларын шешудегі кәсіподақ рөлін нығайту. Заң бүгінде өте өзекті. Өйткені соңғы уақытта елде еңбек дауларынан тамыр тартқан ереуілдер мен митингілер саны тоқтаусыз өсіп барады. Ереуілдің көбі аса күрделенген келіссөздер кезеңіне соқпай, бірден ұйымдастырылады. Салдарынан оның бәрі заңсыз деп танылады. Бұдан қатысушылар ашынып, қаны қараюы мүмкін. Өйткені жұмысшы қауымының көтерген пробле­малары шешімін таппаған күйде қалады. Мұның бәрі қолданыстағы келісу және бітістіру институттарының жұмысы нашар екенін, кемшін тұсы көптігін көрсетеді», – деді сенатор Ләззат Қалтаева.
Осыған байланысты биылғы жаңа заң арқылы қолданыстағы Еңбек кодексіне және 2014 жылдан бері келе жатқан «Кәсіптік одақтар туралы» заңына түзетулер енгізіледі. Біріншіден, келісу комиссиясының рөлі мен статусы арттырылады. Оның шешім­дерін жұмыс беруші де, онымен тірескен жұмысшылар да қалтқысыз орындауға міндетті болады. Келісу комиссиясының жұмыс тәртібі ортақ, жергілікті нормативтік-құқықтық актіде – комиссия жұмысы туралы шартта бекітілмек. Жұмысқа алған еңбеккерін осы құжатпен таныстырып, еңбек даулары туындаса, оны қалай шешуге болатынын түсіндіру әрбір жұмыс берушінің тікелей міндетіне айналады. Екіншіден, енді бұрын жұмыстан шыға­рылған адамдар да келісу комиссиясына жүгіну құқығына ие болды. Әйтпесе, ере­уілге қатысушылардың үлкен бір бөлігін солар құрап жүр. Олар заң бойынша комиссияның шешіміне мүлтіксіз бағынуға тиіс болады. Үшіншіден, жұмысшылары ереуіл, жиын өткізуі үшін жұмыс беруші оларға ғимарат, зал, орынжай тауып беруге міндет­теледі. Төртіншіден, ереуілді ұйымдастыру жеңілдейді: бұрын жұмысшылардың үштен екі бөлігі қолдаса ғана наразылық акциясы заңды саналатын. Бұдан былай елу пайыздан артығы, көпшілігі қолдаса жеткілікті. Бесіншіден, «бір сағаттық ескерту ереуілі» атты жаңа түрі енгізіледі. Ол еңбек дауын шешетін орган құрылып, жұмыс істеп жатқан кезде өткізіледі. Парламент депутаттарының тұжырымдауынша, бұл ұжымның ниетінің салмақты екенін паш етеді. Яғни, жұмыс беруші проблеманың шешімін сөзбұйдаға салып, сағыздай созып жіберсе, қарсы тарап ескерту ереуіліне шығады. «Көп қорқытады» деген, бәлкім со­дан соң компания басшылығы селт етіп оянып, сергек қимылдай бастар? Неғайбіл. Өйткені Парламент оған қатысушылар санын қатал шектеп тастады. Ереуілдің осы форматына қатысты бірлі-жарым сенатор көңілтолмастық білдірген. Бірақ «жалғыз­дың үні шықпастың» кері келді.
«Бір сағаттық ескерту ереуілі белгілі бір шамада жұмыс берушілердің өз құқығын қорғауын жеңілдету мүмкін. Алайда заң бойынша бұл ереуілге 50-ден аз ғана жұмысшы қатыса алады. Сонымен бірге Қазақстанда ұжымының саны 250 адамнан әлдеқайда көп 2,4 мыңнан астам ірі ком­пания-кәсіпорын бар. Бір сағаттық ескерту ереуілі көрші Ресейде 2011 жылдан бері қолданылады. Өзге елдерде де бар. Бірақ олардың ешқайсысы дәл Қазақстан сияқты ескерту ереуіліне қатысушылар санын қатаң шектемейді. 50 адам лимиті қандай негіз бен критерийлерге сүйеніп, белгіленгені белгісіз. Салдарынан ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымдары кемсітілмей ме?», – дейді сенатор Ләззәт Рысбекова.
Еңбек министрінің бірінші орынбасары А.Сарбасов мұның «кәсіпорындағы өнді­рістік процестің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін» жасалғанын алға тартты. Ондай дәйектеме еш сын көтермейді: себебі аты айтып тұрғандай, ереуілдің бұл түрі 1 сағат­тан артыққа ұзай алмайды, ұзаса, заңсыз саналады. Олай болса, оны бүкіл ұжым түскі асқа үзіліс кезінде өткізе алар еді. Ақмәди Сарбасов заңнамада заңсыз ереуіл өткізу үшін жұмыстан босатуға де­йінгі тәртіптік жазалар көзделгенін мәлім­деді. Егер сот заңсыз деп таныған ереуіл ары қарай ұзаса, қатысушыларының үстінен тіпті қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екен. Бұдан бөлек, Парламент депутаттары келісу комиссиясында соңғы сөзді төраға айтады деп бекітті: комиссия мүшелерінің дауысы тең түссе, төрағасының дауысы ше­шуші болады. Ал тең түсу жиі болады, себебі комиссия құрамы жұмыс берушілер мен ере­уілшілер өкілдерінен «50-де 50», тең қа­лыптастырылады. Қос тарап өз ұстаны­мын­да жиі табандайды. Осы текетіресте төраға бәрін жығатын болды. Комиссия төрағасы жұмыс берушінің өкілі болатын­дықтан, бұл норма сарапшыларды тіксінтіп отыр. Қалай болғанда, жанжалдың алдын алуы тиіс жаңа заңның бір қайнауы ішінде кеткен сияқты.