Ауруханадағы науқастар да таңдау жасады
Ауруханадағы науқастар да таңдау жасады
1,528
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында кезектен тыс президент сайлауы штаттық режимде өтіп жатыр. Облыста 385 мыңнан астам сайлаушы өз таңдауын жасамақ. Олардың 27 пайызы алғашқы 3 сағаттың ішінде дауыс беріп үлгерді. Сайлау учаскелерінде саяси партиялардың байқаушыларымен қатар, тәуелсіз және халықаралық байқаушылар да жұмыс істеуде. Солтүстік Қазақстан облысында Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро – Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымының бақылаушылары да бар бар. Жалпы, бүгін өңірде 3 600-ден астам байқаушы сайлау барысын бақылайды. Өңірдегі 640 сайлау учаскесі сағат 07.00-де ашылды. 12 жабық сайлау учаскесі бар. Яғни, олар изоляторларда, ауруханаларда орналасқан. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыстық көпсалалы ауруханасында бүгінде 200-ге жуық науқас ем-дом қабылдап жатыр. Еліміз үшін маңызды оқиғадан тыс қалмай, олар да бүгін өз таңдауын жасады. Науқастар үшін аурухана ғимаратында сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. №347 сайлау учаскесінде 195 сырқат дауыс бермек. Бірақ ауруханаға жаңадан келіп түскен науқастар бұл тізімді толықтыруы мүмкін. Жалпы, бұл сайлау учаскесіне 250-ге жуық адам тіркелген. Алғашқы болып өз таңдауын жасаған Айгүл Жанысова өткен сәрсенбіден бері аурухананың гастроэнтерология бөлімінде емделіп жатыр. Ол Әділетті Қазақстан үшін дауыс бергенін айтады. Өздігінен жүре алмайтын ауыр халдегі науқастар мен мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау жәшігі палатасына апарылады.
«Мүгедектігі бар адамдар ерекше күтімді қажет етеді. Сондай-ақ мұнда хирургиялық отадан енді ғана шыққан науқастар да бар. Олар   өз бетінше жүре алмайды. Жүктілігін сақтап қалу үшін келген екіқабат әйелдерге де көңіл бөуіміз керек. Оларға артық қозғалыс зиян келтіруі  мүмкін. Сондықтан мұндай науқастар өз палаталарында дауыс береді», – деді сайлау комиссиясы  төрағасының орынбасары Дарья Петрищева.