Батыр Бәукеңе қатысты тың ақпараттар
Батыр Бәукеңе қатысты тың ақпараттар
375
оқылды
Қазақ үшін Бауыржан Момышұлы есімі ерліктің синониміне айналып кеткелі қашан? Ел арасында батыр атымен байланыстырыла айтылатын аңызға бергісіз түрлі әңгіме айтылады. Ал жақында Ресей мұрағаты­нан Бауыржан Момышұлының өмірінің белгілі бір мезетінен сыр шертетін құжаттар табылып, елге жеткізілді. Осы орайда аталған іс­тің басы-қасында жүрген батыр­дың немере інісі Бекет Момын­құлға хабарласып, мұндай құнды қазынаға қалай қол жеткенін сұ­раған едік. – Құжаттарды табыстау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ­стан Қарулы Күштерінің Мем­ле­кеттік әскери-тарихи музейінде өтті. Іс-шарада Ресей мем­­лекетінің Қазақстандағы ел­шісі Алексей Бородавкин құжат­тарды өз қолымен маған тапсыр­ды. Подольск мұрағатынан келген құжаттардың ішінде Бауыржан Момыш­ұлы­на рәсімделген жал­пы­одақтық коммунистік партия мүшесінің тіркеу бланкісі, ЖКП мүшесінің партиялық би­леті мен есеп карточкасы, КОКП мүшесі Момышұлының тіркеу бланкісі, Момыш­ұлының есеп карточка­сын­дағы фотосуреті, «Адам соғы­су­ға үйренеді» атты мақаласы, КСРО Жоғарғы кеңес прези­ди­умы­­ның «Б.Момышұлын «Қызыл Ту» орденімен марапаттау туралы» қаулысы және батыр­дың қайтыс болуына байланысты «Казах­стан­с­кая правда» газетінде жариялан­ған қазанама бар. Қазір көптеген журналист мұны «құпия құжаттар» деп түсінеді. Алайда оның ешқан­дай құпиясы жоқ. Ашық құжаттар, – дейді Б.Момынқұл. Құпия болмаса да, аталған құ­жаттар құнды екені даусыз. Бұл ба­тыр Бәукеңнің туыстарына ғана емес, еліміз үшін бағалы һәм тари­хи жәдігер. Сондықтан ба­тыр­дың немересінен осынша уа­қыт өткеннен кейін құжаттар еліміз­ге қалай келгенін тереңірек сұрадық. карточка – Атамыздың 100 жылдығы қарсаңында Мәскеуге барған «Бауыр­жантану» ғылыми-зерттеу орта­лығының қызметкерлері көрші елдің архивінде 11 мың па­рақ құжаттың сақталып тұрғанын, алай­да оны алуға рұқсат беріл­ме­генін айтты. Содан өткен жылы Мәскеу түбіндегі ұрыстың 80 жыл­дығына орай Ресейдің «Рус­ский дом», «Россотрудничество», «Российская исто­ри­ческая об­щес­тво» ұйымдары Бауыржан Мо­мыш­­ұлының «За нами Мос­ква» кітабын қайтадан басып шы­ғарды. Сол кітаптың тұсау­ке­се­рінде жоғарыда айтылған құ­жат­­тарға қол жеткізуге ұйым өкіл­дерінің көмектесуін сұрадым. Ара­да біраз уақыт өткенде Мәс­кеу­ден хабар­ласып, құжат­тарын Қазақстанға жібере­тінін айтты. Атамыз 1956 жылы әскери қыз­меттен отставкаға кеткен. Алай­да 1982 жылы Бәукеңнің өмір­д­ен өткен күніне дейін жүріс-тұры­сы сырттай бақыланып, құ­жат түрінде жинақталып отырып­ты. Яғни, белгілі бір ұйымдардың қа­таң қада­ғалауында болған. Мені осы жағы қатты таңғал­дыр­ды. Ресейден бөлек өзіміздің бас мемле­кеттік архивте де атамызға қатысты құжат көп. Оларға да қол жет­кізу жоспарымызда бар, – дейді батырдың немересі. Бекет Момынқұлдың айтуын­ша, жыл өткен сайын Бауыржан Момышұлына қатысты тың де­рек­тер анықталып жатыр екен. Соның бірі – 1942 жылы Панфилов бас­қар­ған дивизияның командирі, полковник Иван Серебряков КСРО мен ҚазКСР-нің Жоғарғы кеңесінің президиумына хат жа­зып, Бауыржанды «Кеңес Ода­ғының Батыры» атағына ұсынған. Алайда хатқа 1 жыл бойы ешкім жауап бермеген. Содан Серебря­ков ұсынысын қайта жолдағанда Жоғарғы кеңесте шешілуі тиіс мәселе Жуалы ауданындағы ешкімге белгісіз Орақ-Балға кол­хо­зындағы жиында талқыланып, жұрттың қарсылығы желеу етіліп, «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілмей қалған. Осы құжат қазір еліміздің мұрағатында тұр екен. Алайда оған қол жеткізу қиын. Рұқсат етілмеген. Ел ішінде тарай бастаған тағы бір дерекке қарағанда, БҰҰ-ның құ­рылуы қарсаңында Сталин одақ­қа кіретін 15 республиканы дер­бес мемлекет ретінде жариялауды жоспарлаған деседі. Ал ол үшін әр елдің Сыртқы істер және Қорғаныс ми­нистрліктері құрылуы тиіс болған. Содан Мәскеу Қазақстанның бас­шылығына Бауыржан Мо­мыш­ұлына генерал шенін беріп, Қорғаныс істері министрі етіп тағайындау жөніндегі ұсынысхат жол­дайды. Бірақ біздегілер бұған жаппай қарсы шығып, Мәскеуге келіспейтіндерін айтыпты. Кейін сол хаттың көшірмесін Бауыржан атамыздың өзі Подольскіден тауып әкелген. Сосын оны тарих ғылым­дарының докторы Көкіш Рыспаевқа көрсетеді. Бірақ бұл құжат ізім-ғайым жоғалып кеткені жайлы әңгіме бар. Батырдың немере інісі аталған құжатты «әдейі жойып жіберуі мүмкін» деген күдігі барын жасырмай отыр. Бір қуанарлығы, Ресей мем­лекеті Бекет Момынқұлға Подольс­­кідегі мұрағатта жатқан өз­ге де құжаттармен танысуға рұқ­­сат етіп отыр. Бұйыртса, батыр­­дың немересі 3-4 айда осы жұмысқа кіріспек. Жол шығынын Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов көтеруге уәде еткен. Бұл – ұлттық мұра мен батыр рухына тағзым еткен әкімге тән іс. Енді тек Бекет Момынқұлдың Ресей мемлекетіне сапары сәтті болып, мол мұрамен оралуын тілейміз.

Жамбыл облысы