Украина армиясының жетістігі қандай?Ақпан айынан бері ұрыс жүріп жатқан Украина жерінде соңғы күндері жағдай өзгере бастады. Украина Қарулы күштерінің бөлімдері Ресей әскері басып алған бірқатар елді мекенді азат етіп, кейбір аймақтарда қос елдің мемлекеттік шекарасына жетті. Көптеген сарапшы бұл оқиғаларды майдандағы бетбұрыс кезеңге балап отыр.
Жалпы, Украина жеріне Ресей әскерінің «арнайы операция» жасау мақсатында басып кіргеніне 200 күннен асты. Ресми Мәскеудің арадағы келіспеушіліктерді дипломатиялық жолмен шешудің орнына тізеге салмақ болған ниеті ақыры Еуропада соғыс өртінің бұрқ ете қалуына алып келген-ді. Содан бері аймақтағы жағдай ушығып барады. Майдандағы жағдайды айтпағанның өзінде Украинадағы соғыс Ресейге салынған көптеген санкцияға, Мәскеудің Еуропаны энергоресурстар арқылы бопсалауына, тіпті өңірде ядролық апаттың алғышарттарының қалыптасуына апарып соқты. Тіпті, Украинадағы соғыс алыстағы Африка құрлығындағы дамушы елдерде аштық қаупін де туғызғаны бар. Бір сөзбен айтқанда, қос елдің арасындағы соғыс бері айтқанда, тұтас Еуропаға, әріден қозғасақ, күллі адамзатқа әсер етіп жатыр. Ал соғыс басталғанда түрлі болжам аз айтылған жоқ еді.
Расталмаған болжамдар мен үзілген үміт
Украина жерінде болып жатқан соғыс ХХІ ғасырда қандай да бір әскери, саяси болжам жасаудың берекесіз шаруа екенін көрсетті. Әу баста Киевті 96 сағаттың ішінде басып алып, «неонацистік режимді құлатамыз» деген Мәскеудің дегені болмады. Үміті үзілді. Наурыздың соңында Киев түбінен шегінген ресейліктер қазір Харковь облысының аумағын да тастап шықты. Украина Қарулы күштері бөлімдерінің қарсы шабуылының үдегені сонша, басқыншыдан азат етілген елді мекендер мен қалалар саны күн санап көбейіп келеді. Одан бөлек, Украина әскерлері Херсон облысында да әжептәуір табысқа қол жеткізді. Алайда көптеген сарапшы жағдайдың бұлай күрт өзгеруін болжамаған да еді. Батыс мамандары да, өзгелер де майдандағы бетбұрыс кезең шілде-тамыз айларында болады дескен. Британиялық барлаушылар да, жаһандағы соғыстарды зерттейтін батыс елдерінің орталықтары да Харковь облысында жағдай бұлайша өзгерерін айтпаған. Тіпті, Харковь, Донецк пен Луганск аймақтарында позициялық ұрыстар 2023 жылдың көктеміне дейін жалғасуы мүмкін екенін болжаған. Алайда Украина Қарулы күштері бас штабының жоспары өзгеше болып шықты. Әскери стратегиялық текетіресте Украина стратегтері Ресей генералдарынан тереңірек ойланатынын байқатты. Тіпті, екі елдің барлаушыларының да «ойыны» ерекше болғанға ұқсайды. Херсон бағытында батыл қимылдай бастаған Украина әскерлерінің әрекетіне қарап, сол өңірдегі қорғанысты күшейтпек болған ресейліктер негізгі соққының Харковь жақтан болатынын күтпегенге ұқсайды. Нәтижесінде, бірнеше күннің ішінде 6 мың шаршы шақырымнан астам жер басқыншылардан азат етілді. Ақпанда көрші елдің аумағына ұзын-сонар тізбек жасап кірген Ресейдің бөлімдері бүгінде ұрыс техникаларын тастап, қашып жатыр. Сөйтіп, халықаралық рейтингтерге әлемнің екінші қуатты армиясы саналатын күштер ұятқа қалды. Ал мұндай жағдайдың қалыптасуы болжам ғана емес, ресми статистика мен мемлекеттік органдардың есебіне сүйене отырып жасалған рейтингтердің шынайы жағдайды көрсетпейтінін байқатты. Айталық, Global Fire Power рейтингінде Ресей әлі күнге әскери қуаты жағынан АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Тіпті, кейбір көрсеткіштері жағынан алға да жылжыпты. Украина 22-орында. Ал Қарабақта мол тәжірибе жинаған Әзербайжанның рейтингтегі орны өзгермеген. 63-орында тұр. Қазақстан 64-орында. Өзбекстан болса 55-орында.
International Institute for Strategic Studies (IISS)-тің 2022 жылға арналған Military Balance дейтін есебінде де Ресей армиясы аса қуатты күш ретінде көрсетілген. Алайда Украина жерінде осынау армияның кемі 50 мыңнан астам жауынгері мерт болды.
Демек, сөз басында айтқанымыздай, әскери, саяси болжам мен рейтингтердің берекесі жоқ деген сөз. Түрлі болжам мен бағалау рейтингтері масс-медиаға «азық», көпшілік үшін талқылайтын тақырып болудан басқа іске жарамайтын сыңайлы. Украинадағы ұрыстың беталысы соны аңғартады. Түрлі болжам іске жарамай қалып жатыр.
Жемқорлық – Украинаның Ресейдегі «одақтасы»
Негізі, Ресей Қарулы күштерінің мүмкіндіктері мол саналатын. Бұрын. Техникасы да көп еді. Бірақ Украинадағы соғыс қандай да бір елдің қорғаныс қабілетін әлсіретуге бірінші кезекте сыртқы дұшпан емес, жемқорлық әсер ететінін байқатты. Айталық, тек 2020 жылы Ресей армиясындағы жемқорлық 2019 жылға қарағанда 30 пайызға өсіп, келтірілген шығын 6,4 млрд рубль болыпты. Бұл тек анықталғаны ғана. Ал «ұсталмаған ұры емес» деген тағы бар. Тағы бір дерек, тек Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Цаликовтың байлығы 3,4 млрд рубль екен. Одан бөлек, бірқатар вилласы да бар. Ал 2018 жылы «Росгвардия» 2 млрд рубльге Қырымнан капуста, картоп және сәбіз сатып алыпты. Онда да тауардың бағасын 3 есе өсірген. 2021 жылы «Орлан-10» дронын құрастыратын зауыт басшылары 500 млн рубльді қалтаға басқаны да белгілі болған. Қысқасы, Ресей армиясындағы жемқорлық Украинаның одақтасына айналды.
Сонымен қатар қағаздағы есепке құрылған мәлімдемелердің де зардабы мол екені байқалады. Кейде сол есептердің де артында жемқорлық тұруы мүмкін. Мәселен, сәуірде Қара теңізде батып кеткен «Москва» крейсерінің радиолокациялық стансалары мен зениттік зымыран кешендерінің ешқайсысы заманауи үлгілерімен алмастырылмаған. Сөйте тұра, 2018 жылы модернизацияланып, кемеде кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілгені айтылған. Ал кеме 1982 жылы пайдалануға берілген еді. Кеңес Одағының «1164» деп аталатын жобасы бойынша құрастырылған үш кеменің екеуінде заманауи радар тұрса, дәл «Москвада» «Фрегат М» және «МР800 Флаг» РЛС-терінің ескі үлгілері болыпты. Ал зениттік зымыран кешендері «С-300 Ф» және «ОсаМ А» қаруларынан құралған. Бірқатар сарапшы бұл кешендер теңіз бетіне жақын ұшатын қанатты зымырандардан қорғай алмайтынын айтады. Ақыры кеме суға батып тынды. Егер «1164» жобасы бойынша құрастырылған үш кеменің екеуіндегі, яғни «Варяг» және «Устинов» крейсерлеріндегі кешендер модернизацияланғанын ескерсек, ресейлік генералдар үшінші кемеге бөлінген қаржыны басқа мақсатқа жұмсаған болуы әбден мүмкін. Яғни, ресейлік крейсердің батып кетуіне украиналықтардың соққысымен қатар жемқорлықтың да «пайдасы» тигенге ұқсайды. Одан бөлек, ресейлік сарбаздар құрыш сауыттың орнына өрт сөндіру құрылғыларына арналған қалқанша салынған броножилеттер киіп жүргені де анықталды. Қырымдағы С-400 «Триумф» зениттік зымыран кешенінің бірқатары қуыршақ болып шықты. Шамасы, әскерилер жоғары жаққа «бәрі мықты, қару-жарақ сақадай сай деген» есеп жолдаған болуы мүмкін. Ал резервте тұрған танктің бірқатарының қозғалтқышы жоқ екені де белгілі болды. Тіпті, Украина жерінде қолға түскен ресейлік танкистер өздері мініп жүрген машиналардың кейбіреуі оқ ата алмаса, кейбіреуі жүрмейтінін айтты. Ресейдегі 12 500 танктің тек 450-інде ғана белсенді қорғаныс кешендері бар екені белгілі болды. Олар майданға апарылмаған. Айта берсе, теріскейдегі көршіміздің Қарулы күштерінде түйіні шешілмеген мәселе өте көп. Сөйте тұра, Қорғаныс министрі С.Шойгу 2022 жылдың қаңтарында «Ресей қарулы күштері бөлімдерінің 70 пайызы жаңа қарумен қаруланды» деген мәлімдеме жасаған. Ал іс жүзінде ресейлік әскерлер әлі күнге ескі көздеу жүйесі бар «Град», «Ураган», «Смерш» дүркіндетіп ататын қондырғыларды, түнде көру жүйесі мен заманауи оптикалық құралдары жоқ танктерді, ескі радар мен радиоэлектронды күрес қондырғыларын қолданып жүр. Армияда 2 мыңнан астам барлаушы, шабуылдаушы дрон бар екенін мәлімдеген ресейлік әскерилер Ираннан пилотсыз ұшатын қондырғы ала бастаған. Бұл факторларға Ресей сарбаздарының соғысуға құлықсыздығы мен офицерлерінің біліксіздігін қосыңыз. Ал Украина жауынгерлері өз Отанын, туған үйін қорғап жатыр әрі тәуір техникаларға да қол жеткізді. Тіпті, сарбаздар мен офицерлердің біліктілігін арттырғаны сонша, кеңестік кезеңнен қалған С-300, «Бук М1» зениттік зымыран кешендерімен-ақ қарсыластардың әуе және зымыран шабуылын мүмкіндігінше тойтарып жүр. Сонымен қатар кеңес кезінен қалған Су-25, Миг-29 тәрізді ұшақтарды да тиімді пайдаланып жатыр. Мұның өзі елдің қорғаныс қабілетін нығайту үшін бірінші кезекте білікті мамандар даярлау мен жемқорлықты азайту маңызды екенін көрсетіп отыр.
«Кісідегінің кілті аспанда»
Украинадағы соғыс қашан аяқталатынын болжау қиын. Дегенмен ұрыс, әлбетте бірінші кезекте украин халқы мен сарбаздарының жанкешті күресінің арқасында, екіншіден Батыс елдерінің Ресейге салған санкцияларының нәтижесінде аяқталатынға ұқсайды. Майданда жауынгерлер табандылық танытса, тылда, яғни Ресей әскерінің тылында санкциялар өз «еңбегін» сіңіріп жатыр. Мәскеу сүйеніп отырған қорғаныс өнеркәсібі кешеніне аса қуатты соққы жасалуда. Тіпті, мұндай соққы жасап, әлсірету жоспары сонау 90-жылдары жасалған ба, деп қаласыз. Өйткені Ресейдің қорғаныс өнеркәсібіне қажет бөлшектерді басым бөлігі «кісінің қолына өтіп» кетіпті. Атап айтқанда, 1991 жылдан бері Ресей қорғаныс өнеркәсібі кешенінде пайдаланып жүрген микрочиптердің барлығын шетелдік өнімдермен алмастырып тастапты. Тіпті, микроэлектроника өнеркәсібіне қажет аспаптар да шетелдікі. Мәселен, «Пульсар» ғылыми-өнеркәсіптік кәсіпорында жасалатын PVD250 станогы, FISNAR құрылғысы америкалық, ASM станогы германиялық өнім. Бұл құрылғылар зымырандарға қажет микроэлектрониканы жасау үшін қолданылады. Микрочиптер әзірлейді. Оның үстіне, Ресейдің Украинада қолданған қаруларынан АҚШ, Еуропа және Азия елдерінің компаниялары жасаған 450-ден астам компонент табылған. Ұлыбританияның Royal United Services Institute зерттеушілері 27 түрлі қаруды тексерген. Мамандар тактикалық зымырандардан бастап, әуеқорғанысы кешендеріне дейін зерттеген. Әлі 450 компонет солардан анықталыпты. Тіпті, «Искандер К» тактикалық зымыран кешенінің 9М727 зымыранына орнатылған микрочиптерді америкалық Texas Instruments Inc және Advanced Micro Devices Inc компаниялары мен қазір германиялық Infineon Technologies компаниясына қарасты Cypress Semiconductor фирмасы жасапты. Х-101 зымыранының 31 компоненті америкалық AMD корпорациясының құрамына кіретін Xiliix кәсіпорнының өнімі екен. Ал «Торнадо-С» дүркіндетіп ататын кешеннің зымырандары үшін Ресей Altera Corporation және Cypress Semiconductor компанияларының өнімдеріне мұқтаж. Ал «Орлан-10» пилотсыз ұшатын қондырғыны жасау үшін ресейліктер швейцариялық STMicroelectronics, жапониялық Saito Seisakusho, америкалық Analog Devices компанияларының өнімдерін пайдалануы қажет. Әрине, мұндай өнімдердің бәрі 1991 жылдан бері ресейлік өнеркәсіпке енгізілді десек, қателескен болар едік. КСРО кезінде шпионаж арқылы енгізіген технология да мол еді. 1964 жылдан бастап 1981 жылға дейін Texas Instruments Inc компаниясында кеңестік шпиондар жұмыс істеген. Сол жылдары КСРО батыстан талай құнды дүние ұрлаған. Әрі америкалық AIM-9 Sidewinder зымыранының көшірмесін жасап, оны «Вымпел К-13» деп атаған. Содан бері кеңестік-ресейлік қорғаныс өнеркәсібі кешенінде «өзімдікі» дейтін өнім жоқ тәрізді. Ал санкциялар бұдан кейін ресейлік қорғаныс өнеркәсібі кешенін мүлдем тұралатып тастауы мүмкін. Қазірдің өзінде Ресейде әрі кетсе 200 шамасында «Калибрь» зымыраны қалғаны айтылып жүр. Соғыс басталардың алдында Ресейде «Искандер» зымырандарының 14 бригадасы болған. Оларда жалпы саны 652 зымыран болғаны жайлы дерек тараған. Қазір олардың жартысы қалды ма, жоқ па, белгісіз. Ал оларды өндіру үшін шетелдік микрочиптер, түрлі компонент керек. Санкцияның тылды талқандап жатқанын айтуымыздың сыры осында.
P.S. Украинадағы соғыстың ерте ме, кеш пе аяқталары сөзсіз. Тәуелсіздік пен жерінің тұтастығы үшін күресіп жатқан халықтың жеңбеске хақы да жоқ. Дегенмен Еуропадағы соғыстан біздің де сабақ алмағымыз керек. Қорғаныс өнеркәсібі кешенін, Қарулы күштерді, әскердің жарақтандырылуы мен даярлығын тексеріп алмасақ, болмайтын тәрізді. Жемқорлықпен күрес те ымырасыз болуы қажет. Өйткені әлемнің «екінші армиясын» HIMARS қана емес, жемқорлық та қиратып жатыр.