Құрмет Талапқазы: Маған атақ керек емес
Құрмет Талапқазы: Маған атақ керек емес
436
оқылды
Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғыны Құрмет Талапқазы жаздағы қуаңшылық тұсында ауылдарға жемшөп жіберіп,  қоғамдық бастамаға мұрындық болған еді. Қытайда туып-өскен ол Қазақстанға 19 жасында көшіп келген. Пандемия кезінде тіпті үйіне қайта бара алмаған. Халық құрметіне бөленген азамат бүгінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Белсенді азаматтар бастама көтеріп, Құрметке ел-жұрт баспана сыйлады. – Қуаңшылық кезінде ерікті­лер­ді бастап, батысқа жемшөп жі­бергеніңізден хабардармыз. Шөп ору асарын бастауға не түрткі болды? – Оңтүстік өңірден 170 вагон жемшөп жөнелтілді. Күннің 40 гра­дус ыстығында көмектесуге ниеттілердің бәрі далаға шығып, шөп шапқысы келе бермейді. Ауыз­бен орақ орғанша, тірлік іс­тейін, пайдам тисін дедім. Далада, тоғайда түнеген кездер болды. 4 күн бойы жалғыз өзім шөп ордым. Су белден келеді, шөп орамын деп жүргенде беліме шаншу қадалды. Ашуға булығып, бәріне қол сілтеп, кетіп қалғым келген кездер болды. Бірақ істі бастаған соң аяқсыз қалдыру мүмкін емес еді. Жан-жақтан хабарласып, көмектесеміз деп жатқанда ауру ұмытылып кетті. Бесінші күні 15 адам келіп, асарға қосылды. Әр жерден «көмектессек» деген ел-жұрт хабарласа бастады. Бірі шөппен, енді бірі ақшалай көмектесті. Жинаған шөпті жеткізу қиын болды. Ел біліп, жұмыс жүре бастағанда «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы мал азығын тасымалдау құнын 75 пайызға ар­зан­датып берді. Оралда 25 вагон те­гін жемшөп жиналып, Маң­ғыс­тау облысына жіберілді. Сонда те­мір­жол тасымалының ақысын тө­лей алмай, 3,5 миллион қарызға баттық. Дайын жепшөпті жеткізу үшін бір кісіден қарыз алғанбыз. Ол қайта-қайта ақшасын сұрап, бі­раз қажытты. Артынан ел аға­ла­ры көмектесіп, қарызды қайтардық.

ЕЛГЕ КЕТЕМІН ДЕГЕНІМДЕ ЕШКІМ ҚОЛДАМАДЫ

– Бір сұхбатыңызда «әке-ше­шем, туыс-туғаным Қытайда қал­ған. Отбасымды көрмегеніме 5 жыл­дан асты», – дегеніңіз бар. Қазір ол жақтағылардың жағдайы қалай? – Еркіндік жағынан болмаса, жағ­дайлары жақсы. Төрт түлік ма­лы бар, 2 мың гектардай жері бар. Қазақстанға келемін десе, қазір шек­ара жабық. Қытайда 3-сы­нып­та оқып жүргенімде Қазақстанға баруды қатты армандайтын едім. Отаныма келіп, елімнің қам­қор­шысы боламын деген бала ар­ман болды. Мектеп бітіріп, елге кетемін дегенімде ешкім қолда­мады. Сол кезде шахтада жұмыс істейтінмін. Миллион теңгеден аса қаражат жинап, жартысын әке-шешеме беріп, қалғанына оқуға түсемін деп құжат жасаттым. Қа­зақстаннан оқуға шақырту келген соң ауыл ақсақалдарына көрсетіп, бата сұрадым. 2016 жылы туған-туыстар үлкен той жасап, елге жі­берген. М.Әуезов атындағы уни­вер­ситетке грантқа түстім, алайда аттестатым Алтайда қалып қойған соң тегін оқуға қабылдамады. Ауыл­ға хабарласуға қысылып, ақы­лы оқимын деп шештім. 2-курс­та оқудың ақшасын төлей­мін деп жүріп, құрылыста жұмыс істеп жүргенде аяғымның сіңірі үзіліп кетті. Жарты жылдай жүре алмай қалдым. Содан 2-курстан кейін оқуды тастадым. Денсау­лы­ғым жақсарған соң зауытқа жұ­мысқа орналастым. – Атажұртқа келгенде халықтың қабылдауы күткеніңіздей болды ма? – Туған-туыс, бауырларын, әке-шешесін шетелде қиып тастап кету екінің бірінің қолынан кел­мейді. Сол себепті өкінеді. Бірақ өкі­ніп-өкініп қояды, себебі одан пайда жоқ екенін біледі. Көше сыпырып, иен далада ит пен құсқа жем болсаң да, өз Отаныңда жүр­генге ештеңе жетпейді. Мен қара­пайым қазақ жігіттеріне кінә таға алмаймын. Көмектесейік дегенде асарға кел­меді деп өкпеге қимай­мын. Өйткені қазіргі қоғам солай. Біреуге біреудің жаны ашуы екі­та­лай. Керісінше, осы жағдайдан ке­йін халық мейірлене түсті деп ой­лаймын. Мен қырылып жатқан мал­ды көріп, қатты күйзеліске түстім.

ҚАЗАҚПЫН ДЕП ҚАНША АҚТАЛСА ДА...

– Бұған дейін «Ендігі мақсат – ата-анамды елге көшіру» дегені­ңіз бар. Бірақ жоғарыда «Қазақстан­ға көшемін дегенімде отбасым қарсы болды» деп айтып қалды­ңыз. Олар­дың түбегейлі елге ора­луы мүмкін бе? – Бұйыртса, Сыртқы істер ми­нистрімен, ел Президентімен жо­лы­ғып, шетелдегі қандастарымыз­дың жайын айтқым келеді. Өз отбасымның ғана емес, Ирандағы, Ауғанстандағы, Моңғолиядағы, Ресейдегі қандастар мәселесі оң шешімін тапса деймін. Олар елге бос келмейді, зауыттарымен бірге көшіп келуі мүмкін. Көші-қонды қайта жандандыру қажет. Кейбір кісілер отбасыңды елге алдыр­та­йық деп жатыр, ауылды тастап, өз отбасымды ғана алдыртсам, жігіттігіме сын. Бір ауыл ғана емес, Қытайдағы қазақтардың бәрі ата­жұртын аңсап отыр деп ойлаймын. Арнайы комиссия құрылып, нақты әрекет болса, 12 ауданның 65 па­йы­зы Қазақстанға көшеді деп се­не­мін. Елге ораламын деген адам бі­рінші, туып-өскен жерді қи­май­ды. Екіншіден, өз еліме кетемін де­ген адамға Қытай тарапынан қол­дау жоқ, ал біздің елдікі ша­ма­лы. Сол себепті бір отбасында алты адам болса, төртеуі Қазақстанға көшеміз десе, біреуі міндетті түрде қарсы болады. Сол үшін шет­елдегі қандастарға Қазақстанға ке­ліп, саяхаттау жағын шешіп бер­се, туған жердің кереметін, қауіпсіз екенін түсініп, қалып қояр еді деп ой­лаймын. Қытайда алдағы 3-4 жылда төлқұжатта тек Қытай аза­маты деп жазылмақ, яғни ұлты жа­зылмайды. Ол кезде қандас­та­ры­мыз қазақпын деп қанша ақтал­са да, кейбір «қазекеңдер» аза­мат­тық алуға жәрдемдесудің орнына, қытайсың деп қуып жіберетін шығар.

УАЙЫМ БАР

– Қайтарымсыз кәсіпкерлік грант­қа ие болдыңыз. Министрлік мара­пат­тап жатыр. Журналист, меценат, ха­лық болып баспана алып берді. Ба­сын­да билікті сынадыңыз. Қазір қоғамға деген көзқарасыңыз өзгерді ме? – Үкіметтегілерді жұмыс жүру үшін сынадым. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» дейді. Бұрын көп нәрсеге көңілім толмайтын. Осы жағдайдан кейін көзқарасым өзгерді. Себебі істің басы-қасында жүріп, басқарудың оңай емес екенін түсіндім. Хал­қы­мызда «Ел басына күн туса, ер етік­пен су кешер» деген даналық сөз бар. Жағдай қиын болса, бей­жай қарап тұра алмаймын. Маған атақ та, билік те керек емес. Жер ақы­сын, ел ақысын өтеп жатыр­мын. Тегін оқуға түсемін, тегін үй аламын деген ой үш ұйықтасам да, түсіме кірмеген. Алланың қалауы­мен ең­бегімді елеп жатқандары үшін хал­қыма, кәсіпкерлерге, ел ағаларына мың алғыс. Кейде бұ­рын­­ғы кезімді сағынамын, ол кез­де алаңсыз едім. Қазір елге қандай пай­дамды тигізе аламын деген уа­йым бар. Жауап­кершілікті сезінесің. – Шөп шабу науқаны ойдағыдай аяқталды ма? Жалпы, шаруа қалай шешілді? – Ойдағыдай болмады. Жағдай әлі қиын. Біз қолдан келгенше 14 мың тонна жемшөп жібердік. Бірақ ол түк те болмайды. Семей­ден бір ағамыз 15 вагон жемшөп жібергелі жатыр. Сонда да көк­темге дейін шамамен 20 мың тонна жіберу керек. Сол кезде ғана мә­селе шешілді деп айтуға болады. – Әңгімеңізге рақмет!