«Балдәуренде» үзілген үміт
«Балдәуренде» үзілген үміт
805
оқылды
Бурабайдағы республи­калық «Балдәурен» оқу-са­уықтыру орталығы лагерінде болған қайғылы оқиға тұтас елді дүр сілкіндірді. Қай­ғы­дан қан жұтып, бір-ақ күнде ержетіп қалған баласынан айдың-күннің аманында айы­рылып, қабырғасы қа­йысқан Ақтөбе облысы Хром­тау қаласындағы ата-ана қазір зар еңіреп отыр. «Сап-сау кеткен бала­мыз­дың аяқастынан онколо­гия­лық ауруға шалдыққан де­гендері жалған» деп аңы­ра­ған ата-ана бауыр еті ба­ла­лары лагерьде оңбай соқ­қы­ға жығылған деп санайды. Бірақ сот-медициналық са­раптамасы мен «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы бас­шысының айтар өз уәжі бар. Полиция қазіргі уақытта аталған факт бойынша тер­геу амалдарының жалғасып жатқанын мәлім етті. Қоғам арасында ащы резонанс ту­дырған жағдай бойынша біз барлық тараптардың пікірін біліп, журналистік зерттеу жүргізіп көрген едік... Естеріңізге сала кетсек, «Бал­дәурен» республикалық оқу-сауық­тыру орталығына келген 14 жастағы Нұрдәулет Манап аяқ астынан лагерде қайғылы қазаға ұшырады. «Балдәурен» республикалық лаге­рінде болған жағдай жайлы бұқа­ралық ақпарат құралдарында жал­пақ жұртқа жария болған деректерге сенсек Нұрдәулет түнгі уақытта іші ауырып, қатты мазасы кетіп түнгі тәрбиешілердің біріне шағым­дан­ған. Жедел жәрдем шақырғанымен бала дәрігерлер келіп жеткенше көз жұмған. Лагерьде болған бұл суыт жағдай құқық қорғау органдары мен «Балдәурен» оқу-сауықтыру орта­лы­ғын түгелдей аяқтарынан тік тұрғызды. Келгеніне бір күн ғана болған баланың қалай қаза болғаны жайлы «Балдәурен» РОСО бас дирек­то­ры Сержан Әлібаевтан анық­тап көрмек болып тілдестік.
– Полиция қызметкерлері аталған суыт оқиғаға байла­­ныс­ты келіп балалармен, ла­герь тәрбиешілерімен тә­лім­гер­ле­рімен сұхбаттасты. Түнгі 10-да балаларға жатуға бұйрық бе­ріліп, балалар ұйқыға жат­қан. Түнгі төрттер шамасында Нұрдәулеттің жанындағы Ра­сул деген бала оянған кезде ол кереуетінде қисайып жар­ты денесі жерге қарай түсіп жат­қанын көрген. Оятса, іші ауырып жатқанын айтыпты. Оған дейін түнгі 2-3 кезінде дәрігер балаларды аралаған кезде ұйықтап жатқан. Ба­лалардың бірі сыртқа шы­ғып, түнгі кезекші тәрбие­шіні шақырып, ол дереу жедел жәрдем шақыртады. Мұнда келген барлық бала дені сау екені туралы анықтамамен келген. Де­генмен осындай науқас балалардың да лагерьге келіп демал­ған жалғыз оқиға емес. Таңғы алты­да жедел жәр­дем келгенде бала көз жұмған. Аудандық ішкі істер бөлі­мімен сөй­лесіп, баланың әкесіне хабар бердік. Баланың өлімі туралы анықтама алу үшін мәйітхананың рұқсат қағазы керек болды. Ата-анасы алғашында келіспегенімен, аудандық ІІБ бас­шылығымен сөй­лескеннен кейін рұқсат етті. Туыс­тары келіп, лагерь басшылығынан, баланың туыста­рынан куәгерлер видеоға түсіріп, сот-медициналық сараптамасын жасау кезінде бірге болды. Сот-медициналық сарап­та­масы бала­ның онкологиялық ауру болғаны туралы қағаз берді. Бірақ нақты қорытындысы тек бір айдан кейін белгілі болмақ. Баланың сал­мағы мен бойы да сәйкес келмейді. Бойы 1,79 болса, салмағы небәрі 41 келі. Мұнда да бір гәп бар сияқты. Ба­ланың осылай ауырғанын қалай­ша байқамаған деген заңды сауал туын­дайды. Бірақ ата-анасы бала­ның ауырғанымен келіспей отыр. Бала­лардың бірі Нұрдәулетке Түр­кіс­тан облысының баласы қысым жаса­ғаны туралы айтқан. Бұл ту­ралы полиция қызметкерлерін ха­бардар еттім. Нақты жағдай қалай бол­ғаны сараптама қорытын­ды­сы­нан кейін анықталмақ. Бүгін түстен кейін Ақтөбеге мәйітті алып бірге аттан­бақпын, – дейді Сержан Әлібаев.
Аталған жағдайды сот-меди­циналық сараптама мамандарынан да анықтап көрмек болдық. Олар мәйітке сараптаманың жүргізіл­ге­нін, қаза болған баланың онколо­гия­лық дертке шалдыққанын жеткізді.
– Біз жүргізілген барлық сот-медициналық сараптама мате­риал­дарын полицияға табыстадық. Са­раптамаға қатысты басқа ешнәрсе айта алмаймын. Сараптама жасал­ғаннан кейін қорытынды сарап­та­маға 1 ай уақыт беріледі. Бала он­ко­логиялық аурумен ауырғаны рас, – дейді сот-медициналық сараптама орталығының қызметкері Ілияс Жұматаев.
анықтама Сараптамашылар баланың нау­қас екенін айтқанымен, қайғыдан қара жамылған баланың ата-анасы мұнымен үзілді-кесілді келіспей отыр.
–Баламның осылай жаны үзіл­генін естігенде төбемізден жай түс­кендей болды. Нұрдәулетті сап-сау өзім барып пойызға шығарып сал­дым. Бұлай болғанын білгенде жі­бермейтін едім ғой. Медициналық тексеруден толықтай өткен. Сап-сау, еш ауруы жоқ баланы бір-ақ күнде онкологиялық ауру деген­деріне қатты қапалы болдық. Балам дарынды, домбырадан облыстық байқаудан бірінші орын алған. Өте ақжарқын, жарқылдап жүрген бала еді. Әрине, нәзіктеу болғаны рас. Сондықтан да лагерьде біреулердің нәзік баланы соққыға жығып, ұрып, қуығын жарып тастады ма деп қа­уіптенемін. Баламды «Живой ме­шок» қылып отыр. Бірақ «Аузы қи­сық болса да, бай баласы сөйле­ген» заман болып тұр ғой. Сот-ме­дициналық сараптамасының қоры­тындысымен еш келіспейміз. Келген соң тағы қайтадан тәуелсіз сарапшымен сараптама жасатамыз. Баламмен бірге ауылдан бөлесі барған. Бірақ ол асханада барғанда баламды көрмеген. Оның келме­ге­нін айтқан. Дәл сол сәтте ол бүкте­ліп ауырып жатқанын ішім сезеді. Лагерь тарапынан бақылау болма­ған. Түнгі кезекшілер қараған кезде ұйықтап жатыр ма, өліп жатыр ма, кім біледі? Рак болған күннің өзінде ол бір-ақ күнде осылайша қалайша көз жұмады? Ең болмағанда ауы­рып, ауруханаға түсетін еді ғой. Сараптаманың қорытындысына еш сенбейміз, – дейді қара жамылған баланың әкесі Руслан Сдыхов.
Мәселеге байланысты Ақмола облыстық Полиция департаментінің түсініктеме беруін сұрадық. По­лиция жасөспірімнің өлімі бойынша қазір тергеу амалдарының жалғасып жатқанын жеткізді.
– Ақмола полицейлері Бурабай ауданындағы оқу-сауықтыру орта­лығында жасөспірімнің өлімі фак­тісін тергеп жатыр. Биылғы жылдың 11 қаңтарында сағат 06.36 шама­сында Бурабай ауданының полиция бөліміне жедел жәрдем стансасының фельдшерінен 2008 жылы туған кәмелетке толмаған баланың бала­лар оқу-сауықтыру орталығының бірінің аумағында қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы жасөспірімнің Ақтөбе облы­сынан Бурабай ауданына 9 қаңтарда балалар тобының құрамында кел­генін анықтады. 10 қаңтардан 11 қаң­тарға қараған түні кәмелетке толмаған бала іш ауруына байла­нысты шағымданған. Ал таңертеңгі сағат 05.00 шамасында ауырсынудың күшеюіне байланысты кешеннің медициналық бөліміне жүгініп, жедел жәрдем шақырылған. Алайда жедел жәрдем келгенге дейін бала көз жұмған. Алғашқы тексеру кезінде жасөспірімнің зорлық-зомбылықтан қайтыс болуының сыртқы белгілері табылған жоқ. Жасөспірімнің қайтыс болу фактісі сотқа дейінгі тергеп-тек­серудің бірыңғай тізілімінде тір­келіп, тиісті сараптамалар таға­йын­далды. Сондай-ақ оқу-сауықтыру орталығының аумағында сани­тарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмыс істеуде. Биылғы 11 қаңтарда жасөспірім өлімінің себебі ағзаның қаназдығы екені белгілі болды. Негізгі ауру: тамыр қабырғасының желінуімен кіші жамбастың қатерлі ісігі. Қан кету көзі ісікті қорек­тендіретін тамыр болып отыр. Қазір тергеу жалғасуда, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
 

P.S. Тұтас елдің қабырғасын қайыстырған ауыр қаза қоғамды тағы да ойландырғаны сөзсіз. Расында да, бұл лагерьлерде тәртіптің жолға қойылмағанын көрсете ме? Әлде ата-аналардың балаларға салғырт қа­рауының салдары ма? Қайғыдан қан жұтқан ата-ана жасалған сарап­тамамен келіскісі жоқ. Өкініштісі, сол өмірге құлшынысы жоғары, жап-жас бала қыршынынан қиылып бақилық болып кете барды... Алла панасына алсын!

Ақмола облысы