Әлішер Тастенов: Мәжіліс сайлауы мемлекеттік басқарудың жаңа формасына алып келеді
Әлішер Тастенов: Мәжіліс сайлауы мемлекеттік басқарудың жаңа формасына алып келеді
©kisi.kz
387
оқылды
Биыл 19 наурызда Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Осы саяси науқанның артықшылығы туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әлішер Тастеновтің пікірін білдірді. –  Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау – саяси жүйені түбегейлі қайта жандандырып, мемлекеттік басқарудың жаңа формасына алып келеді. Қайта жаңару саяси және экономикалық сын-қатерлерге төзімді, төтеп беретін саяси модель қалыптастыруға бағытталған. Осылайша, «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына қол жеткізіледі. Алдағы сайлаудың ерекшелігі – жаңа әрі сапалы жағдайда өтетіні. Енді Мәжіліс депутаттарының 70%-ы партиялық тізім бойынша, 30%-ы бір мандатты округтер арқылы сайланады», – деді Әлішер Тастенов. Сарапшының айтуынша, партиялардың Мәжіліске өтуінің шекті кедергісі 7-ден 5%-ға дейін түскен. Сөйтіп, саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. – Яғни, саяси партия мүшелері санына қойылатын талап жеңілдеп, 4 есе 20-дан 5 мың мүшеге дейін төмендетілді. Партиялардың өңірлік өкілдіктерінің саны да 600-ден 200 адамға дейін қысқартылды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттар депутаттарын сайлау аралас жүйемен өтеді. Яғни, 50/50 форматында. Бұл ретте аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда мәслихат кандидаттарына қазақстандықтар бір мандатты округтер бойынша дауыс бере алады», – дейді ол. Оның айтуынша, жаңа саяси жағдай билік органдарының қоғам пікірі, көзқарасы мен сұранысына құлақ асуды қамтамасыз етіп, азаматтық қоғамның тиімді дамуына ықпал етеді. Айта кетсек, кеше Мемлекет басшысы жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.