Huawei санкцияға қарамастан, 5G стандартын қолдайтын смартфон шығарады
Huawei санкцияға қарамастан, 5G стандартын қолдайтын смартфон шығарады
Фото consumer.huawei.com сайтынан алынған
815
оқылды
Қытайдың Huawei компаниясы Құрама штаттардың санкциясына қарамастан 5G стандартын қолдайтын смартфонын шығаратынын мәлімдеді. Бұл туралы Financial Times басылымы жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Компания 5G смартфонына арналған америкалық технологияларды сатып алғаны үшін Вашингтонның қара тізіміне енген болатын. Бұл мәселемен жақсы таныс 3 маманның айтуынша, компания санкцияларды айналып өту стратегиясын жасауда. Huawei бүгінгі ең озық чиптердің орнына қытайлық компаниялар жасаған чиптерді пайдаланып, дизайны өзгерген 5G смартфондарын шығармақшы. Вашингтон мен Бейжің арасындағы геосаяси шиеленістен кейін Huawei-дің сатылымы төмендеген. Нарықта жоғалтқан үлесін қалпына келтіруге күш салған компания санкцияларды айналып өтудің түрлі жолдарын іздеуде. Мұндай жолды қытайлық компания тапқан да сияқты. Сарапшылардың айтуынша, Huawei 5G қолдайтын смартфондарға арналған қаптарды қолдануы мүмкін. Soyea Technology шығарған осындай қаптарда 5G стандартын қолдайтын чиптермен жабдықталған eSIM модулі орнатылған. [caption id="attachment_221636" align="aligncenter" width="863"]5G қап Фото huaweicentral.com сайтынан алынған[/caption] Қыркүйек айында Huawei Mate 50 сериясын нарыққа шығарғаннан кейін бірнеше апта өткен соң мемлекеттік China Telecom компаниясы смартфондарды сондай қаптармен бірге сата бастады. Soyea сонымен қатар Huawei P50 Pro телефондарына арналған қаптарды да ұсынған. Сарапшылардың пікірінше, Huawei-дің әлемдегі ең ірі смартфон сатушы позициясын қалпына келтіруге ұмтылуы – Бейжің үшін ұлттық маңызды мәселе. Өйткені  Қытай өзін-өзі технологиялық қамтамасыз ету стратегиясын іске асыруда. IDC зерттеу агенттігінің сингапурлық сарапшысы Уилл Вонг: «Қытайдың өзін-өзі технологиялық қамтамасыз ету жоспары Huawei-ге 5G бәсекелестігіне қосылуға көмектесетін фактор болуы мүмкін», – дейді. [caption id="attachment_221637" align="aligncenter" width="1220"]Huawei Mate 50 Фото consumer.huawei.com сайтынан алынған[/caption] Қытайдағы жартылай өткізгіштер бойынша сарапшы Дуглас Фуллер: «Huawei-ге мұны жүзеге асыру үшін қажетті ішкі немесе сыртқы жеткізу тізбегін құру соншалықты көп уақытты қажет етеді. Олар өз жоспарларын жүзеге асырғанша біз 6G дәуірінде болуымыз мүмкін», – деген пікір айтады. Қалай дегенмен де, санкциялар Huawei компаниясының Apple-мен бәсекелесу жоспарын бұзды. Huawei-дің тұтынушылармен жұмыс тобының бас атқарушы директоры Ричард Ю шілдеде берген сұхбатында бұл топтың «5G дәуірінде 4G телефондарын сататын жалғыз өндіруші» екенін мойындаған. Ал  Қытайдағы сатып алушылар 5G қызметі жоқ Huawei өнімдерінің тым жоғары бағасына наразылық білдіре бастады. Huawei Mate 50 шығарғаннан кейін бір аптаның ішінде жүздеген тұтынушы Mate 50 смартфонында 5G қолданатындай етіп өзгерту үшін арнайы шеберханаларға жүгінген. Әзірше, Huawei тұтынушылар сауалына жауап бермеді.