Қызылордалық Түркияға киіз үй жөнелтеді
Қызылордалық Түркияға киіз үй жөнелтеді
2,652
оқылды
Зілзаладан зардап шеккен түбі бір Түркі халқына әлемнің түкпір-түкпірінен көмек көрсетіліп жатқаны белгілі. Мұндай игі іске бет бұрған азаматтар қатары күн санап арта түсуде. Соның айғағындай, қызылордалық кәсіпкер далада қалған бауырлас халыққа қазақы киіз үй жөнелтуді қолға алып отыр. Осы мақсатта Сыр өңіріндегі «Абай-Дәулет» ЖШС сегіз қанатты киіз үйді арнайы тапсырыспен жасатып жатқанын алға тартады. Киіз үй заманауи үлгіде жабдықталып, зардап шеккен жамағаттың барлық қажеттілігін қамтамасыз ететін болады.
«Табиғаттың тосын апатына ұшырап, жан төзбейтін қиындықты бастан өткеріп жатқан түрік ағайындарға көмек қолын созуды азаматтық парызымыз деп білеміз. Осы мақсатта жылыту құрылғыларымен жабдықталған заманауи үлгідегі сегіз қанатты киіз үйді арнайы тапсырыспен жасатып жатырмыз. Ұлттық нақыштағы киіз үйді жасау Алматы маңындағы шағын ауылда тұратын Нұрболат деген жігітке тапсырылды. Алла бұйыртса, киіз үйіміз қысқа уақытта толық дайын болады», – дейді серіктестік директорының орынбасары Марат Сәрсенбаев.
Серіктестіктің тапсырыспен дайындалып жатқан сегіз қанатты киіз үйі толықтай қазақы нақышта өрнектелетін болады. Киіз үй іші, қалқан, найза, қамшы, домбыра, сандық, торсық және түрлі ұлттық бұйымдармен жабдықталады. Сондай-ақ түлкі терісі, көрпеше мен құс жастық қойылады.
«Жалпы, сегіз  қанатты киіз үйге 3 млн теңге қаражат бөліп отырмыз. Астана қаласынан осы сенбі күні Түркияға қажетті құрал-жабдықтар тиеген жүк көлігі шығады екен. Киіз үйімізді осы көлікке артып жіберуді көздеп отырмыз. Осы арқылы бауырлас елдегі ағайындарға аз да болса көмегіміз тисе деген мақсатымыз бар. Осы орайда айта кету керек, көрші елге көмегіміз мұнымен шектеліп калмайды. Егер қажет болса, сыр күрішімен қамтамасыз етуге де мүмкіндігіміз бар. Шаруашылығымыз күріш егумен айналысатындықтан, бұл бағытта да көмек қолын созуға дайынбыз», – дейді Марат Сәрсенбаев.
Жалпы, қызылордалық белсенділер де бауырлас елге киіз үй жіберу бастамасын көтеріп отырғанын айта кету керек. Қазір 5 млн  теңгеден астам қаражат жиналып отыр.  width=