Тәуелсіздік жылдары қайта түлеген Түркістан
Тәуелсіздік жылдары қайта түлеген Түркістан
297
оқылды
Елбасының тарихи Жарлығынан соң Түркістан облысында аса ауқымды да маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Содан бері өткен үш жылдан астам уақыт ішінде түркі әлемінің рухани астанасы ретінде Түркістан қаласы күн санап адам танымастай көркейіп, түлеп жатса, киелі қаланың атауын иемденген өңірдің аудан-қалалары мен ауылдары да қатар даму үстінде. Қастерлі қалада жүздеген сәулетті ғимараттар мен нысандар пайдалануға берілді. Жаңарып жатқан Түркістан мен өңірді тамашалау үшін биылдың өзінде 1,3 миллионнан астам қонақ келген. Өңірдің әлеуметтік жағдайы мен басқа да атқарылып жатқан қыруар жұмыстар жайлы Өмірзақ Шөкеев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге арналған брифинг барысында айтып берді. Әлеуметтік желілерде тікелей эфирде өткізілген брифинг ба­рысында облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы «Мемлекет басшы­сы­ның Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы» атты баянда­ма­сынан соң іс-шараға оффлайн және онлайн жүйеде қатысқан БАҚ өкілдерінің сауалдарына да жауап берді. Тәуелсіздіктің арқасында оң­түстік өңірде аса маңызды жо­ба­лар жүзеге асырылғанын тілге тиек еткен Ө.Шөкеев егемендік ал­ған 30 жыл уақыт ішінде ат­қа­рылған жұмыстарға тоқталды. «Биыл – Қазақстан Тәуелсіз­дігінің 30 жылдығы. Тарих көзі­мен қарағанда, аз ғана мерзімде жаңашыл мемлекетіміздің негізі қаланды, қоғамдық сана жаң­ғырды, Отанымыз өркендеді. Ал­ған асуларымыз бен шыққан биіктерімізді Елбасының есі­мі­мен бірге айтудың тарихи негізі бар. Тәуелсіздік жылдарда жалпы халықтың әл-ауқаты жақсарды. Әр өңірде ірі жобалар іске асы­рылды. Мәселен, біздің өңірде ірі экспорттаушыларға айналған «Кентау трансформатор зауыты», «ҚазақБитум», «Күйдірілген кірпіш өнімдерін шығаратын Бөкей», «Нимекс мақта тазалау зауыты», «Мақта өңдеу зауыты», «Ордабасы құс фабрикасы», «Құрғақ түйе ұнтағын шығаратын Golden Camel», «Балық өнімде­рі­нің өндірісі Хамит и К», DalaFruit сияқты компаниялар құрылды. Бұл экономикалық өсімнің жар­қын көрсеткіші болды. Бұдан басқа 300-ге жуық кәсіпорын ашылып, онда 23 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр», – деді аймақ басшысы. Айталық, 2010-2020 жылдар аралығында индустриаландыру бойынша 140,5 млрд теңгеге 122 жоба іске асырылып, 7 340 тұ­рақты жұмыс орны ашылған екен. Индустриаландыру картасы ая­сында жобаларды іске асыру бұ­рын өзімізде өндірілмейтін және негізінен экспортқа бағытталатын 12 өнім түрі бойынша өндірісті дамытуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ кеңестік заманда жүзеге аспай, арманға айналған жобалар тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асты. Мәселен, Сырдария өзенінен «Тәуелсіздік көпірі», «Арнасай айналма жолы», Таш­кент, Алматы және Қызылорда бағытында «Батыс Европа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік көлік дәлізі» салынды. Түркістан облыс орталығына айналды. Сыр­дария бойындағы елді мекен­дерді су тасқынынан қорғау үшін «Көк­сарай» су реттегіші мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магис­тра­лінің салынуы да осы Тәуелсіз­діктің ең үлкен жемісі. Облыс әкімі Түркістан облысы бойынша атқарылып жатқан жұ­мыстар туралы және жеткен жетістіктер жайлы жан-жақты баяндады.