Жаһандағы геосаяси ахуалды ұдайы бақылап отырған адам бүгінгі әлемде тым қуатты саналмайтын мемлекеттер өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алдымен дипломатияға сүйенетіні байқалады. Дүниедегі алпауыт мемлекеттерді қайдам, Қазақстан тәрізді елдер үшін бұл маңызды ұстаным. Бірақ кейде мемлекеттің сыртқы саясаттағы ұстанымын дұрыс бағамдай бермейтін тәріздіміз.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украина басшысы Владимир Зеленскиймен телефон арқылы тілдесті. Екі жақты әңгімеде мемлекет басшылары Қазақстан мен Украина арасындағы гуманитарлық байланыстар мәселесін талқылапты. Қазақстан Президенті Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығысты БҰҰ Жарғысы мен жалпыға ортақ халықаралық құқық нормалары негізінде дипломатиялық жолмен шешуге қатысты Қазақстанның ұстанымын білдірсе керек. Ал В.Зеленский өзінің Telegram арнасында «Мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлестім. Біз халықаралық алаңдардағы ынтымақтастықты талқыладық. Сонымен қатар, мен Қазақстанға Украинаны гуманитарлық қолдағаны үшін алғысымды айттым», – деп жазыпты. Бұдан басқа ресми ақпарат жоқ. Бірақ қазақ қоғамында осы оқиғаның өзін сан-саққа жүгірте жөнелетіндер бар. Әлеуметтік желілерде Қазақстан басшысының әрекетін сөгіп, Ресей басшысының тапсырмасын орындаушы ретінде сипаттаған жазбалардың да жарияланғанын байқадық. Өкініштісі де сол.
Сырттай қарағанда бұл әрекетіміз Мемлекет басшысының ұстанымын еліміздегі сайлауалды науқанның қарсаңында жеке адамдардың өзіне назар аударту әрекетіне ұқсап кетеді екен. Бірақ Президенттің әрекетіне қатысты қисынды-қисынсыз жорамал айту арқылы өзге жұрттың медиасына «жем» тауып беріп отырғанымызды аңғармағандаймыз. Ал іс жүзінде Қазақстан қазір «көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» дейтін қазақы тәмсілмен өмір сүріп жатыр. Бұған геосаяси жағдай мәжбүрлесе керек. Сөйте тұра, қандай да бір елдің аумақтық тұтастығының сақталуын қолдайтынымызды білдіру арқылы Қазақстан бірден айтқанға жүріп, айдағанға көне салмайтынын да бірнеше мәрте байқатқан. Ендеше неге еліміздің сыртқы саясатына қатысты ұстанымын мансұқтауға құмар екенбіз ә?! Біз мұның сырын түсінбедік.
Негізі Украинадағы соғыс зардабының ауыр болатыны белгілі жайт. Теріскейдегі көршінің өзге мемлекеттің аумағына шабуыл жасағаны, басқыншылық ұйымдастырғаны да айқын. Оны бәрі біледі. Украинаның шығысында пайда болған «квазимемлекеттік» құрылымдардың артында кімнің тұрғанын да жаһан жұрты біліп отыр. Қазақстан дипломаттары да хабардар. Тіпті былтыр маусымда бұл құрылымдардың тәуелсіздігін Қазақстан мойындамайтынын Президенттің өзі айтқан. Одан бұрын Украинаға ресми түрде гуманитарлық көмек те жөнелткен. Мемлекет қарапайым азаматтардың украин халқына қолдау көрсетуіне де шектеу қойып отырған жоқ. Мемлекет басшысы былтырғы ақпаннан бері В.Зеленскиймен үш мәрте телефонмен сөйлесті. Украина президенті бір рет Қ.Тоқаевқа арнайы жеделхат жолдады. Екеуі тілдескен сайын Қазақстан БҰҰ жарғылары мен халықаралық құқықты жақтайтынын айтып келеді. Зеленский болса Қазақстанның гуманитарлық көмегі мен бастамаларына алғыс білдіріп жүр. Әрине, біз әр тілдесуде не талқыланғанын толық білмейміз. Оны қоғамға ешкім ашық айтпайды. Айтуға болады-ау дегенін ғана там-тұмдап ұсынады. Мәселен, Рамштайн кездесулерінің толық нәтижелері де белгілі емес. Зеленскийдің Еуропаға сапарында Ұлыбритания, Франция қатарлы елдер не ұсынғанын санаулы адамдар ғана толық біледі. Өзгелер болжам жасайды.
Ал Орталық Азия елдері басшыларының ішінде Украина президентіне бірде-бір хабарласып, хал-күй сұраспағандар да бар. Бірақ неге екенін қайдам өзімізді-өзіміз мансұқтауға әуестеніп алдық.
Жалпы сын айтылған дұрыс. Оның өзінде сынаушы жанашыр болса жақсы. Тіпті, ел ішіндегі жағдайды, шешілмеген мәселелерді айтайық, депутат болудан үмітті тұлғаларды сөз етейік. Үкіметтің, Парламенттің жұмысын сынайық, түрлі қауесеттерге де көндік. Бірақ мемлекеттің халықаралық сахнадағы орны мен амал-айласына қатысты орынды-орынсыз қауесет таратудың қажеті жоқ-ау.
Түрік саясаткерлері «dış politika iç politikaya alet edilmez» деген сөзді жиі пайдаланады. Мағынасына үңілсек, «сыртқы саясат ішкі саясаттың құралы емес» дегенді білдіреді. Яғни сыртқы саясатты ел ішіндегі талас-тартыс, саяси күресте қолданбау қажет дегенді меңзесе керек. Әрі түріктің кез келген оппозициялық саясаткері Түркияның сыртқы саясаттағы мүддесіне келгенде, Президентін жалғыз қалдырмайды. Жиі байқаймын мұндайды. Ал бізде ше? Байқауымша, сыртқы саясат пен іштегі оқиғалар мидай араласып кеткен тәрізді. Мұндай дағдыдан ұтылмасақ, ұта қоймаспыз-ау.