Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толды. Армияның азды-көпті жетістігі де бар. Техника біршама жаңарды, әскерді жасақтаудың түрлі үлгілері сынақтан өтіп, оңтайлысына тоқталдық. Әрине, қазақ жасағы от пен оқтың ортасына кірмей-ақ қойсын, бірақ армия елді түрлі қатерлерден қорғауға қауқарлы деуге де болады. Дегенмен қаңтардағы дүрбелең кезінде Қарулы Күштерге қатысты түрлі сын айтылғаны рас. Тіпті, әскерилердің тәуекелге бара алмауы Президенттің де көңілін қалдырғандай болған. Демек, салаға қатысты сауал көп деген сөз. Сондықтан біз Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовқа бірқатар сауал қойдық. Бірден айтайық, армия дегеніңіз – кешенді құрылым, онда білім, мәдениет, денсаулық сақтау дейсіз бе, түрлі сала бар. Әскердің әлеуметтік жағдайының өзі бір төбе. Сол себепті министрден тек стратегиялық бағыттарға қатысты мәселелерді сұрадық.– Руслан Фатихұлы, Президент Қарулы Күштерді реформалау қажет екенін бірнеше мәрте айтты. «Қаңтар оқиғасына» дейін де бірқатар тапсырма бергені есте. Атап айтқанда, арнаулы күштерді көбейтуді тапсырғаны бар. Жалпы, реформа қай бағыттан басталады? Армиядағы арнаулы күштерді көбейтуден бе, қару-жарақ пен техниканы дамытудан ба, әлде тұтас Әскери доктринадан ба?
– Біз бұл жерде армияны реформалау тұрақты түрде жүргізілетін процесс екенін ұмытпауымыз керек. Оның мәні мен мазмұны әлемдегі геосаяси процестерді талдау нәтижелеріне, қарулы күресті жүргізу сипаты мен әдістерінің өзгеруіне байланысты түрленіп отырады.
Өзіңіз білесіз, былтыр ел Президенті мемлекеттің әскери ұйымын одан әрі дамыту мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған екі негізгі құжатты бекітіп берді. Олар – 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мен Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың тұжырымдамасы. Бұған 2017 жылдан бері қолданыста келе жатқан Әскери доктринаны да қосыңыз.
Сонымен бірге қазір Әскери доктринаны қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрамына мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволық ұйымдардың өкілдері кіретін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Ұсыныстар негізінде Әскери доктринаның кейбір бөлімдерін өзекті ете түсуге байланысты болжанатын өзгерістер мен толықтырулардың сипаты айқындалды. Соның ішінде соңғы жылдары жүргізілген әскери реформаларды ескере отырып, жұмыс ертерек басталған болатын. Ал қаңтардағы оқиғалар бұл процесті тездетті десе болады.
Әскери-саяси жағдайдың, оның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың шиеленісуі аясында доктринаны жаңа жағдайға бейімдеу көзделіп отыр. Сондай-ақ жаңа редакцияда күрестің гибридтік әдістеріне қарсы іс-қимыл жасау және тиісті күштер мен құралдарды ұлғайту жөніндегі шаралар қарастырылады.
Жақын арада жаңа Әскери доктринаның жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілердің интернет порталында және Қорғаныс министрлігінің сайтында талқылау үшін жарияланатын болады.
Бұл бұрын жүргізілген терең ақпараттық-талдау жұмыстарының, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының көптеген тапсырмаларының нәтижесінде жүзеге асырылып жатыр. Яғни, тиісті іс-шаралар мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қолданыстағы құжаттарына енгізіліп қойған. Ал Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін бұл жұмыс айтарлықтай жанданды.
Сонымен қатар биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Арнайы операция күштерінің қолбасшылығы құрылды. Бұл күштер әскери қатерлердің гибридті нысандарына жедел назар аудару, заңсыз қарулы құрылымдарға қарсы күрес пен антитеррорлық операцияларға қатысуға арналған.
Қарулы Күштерді заманауи, жоғары технологиялық қару-жарақ пен әскери техника үлгілерімен жарақтандыруды одан әрі жаңарту соңғы әскери қақтығыстарда ұтқыр әрі дәлдігі жоғары жүйелер мен кешендерді қолдану тәжірибесін ескере отырып, жоспарлы тәртіппен жүзеге асырылатын болады.
Осылайша, Қарулы Күштерді реформалау елдің әскери қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатердің барлығын ескере отырып жүргізіледі.
– Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, тәуелсіздік алғалы бері оқ-дәрі қоймаларының 20 пайызы ғана инвентаризациядан өткен деседі. Рас па? Егер рас болса, Қарулы Күштердегі реформалардың бірі ескі-құсқы мен жаңаны түгендеуден, әскери бөлімдерді орналастыру, нөмірлеу, қоймалардың орындарын ауыстыру тәрізді істерден басталғаны жөн емес пе?
– Оқ-дәрілердің 20 пайызы ғана түгендеуден өткендігі туралы Сізге жеткен ақпарат нақты емес. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қарулы Күштердегі түгендеу жыл сайын жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Алайда әңгіме үлкен көлемде сақтау туралы болып отыр. Кейбір қоймаларда олардың мыңдаған тоннасы кездеседі. Сондықтан түгендеу жұмыстары қару-жарақ пен әскери техниканың және оқ-дәрілердің бір бөлігін қамту арқылы жүргізіледі. Келесі жылы тағы бір бөлігі тексеріледі. Осылайша, бірнеше жыл ішінде бүкіл сақтау объектісі бақылауға алынатын болады.
– Мұны неге айтып отыр десеңіз, қазір технология заманында қазақ әскерінің әлеуетін шартты түрде кез келген адам біледі. Айталық, жер серігінен фото түсіретін компаниялардың ақылы қызметін пайдалансаңыз, оқ-дәрі қоймаларының, әуежайлардың, әскери бөлімдердің қайда орналасқанын оп-оңай тауып аласыз. Оның үстіне, Қазақстан Қарулы Күштерінің көп бөлімі КСРО кезінен қалған казармаларда орналасқан, нөмірлеуі де өзгермеген сияқты. 4 орынды санмен нөмірленсе, Ұлттық ұлан мен шекара әскері, 5 орынды санмен нөмірленсе, армия күштері екенін білеміз. Меніңше, өзгеріс осыдан басталуы керек қой. Сіз не дейсіз?
– Қорғаныс министрлігінде әскери бөлімдер мен ұйымдарға нақты және шартты атаулар беру және оларды хат алмасу кезінде қолдану ережелері әзірленген. Шартты атаулар әскери бөлімдерге олардың нақты атауларын, қандай құрылымға бағынатынын, қызмет сипатын және Қарулы күштер түріне, әскер тегіне, арнайы әскерлерге, материалдық-техникалық қамтамасыз ету әскерлеріне тиесілігін жасыру мақсатында беріледі. Осы ережелерге сәйкес, әскери бөлімдердің шартты атауы бес таңбалы сан көрсетілген сөздерден тұрады.
Біріншіден, 30 жыл ішінде әскери бөлімдердің нөмірленуі мен шартты атауы үлкен өзгерістерге ұшырады. Көптеген құрамалар мен бөлімдер таратылды. Олардың орнына жаңа бөлімдер құрылды. Тиісінше, оларға өз нөмірлері немесе ескі, жойылған әскери бөлімдердің нөмірлері берілді. Сондықтан Кеңес армиясында берілген нөмір бойынша белгілі бір әскери бөлімнің әлеуетін бақылау мүмкін емес.
Екіншіден, сіз айтқандай, заманауи технологиялар әскери бөлімдердің әлеуеті мен орналасуын «есептеуге» мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз халықаралық бақылаушыларға «Вена құжатына» сәйкес бірқатар мәліметтерді ұсынамыз. Осыған байланысты қарулы күштердің толық «жабықтығы» туралы айтудың қажеті жоқ.
Сонымен бірге мемлекеттік құпияларды қорғау туралы заңнамада «жабық» сегмент көзделген. Елдің қорғаныс мүддесіне сәйкес оларды жария етуге болмайды. Бұл мәселе құзыретті органдардың бақылауында және әскери құпияны сақтауға байланысты алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп жатыр.
Республикалық мемлекеттік мекемені бес таңбалы санмен әскери бөлімдер орналасқан жердегі әділет органдарында тіркеу кезінде мемлекеттік мекеменің атауы мемлекеттік меншік түріне (республикалық немесе коммуналдық) тиесілігін, ұйымдық-құқықтық нысанын және ведомстволық бағыныштылығын қамтиды. Әскери бөлімдер нөмірлерін қайта өзгертудің қажеті жоқ, өйткені бұл қосымша материалдық және ақшалай шығындарға әкеледі.
– 2017 жылы қабылданған Әскери доктринада «гибридті күрес» деген ұғым бар. Жұмсартып айтылғаны болмаса, ол кәдімгі гибридті соғыс. Біз бұл ұғымға көп назар аудармаудың кесірінен қаңтарда опық жеген сияқтымыз. Келісесіз бе?
– Күштік құрылымдар қаңтарда туындаған қауіп-қатерлерге төтеп бере алмады дегенге келіспеймін. Иә, елдегі жағдайдың мұндай ауқымдағы тұрақсыздығы алғаш рет болды. Сондықтан қауіпсіздік күштерінің әрекеттерін үйлестіруде, функцияларды бөлуде, қандай міндеттерді орындау керек екенін пысықтауда ойланарлық жағдай болғаны рас. Бастапқыда біздің жауынгерлер қаруланбаған еді, бірақ көпшіліктің қыспағына қарсы тұруға тырысты. Деструктивті күштер күрестің зорлық-зомбылық түрлеріне көшкеннен кейін ғана жеке құрамды қаруландыру туралы шешім қабылданды.
Десек те, қысқа мерзімде жұмыс ретке келтіріліп, жағдай бақылауға алынды.
Әскери ғылымда «гибридті күрес» деп әскери-саяси және әскери-стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекет аумағындағы жағдайды тұрақсыздандыруға әскери күш, әскери емес құралдарды (экономикалық, ақпараттық, саяси), террористік, экстремистік ұйымдар мен сепаратистік қозғалыстарды кешенді қолдануды көздейтін тәсілді айтады.
Егер гибридті қақтығыстағы Қарулы Күштердің рөлі туралы айтатын болсақ, онда армия әскери күшке, ішінара ақпараттық әсерге қарсы тұра алады, сонымен қатар әскердің қарсы тұратын күштері классикалық үлгідегі жау әскері немесе ел ішіндегі қарулы содырлар болуы мүмкін. Бірақ армия агрессордың саяси және экономикалық қысым жасау тәсіліне қарсы тұруға арналмаған.
Яғни, «гибридті күресте» мемлекет пен қоғамның барлық құрылымдарының келісілген әрекеттері қажет. Біз мұны қаңтарда жасай алдық па? Мемлекет үлкен сынаққа төтеп бергеніне сенімдімін. Біз конституциялық құрылысты сақтап қалдық. Халықтың да басым бөлігі басшылықтың саясатына қолдау көрсетті, қарапайым бейбіт өмірге оралуды қалады.
Бұл ретте әскери адамдардың өр рухын, олардың берген анты мен әскери борышқа адалдығын ерекше атап өткім келеді. Сындарлы сәтте бірде-бір сарбаз бен офицер қорқақтық танытқан жоқ.
Гибридті соғысқа дайындық Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда көптен бері жүргізіліп келеді. Бұл мәселелерді біз ел басшылығы мен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен оқу-жаттығуларда, жаттығуларда, әскери ойындарда сан мәрте пысықтадық.
Бұл сөз жүзінде ғана емес, нақты тәжірибе түрінде де дәлелденген. Осы жерде мынаны ескерген жөн, өмірде болатын оқиғалар әрдайым бұрын әзірленген оқу жоспарына сәйкес келе бермейді. Яғни, іс жүзінде не болатынын болжау өте қиын. Бірақ біз қорытынды жасадық, бүгінде қателіктерді жою бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
– Әрине, гибридті соғыс тәсіліне қарсы тұру үшін барлық күш құрылымдары, ішкі саясатқа жауапты мекемелер, тіпті білім беру мен ағарту ұйымдары, масс-медиа да өзара күш біріктіруі тиіс. Қорғаныс министрлігі гибридті соғыс тәсілдеріне қарсы ІІМ мен ҰҚК-ны қоспағанда өзге қандай ведомствомен тізе қоса жұмыс істейді?
– Мемлекеттің әскери ұйымы дегеніміз – Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, қорғаныс-өнеркәсіптік кешеннің жиынтығы. Олардың бірлескен қызметі мемлекеттің әскери қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз етуге бағытталған. Осылайша, бұл жұмысқа барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар тартылған.
Былтырғы қараша айында Мемлекет басшысы бекіткен Қазақстан Республикасының қорғаныс жоспарында қазіргі заманғы қауіп-қатерлердің гибридтілігі және елдегі ішкі жағдайды әскери емес құралдармен тұрақсыздандырудың басталуынан бастап, агрессияның туындауына және әскери күш қолдануға дейінгі әскери жанжалдың дамуының ықтимал кезеңдері ескерілген.
Қорғаныс министрлігі осы жоспар шеңберінде мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған әскери, саяси, экономикалық және өзге де шаралар бойынша барлық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.
– Армияның мобильділігін арттыру жиі айтылып жүр. Ол үшін транспорттық авиация паркін күшейту керек деседі. Президент солай тапсырған. Бірақ әуежайлар желісі қалай болмақ? Мәселен, С-295 ұшағы шағын әуежайға қона алатынына өз басым күмәнданамын.
– Әуе қорғанысы күштерінің авиациялық паркі қазіргі заманғы жойғыш ұшақтармен, әскери-көлік ұшақтарымен, соққы беруші және көліктік-жауынгерлік тікұшақтармен толықтырылып жатыр. Сонымен қатар барлау тапсырмаларын орындау, кедергі қою және жерүсті нысандарына дәл соққы беруге арналған екпінді-барлау, барлау және тактикалық мақсаттағы ұшқышсыз басқарылатын ұшу құрылғылары сатып алынбақ.
Әскери авиацияны сатып алу бізде бар инфрақұрылымды, оның ішінде ұшу алаңдарын ескере отырып жүргізіледі. Қазақстан аумағындағы әуе айлақтардың С-295 үлгісіндегі әскери-көлік ұшақтарын қабылдау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар әртүрлі әуе кемелерінің ұшуы мен қонуын қамтамасыз ету үшін жабдықталған арнайы автомобиль жолдары бар.
Сіз айтып отырған С-295 әскери-көліктік ұшағына келетін болсақ, ол еліміздегі кез келген әскери әуежайға қона алады. Олар тактикалық-техникалық сипаттамаларына сәйкес, тақыр жерге де қона алады. Бұл мүмкіндіктерін жаттығулар кезінде бірнеше рет көрсете алды.
Бұл ретте армияның ұтқырлығы авиацияның болуымен ғана емес, сондай-ақ жерүсті жеткізу құралдарымен де айқындалады. Бұл, ең алдымен, теміржол көлігі, сондай-ақ дөңгелекті техникаға да қатысты.
– Стратегияға қатысты тағы бір сұрақ. Былтыр Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамада «әуе-ғарыштық қорғаныстың тиімді жүйесінің элементтерін қалыптастыру жоспары» бар екені айтылған. Ал мұндай жүйенің стратегиялық түрлері біз үшін арман. Өйткені зымыранға қарсы стратегиялық қорғаныс жүйесі тек АҚШ пен Ресейде бар. Демек, зымыранға қарсы тактикалық қорғаныс жүйесін құру қажет. Ал бұл бағытта ресейлік кешендерден басқа нұсқа қарастырыла ма? Тым болмағанда РЛС, радиоэлектроникалық қорғаныс жүйелері дегендей. Білуімше, француздармен бірге «НҰР» РЛС-ін жасағанбыз...
– Бүгінде әлемдегі жетекші елдердің өзі де ЗҚҚ-ның тиімді жүйелерінің құрылысында айтарлықтай қиындықтарға тап болуда. Қазақстанға келер болсақ, зымыранға қарсы қорғаныстың кейбір элементтерін құру туралы сөз болып отыр. Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды құру және дамыту тұжырымдамасы шеңберінде ғарыш кеңістігінен бақылау, зымыран шабуылы туралы барлау және хабарлау жүйелерін қамтитын әуе-ғарыш қорғанысының базалық элементтерін құруға және әуе-ғарыш қорғанысын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар кешенді шаралар жүргізу көзделген.
Сонымен қатар қорғаныс құралдарын жоспарлау кезінде потенциалды қарсыластың ықтимал арсеналын да әрдайым ескеру қажет. Яғни, қажеттілік пен жеткіліктілік арасындағы тепе-теңдікті сақтау керек. Олай болмаған жағдайда ешқандай экономика мұндай жүктемені көтере алмайды.
Сіз «Нұр» радиолокациялық станциясы туралы өте дұрыс айттыңыз. Бұл біздің қорғаныс-өнеркәсіп кешеніміздің серпінді даму көрсеткіштерінің бірі. Қазақстан-француздық «Нұр» РЛС GM 403 аналогы заманауи элементтік базада жобаланған және радиоэлектрондық әсер
ету жағдайларында тиімді жұмыс істеуге қабілетті.
Аталған әскери техника «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіретін қазақстандық «Гранит-Талес Электроникс» кәсіпорнында өндірілді. 2019 жылдан бастап Қазақстан әскерінде қолданыста, пайдалану нәтижелері бойынша әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мамандарының пікірі жақсы. Бүгінде «Нұр» радиолокациялық станциялары еліміздің түрлі өңірлерінде жауынгерлік кезекшілік атқарады.
Жалпы кез келген мемлекеттің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне қатысты ақпараттар жабық әрі жалпыға бірдей қолжетімді емес. Сондықтан сізге еліміздің әуе шабуылына қарсы қорғанысының әлеуеті мен тиімділігі жайлы ешкім егжей-тегжейлі ашып айтпайды.
– Зымыранға қарсы қорғаныс туралы сөз еткенде бронды көліктің белсенді қорғанысын атап өтпеуге болмайды. Танктердегі динамикалық қорғаныс элементтері заманауи құралдарға қарсы дәрменсіз болып бара жатыр. Не істемек керек? Динамикалық қорғанысты, белсенді қорғаныс элементтеріне көптеп ауыстырамыз ба?
– Қару-жарақтың дамуы зақымдау құралдары мен қорғаныс арасындағы бәсекелестікті күшейтті. Сауытты техникаға келсек, (танктер, жаяу әскердің жауынгерлік машиналары, бронетранспортерлер) қазіргі уақытта зақымдау құралдарының мүмкіндігі техниканың қорғаныс жүйесінен асып түседі. Бұған соңғы жылдардағы жергілікті әскери қақтығыстарда (Сирия, Таулы Қарабақ, Украина) ұшқышсыз ұшу аппараттарын, жоғары дәлдіктегі оқ-дәрілерді, сондай-ақ танкке қарсы басқарылатын зымырандарды кеңінен қолдану айырықша ықпал етіп отыр. Бұл зақымдау құралдары сауытты техникалардағы динамикалық және белсенді қорғаныс құралдарының әлсіз жақтарын пайдаланады. Әдетте, сауытты техникаға зақым жоғарыдан жасалады, өйткені мұндағы құрыш тым жұқа, ал жоғарыдан келетін зымыран мен снарядтың тию бұрышына байланысты белсенді қорғаныс кешендерінің тиімділігі шектелуі болады. Сонымен қатар тандем оқ-дәрілері кеңінен қолданылады, бұл бекіністі нысандардың қорғанысын бұзуға мүмкіндік береді.
Динамикалық қорғаныс тиімділігін жоғалтатынын және белсенді қорғаныс кешендері қару-жарақтың айтарлықтай қымбаттауына әкелетінін ескере отырып, оларды қолданумен қатар, көрінетін, инфрақызыл және жылу диапазондарында бүркемелеу құралдары қолдану жағы ескеріледі. Бронды техниканы қолдану тактикасын жетілдіру, конструкцияларда заманауи материалдарды қолдану назарда болады. Қорғаныс министрлігінде қару-жарақ пен әскери техниканың, оның ішінде олардың оқ-дәрілері мен динамикалық қорғаныстарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларына тұрақты мониторинг жүргізіліп тұрады. Танктерді қорғау элементтерінің жаңа үлгілерін сатып алу қаржының бөлінуіне қарай жоспарлы тәртіппен жүргізіледі.
– Қазіргі армияны жер серігінің қолдауынсыз елестету мүмкін емес сияқты. Қазақстан қашан өзінің әскери жер серігін ұшырады? Жоспар жоқ па?
– Расында, қазіргі уақытта әскери мақсаттағы жасанды жер серігі әлемнің кез келген күшті және заманауи армиясының атрибуты болып есептеледі. Ондай жер серіктері үлкен шығын және ешқандай коммерциялық дивиденд әкелмейді, тек бір тапсырманы – мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ғана орындайды.
Көптеген елдер үшін бұл керемет мәртебе әрі сән-салтанаттың белгісі, өйткені ол тым қымбат. Сондықтан әскери һәм әлеуметтік-экономикалық міндеттерді бірдей орындайтын қос мақсатты жер серіктерін жасау танымал болып келе жатыр. Бізде Жерді қашықтықтан зондтаудың дәл осындай жер серігін жасау жобалау сатысына жетті.
– Әңгімеңізге рақмет!