Оқиғалар жылдам өзгеретін уақытта бізді келешекте күтіп тұрған жайттарды білгіміз келеді. Алайда болашақты болжау оңай емес. Айтып отырғанымыз ішкі және сыртқы саясат, экономика, білім мен инновация. Әрине, бұл салада құмалақ ашпайсың. Ғылыми әдістер бар. Соның бірі – форсайт. Егер аталған әдіс-амалды елде қолдана алсақ, келешекке дайын бола аламыз ба?
Дәл бүгін елдегі, әлемдегі жағдаяттарды болжау қиын. Процестер жылдам жүре бастағандай. Болып жатқан оқиғалардың нәтижесін білгісі келетіндер көп, бірақ болжау әдістері бар ма? Олар сапалы ма? Сенуге бола ма? Сан сауалдан нақты мысалдарға көшейік. Жыл сайын Ақмола облысындағы Атбасар секілді бірнеше ауданда өзендер тасып, су басады. Былтыр Үкімет су тасқынының салдарын жою үшін 160 млрд теңге бөлді. Биыл да Төтенше жағдай министрлігі су басу қаупі жоғары аймақтарды атады. Ендеше осы шығынды азайтудың, алдын алудың жолы бар ма?
Немесе басқа бір мысалды алайық. Ресей армиясы Украинаға басып кірді. Соғыс ашты. Батыс елдері Ресейге санкция жариялады. Санкцияның «салқын самалын» Қазақстан да сезді. Рубльдің бағамына тығыз байланған теңге бір күнде құлдырап, құны 1 долларға шаққанда 470 теңгеге дейін жетті.
Осы екі жағдайда да процесс одан әрі қалай өрбиді? Нәтижесі не болады? Біз қандай жағдайға дайын болуымыз керек деген сұрақтар туатыны хақ. Әрине, долбар айту оңай. Бірақ үкіметке, қоғамға да нақты жауап қажет. Сондықтан мұнда тексерілген ғылыми әдіске жүгінсек, жемісін беруі мүмкін. Сондай әдістің бірі – форсайт. Форсайт (foresight) – бұл болашақтың бейнесі туралы, жағдайдың өрбуі жайлы нақты бағытты анықтай отырып, оның аясындағы әрекеттерді келісуге мүмкіндік беретін технология және коммуникация форматы. Қарапайым тілмен айтқанда, ғалымдар бір саладағы процестер қалай дамитынына сан түрлі болжам жасайды. Соның ішіндегі ең тиімдісін таңдап, оны жүзеге асырудың іс-қимыл жоспарын түзеді.
Жалпы, бұл әдіс 1950-жылдардан бері қолданыла бастады. Оны АҚШ-та RAND корпорациясы ойлап тапты. Кейін Оңтүстік Корея, Жапония және басқа елдерге тарап кетті. Бастапқыда бұл «салмақты» және өте қымбат болжау технологиясы саналды, себебі оның аясында көптеген сарапшы айлар бойы жұмыс істеді.
Форсайт – бұл тек болжау емес, нақтырақ айтсақ, жобалау ұғымына жақын келеді. Бұл әдіс болашақтың құбылмалы екенін және келешек бүгінгі амал-әрекетке тікелей байланысты екенін түсінуге негізделген. Сондықтан форсайт әдісіне қатысушылардың алдында тұрған негізгі сұрақты былайша тұжырымдауға болады: «болашақтың сіз қалаған нұсқасына жету үшін біз қазір бірге не істеуіміз керек?».
Сонымен, аталған болжау әдісі қалай жүзеге асады? Әдетте сарапшыларды, процесті басқаратын модератор және талқылауды бақылайтын және барлық жазбаны жүргізетін фасилитатор таңдалады. Қатысушылардың саны 7-15 адам аралығында, ал талқылау уақыты бірнеше күннен аспайды.
Яғни, форсайт әдісі қолданылуы үшін белгілі тақырып таңдалады. Ол кешенді түрде зерттеледі. Осыдан кейін ғана сарапшылар шақырылады. Сарапшылар назарына зерттеу нәтижелері ұсынылады. Оның негізінде бірнеше қорытынды жасалады. Сол қорытындыларға негізделе отырып, сарапшылар жағдайдың одан әрі келешекте даму, өрбуінің бірнеше сценарийін анықтайды. Мұнда форсайт зерттеуге кім тапсырыс бергені де маңызды. Егер үкімет болса, онда үкіметке аталған сценарийлердің ең ұтымдысы таңдалып, кейін оған қол жеткізудің нақты жұмыс жоспары жасақталады. Осылайша, болашақтың бейнесін қалауымызша өзгертуге болады.
Жалпы, қандай да бір салада белгілі бір тақырыпта форсайт әдісін қолданар алдында ол сала жіті зерттеледі. Ол зерттеу жұмыстарының негізінде гипотезалар құрылады, содан кейін ғана сарапшылар талқылауды ұйымдастырады. Мәселен, қазір Маңғыстау өңірінде жалақысын көбейтуді талап етіп, Президентке үндеу жасап жатқан ұжым өкілдері көп. Мұндай фактілер былтырдан бері жиі қайталанып келеді. Егер бұл жағдай жалғаса берсе, облыстағы ахуал не болмақ? Аталған сұраққа форсайт арқылы жауап беруге мүмкіндік бар. Дегенмен алдымен Маңғыстау өңіріндегі жұмысшыларды, еңбек дауларын, кәсіподақтар жұмысын, халықтың әлеуметтік жағдайын, олардың ой-пікірлерін, аймақтың жалпы даму деңгейін толық зерттеу қажет. Осы зерттеулердің нәтижесінде бірнеше тұжырымдама түзіледі. Тек содан кейін ғана сарапшылар шақырылады. Алайда келешекті дәл болжау үшін сарапшылар қатарына Маңғыстаумен етене таныс, бұрын осы тақырыпта, өңірде зерттеу жасаған, еңбек дауларынан хабары мол саясаттанушы, әлеуметтанушы немесе экономистерді шақырған абзал. Сонда ғана болжам сапасы артады. Әрине, сарапшылар саны көп әрі құрамы әртүрлі болса, сан алуан пікір де туады. Осылайша, сапаны көтеруге тағы бір мүмкіндік бар. Мәселен, Ресейде «Жаңа мамандықтар атласы 2.0» жобасына әлем бойынша 4 мың сарапшы қатысқан екен.
Форсайт әдістердің нәтижесі сапалы шығу үшін түрлі ғылыми әдіс қолданылады. Олардың қатарында сарапшылар отырысы, Дельфи әдісі (екі кезеңді сарапшылар сауалнамасы), SWOT талдау, сараптау, сценарий құру, технологиялық жол карталары, «өзектілік ағаштары» және тағы басқасы бар. Сондықтан форсайт болжаудың кешенді әдісі саналады.
Ал енді аталған әдіс пайдаланып жасалған болжамдардың қанша пайызы дәл келіп, орындалды? Мұнда дөп басып ату қиын. Алайда мүлт кететіні сирек. Мысалы, 2015 жылы Global Education Foresight атты Калифорниядағы білім саласындағы алғашқы форсайт басқосуда айтылған болжамдардың біразы орындалған. Біз қазір көріп отырған трендтің көбі дәл сол кезде болжанған: білім беруді цифрландыру жалғасады, білім берудің жаңа форматтары пайда болады және тағысын тағылар.
Жалпы, форсайт әдісі инновация, білім, ғылым саласында кең қолданылады. Себебі инвесторлар өз капиталын белгілі бір салаға құю үшін келешек туралы нақты түсінікке ие болғысы келеді. Әрине, ондайда фантасттардың қиялы емес, нақты зерттеулерге негізделген болжамдар көмектесуі мүмкін. Сонда ғана құйылған инвестициялардың өзін-өзі ақтау мүмкіндігі жоғарылай түседі.
Ал дәл қазір Қазақстан үшін Ресей мен Украина арасындағы соғыстың соңы аса маңызды екені мәлім. Оның нәтижесін де аталған форсайт әдісі бойынша болжауға және оның ықтималдығы жоғары сценарийіне дайындықты бастауға болар еді. Әрине, ол үшін Ресей мен Украинаны терең зерттеген білікті отандық халықаралық қатынас мамандары, саясаттанушылар, экономистер қажет.