Қазақ тіліндегі контент табыс әкеледі – Александр Аксютиц
Қазақ тіліндегі контент табыс әкеледі – Александр Аксютиц
506
оқылды
Елге белгілі журналист Александр Аксютиц қазір «Экспресс К» тізгінін ұстаған. Газетті ғана емес, сайтты да ұршықша үйіріп отырған Аксютицтің бүгінгі медиа, баспасөз нарығы туралы айтар өз пікірі бар. Журналистің бүгінгі баспасөзге берген бағасы қандай? Біздің сұхбатымыз да осы төңіректе өрбіді. – Сіздің «Экспресс К»-ға келуіңіз­бен газеттің жаңа дәуірі бас­талды деуге болады. Себебі газет ин­тернет-басылымға айналды. Әр нәр­сенің жақсы-жаманы бар деген­дей, осы жобадан не таптыңыз, не жоғалттыңыз? – Дәл осыдан бір жыл бұрын «Экспресс К» газетінің баспа нұсқасын жауып, жаңа EXK.KZ ақпараттық порталын аштық. Сол аралықта сайттың көрсеткіші әлдеқайда өскен. Мәселен, сайтқа бір тәулікте 5 мыңнан 150 мыңға дейін оқырман кіреді. Сонда бір айлық көрсетілім 9,5 миллионға жетті. Білсеңіз, бұрын оқылымы 240 мыңнан аспайтын. Қазір тіпті үш миллиондай қазақтілді жазылушы­мыз бар. Бұрын ондай тіпті болмаған. Сондықтан біз осындай өзгерістерге барғанымыз­да қандай да бір шығынға ұшыра­дық деп ойламай­мын. Оның үстіне, газеттің бола­шағы бар дегенге сенбеймін. Қазірдің өзінде интернет-ба­сылым, яғни сайтымыз Қазақ­стан­­дағы ең көп оқылатын жаңа­лықтар порталының үздік онды­ғында тұр. Ендігі мақсат – үштікке кіру. Сол себепті біз, яғни «Экспресс К» басты назарды қазақтілді ауди­торияға аударып отырмыз. Әсіресе, ауыл-аймақтағы жағдайлар шаш етектен асады. Әрине, арасында атышулы ақпараттар үшін ұрсып та жатады. Бірақ сынға дұрыс қарай­мыз. Бір сөзбен айтқанда, оқырман нені қалайды, біз соны береміз. Оның ішінде жаңалық та, өсек-аяң да бар. Бастысы, оқырман бізден қалағанын таба алады. Ал оған дәлел – көрсет­кішіміз. – «AMANAT», яғни бұрынғы «Nur Otan» партиясының бұрынғы баспасөз хатшысы, «Білім және мәдениет» және «Хабар-24» сияқты мемлекеттік телеарналардың экс-директоры ретінде айтыңызшы қазақтілді ортада, әсіресе БАҚ-та цензура бар ма? – Жалпы, ғаламдық интернет заманында ақпаратты шектеу мүмкін емес. Бірақ істейтіндер бар және ол бола бермек. Бұл – өмір заңдылығы. Бәрін бақылауда ұста­ғысы келетін ұмтылыс – шенеунік­тердің қанында бар дүние. Алайда біз журналист ретінде шындықты білуге құқығымыз бар. Сондықтан қандай да бір ақпаратты таратарда кәсіби жауапкершілігімізді ұмыт­пауымыз керек. Кейде жур­налис­тердің өзі билікті арандатып, қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр­лейді. – Қазақи ортада көбіне мемле­кеттік басылымдар мен телеарна­лардан шынайы ақпарат алу мүмкін емес деген түсінік қалыптасқан. Осымен келісесіз бе? – Шыны керек, өзге масс-медианы бірдеңе деп сынап-міней ал­маймын. Бірақ бізде жұмыс бары­сы қалай жүретінен айтайын. Мысалы, біз заңмен тыйым салын­баған дүниенің бәрін жариялаймыз. Алайда ешқашан саяси күрестің құралына айнал­маймыз. Сондық­тан қазақстандық­тардың бірлігіне, ұлтаралық және дінаралық келісім­ге, мемлекетіміздің тұтастығына нұқсан келтіретін ақпараттың таралуына жол бермей­міз. Соңғы уақытта Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру әрекеттері жиі байқалуда. Соның бәрі ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жүзеге асып жатыр. Міне, осы нәрсе бізді алаңдатады. Сол себепті де біз фейк ақпарат­тарды анықтап, шындықты ғана жазып, қарсылық көрсете аламыз. – Қазақтілді журналистерді әріптес көресіз бе, әлде бәсекелес пе? Әлде ресейлік БАҚ-ты бәсекелес көресіз бе? – Ресейлік БАҚ-ты бәсекелес санамаймын. Шынын айтсақ, Қазақстандағы орыстілді ауди­тория­­ның басым бөлігі елдегі жаңалық­тарды көбірек оқиды. Қазір сайтымызда қазақтілді 3 миллион, орыстілді 3 миллион оқырман бар. Енді сол аудиторияны одан әрі ұлғайту үшін барымызды салудамыз. – Қазақ тілін қаншалықты жақсы білесіз? Қазақ тілін жақсы түсінемін, бірақ әзірге сөйлеуге қысыламын. Меніңше, бәрі алда, ол күнге де жетерміз. Оның үстіне, қазаққа күйеубаламын. Өйткені келіншегім – қазақ, балаларымда қазақтың қаны бар. Оған қоса, Қазақстан – менің Отаным. Елден кету ойымда жоқ. Сол себепті шегінерге жол жоқ. Сондықтан қазақшамды шыңдау үстіндемін. – Сіздің Salem Social Media деген жобаңыз бар. Сәтті шыққан, табысқа да кенелдіңіз. Қазірдің өзінде 12 миллион адам жазылған. Қазақстан­дықтардың көңілін веб-сериалдармен жаулап алған секіл­дісіз. «Сәке» сияқ­ты сериалдардың қазақша нұсқасы неге жоқ? – Salem Social Media орыс тілінен гөрі қазақ тіліндегі теле­шоуларды көбірек түсіреді. Мысалы, біздің «Аппақ келін» атты жаңа жобамыз бар, көрсеңіз, сізді бейжай қалдырмайды. Оны Aitube.kz сайтынан көре аласыз. Жалпы, біздің салада қазақтілді контентке сүйенгендер ғана табысқа жете алады. Оған көзім жетті. Осыны «Экспресс К», Salem Social Media арқылы жүзеге асырып, дәлелдеп келеміз.