Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Жапониядағы лайнерде болған 4 қазақстандық және олармен бірге Токиодан ұшып келген азаматтар карантинде жатқанын мәлім етті, – деп хабарлады «ҚазАқпарат».
«Шынында да, біз бұл мәселе бойынша ақпарат алып жатырмыз. Өкінішке қарай, сондай жағдай болып қалды. Денсаулық сақтау министрлігі аталған азаматтардан кешірім сұрайды (Токиодан ұшып келген ұшақтағы адамдарға лайнердегі азаматтардың болғанын хабарламағаны үшін – ред.). Бұл шешімді қабылдайтын кезде бізде уақыт болған жоқ. Сол күні бізге сондай ақпарат түсіп жатты. Басқа мемлекеттерде осындай жағдай болып, Жапониядағы лайнерден елге қайтқан жолаушылардың арасында Израиль мен АҚШ-та коронавирус қайтадан табылды», – деді Елжан Біртанов.
Оның айтуынша, қазақстандық 4 азамат елге келе жатқан рейстік ұшаққа билет алған.
«Бұл – олардың құқығы, қолдарында тиісті құжаттары, медициналық құжаты бар. Олар – дені сау адамдар. Сонымен, Жапония тарапы олардың ұшаққа мінуіне ешқандай қарсылық білдірмеген. Біздің дипломатиялық қызметтер олармен тікелей байланыста болды. Бірақ сол ұшақ бері шыққаннан кейін біз осындай шешім қабылдадық. Әрине, ыңғайсыз жағдай болып отыр. Біз бүгін тағы да бұл мәселені қарастырдық. Бүгін үшінші рет тағы да тест аламыз. Келгендердің бәрінің дені сау», – деді министр.