Саяси өзгеріс – уақыт талабы
БҰҰ-ның Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев «Тұрақты даму экономикалық өсімге ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік және саяси дамуға да байланысты» деген еді. Бұл – кеше ашылған жаңалық емес. Ғасырлар бойы Еуропа елдерінің дамуынан туған аксиома. Неге? Өйткені саяси жүйе либерализацияланбаса, жабық әрі қатаң режимде қала берсе, елді жемқорлық жайлайды, халықта құқықтық нигилизм туады, абсентизм орнайды. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімді тежейтіні хақ. Осы себепті саяси ашықтық – стратегиялық талаптың бірі. Ал интернет пен әлеуметтік желі кең тараған заманда мұны жоққа шығару мүмкін емес. Бәлкім, осы себепті Президент бастама еткен алғашқы өзгерістердің басым бөлігі саяси-құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталды. Митинг туралы, парламенттік оппозиция туралы жаңа заңды даярлауға, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруға, «Жала жабу туралы» бапты Қылмыстық кодекстен алып тастауға, саяси партияларды тіркеу талаптарын жеңілдетуге, партиялық тізімде әйелдер мен жастарға арнайы квота бөлуге, ауыл әкімдерін сайлауды өткізуге тапсырма беруі саяси реформалардың негізгі бөлігін құрады. Егер бұл өзгерістерді бейтарап тұрғыда бағаласа, олар саяси жүйенің бірнеше секторын қамтығанын байқаймыз. Яғни, партиялық жүйе, парламенттік жүйе, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі, азаматтардың өз ұстанымын жариялау және оны қорғау құқығы, тағы басқа салалар. Ең бастысы, аталған жаңа заңдар тұрғындардың өмірін, қоғамдағы белсенділігін шынайы өзгерте бастады. Бір ғана ауыл әкімдерін сайлау құқығы аймақ тұрғындарына біраз мүмкіндік бергенін айта кеткен жөн. Олар тек ауыл әкімін сайлап қана қойған жоқ, сондай-ақ енді өз елді мекеніне бұрынғыдан да жауапты бола бастады. Биыл жазда өткен ауыл әкімдерінің сайлауында жеңіске жеткен әкімдердің 51 пайызы жаңадан сайланғандар екен. Яғни, менің дауысым ештеңе өзгертпейді деген қасаң түсінік қалып барады. Ауыл тұрғындары жаңа азаматтарды таңдаған. Оған қоса, әкімді сайлау ісі бүгінгі жаңашылдық емес. Елбасы Н.Назарбаевтың 2016 жылы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында көрсетілген реформалардың жалғасы деп түсінуге болады. Себебі онда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдірудің бір әдісі ретінде әкімді сайлау мен жергілікті бюджетті қалыптастыру көрсетілген. Әрине, пандемия саяси реформаларды біршама тежеп қойғанын байқадық. Алайда қоғамның саяси өмірі өзгере бастады. Мәселен, бұрындары әкімдік қызметкерлері «саяси қатер», «революцияның ұшқыны» деп бағалайтын қарапайым митингі қазір жаңа заң қабылданған соң еліміздің кез келген қаласында биліктің рұқсатынсыз өткізуге болады, тек алдын ала ескерту қажет. Мәселен, жақында ғана тіркелген «Ел тірегі» партиясының жақтастары елорда мен Алматыда кезекті митинг ұйымдастырды. Бүгінде бұл күнделікті көп шараның бірі сияқты естіледі. Жалпы, аталған өзгерістер азаматтық қоғамның дамуына жағдай жасауы тиіс. Яғни, тек алғышарттарын түзеді, ал берілген мүмкіндікті одан әрі тиімді пайдалану азаматтардың өзіне тікелей байланысты.Бақуатты өмір бүгін басталуы тиіс
Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толып, жаңа мемлекет құрылды десек те, әлі де Кеңес кезеңінің көп «мұрасы» толық шешілген жоқ. Тізбектесек, ол тізім ұзын сонар болары анық. Кедейлік, баспана тапшылығы, моноқалалар, инфрақұрылымдардың ескіруі және басқалар. Дегенмен көне түйткілдер жаңа шешімдерді талап етеді. «Кезекке тұр, уақытың жеткенде жарылқаймыз» деген Үкіметтің дәстүрлі жауабы бүгінде көпшілікті қанағаттандырмайды. Әлеуметтік проблеманы нарық әдісімен шешетін мүмкіндік керек. Оған қоса, азаматтар ертең, келешекте емес, дәл бүгіннен бастап жақсы, лайық өмір сүргісі келеді және бұл – табиғи қажеттілік. Осы себепті Президент Тоқаевтың әлеуметтік мәселерді шешудегі біршама бастамасы проблемалардың түйінін толық тарқатып жібермесе де, көп азаматты несие құлдығынан, баспанасыз көшпенді өмірден, кедейліктің қамытынан құтқарды деуге болады. Ең бастысы, бұл шешімдердің нәтижесі ұзақмерзімді, бүгін көрініп, ертең естен шығатын популистік қадам емес. Себебін тарқатайық. Ең алдымен, несие амнистиясын алайық. 250 мыңнан аса адамның 300 мың теңгеге дейінгі несиесі бюджет есебінен кешірілді. Оған қазынадан бақандай 105 млрд теңге бөлінді. Бұл Жарлыққа күмән келтіргендер де аз болған жоқ. Себебі «біреудің ұялы телефонға, үтікке алған несиесін мен неге өз салығымның есебінен өтеуім керек» деген пікірлер жиі айтылды. Орынды аргумент. Алайда бұл бір реттік шешім еді және жұрт масылдыққа бой үйретпеуі үшін банктерге төлем қабілеті төмен кісілерге несие беруге де тыйым салынды. Яғни, бейберекет несие таратуға шектеу қойылды. Бұл әлсіз топтарды қарыз батпағынан шығып, тұрмысын түзеуге ықпал етті деуге болады. Оған қоса, несие амнистиясы әлемде кең тараған тәжірибе. Мәселен, Ирландия (1992ж.) Корея (2013ж., 2017ж.), Грузия (2018ж.), Әзербайжан (2019ж.), Исландия (2007ж.), Ұлыбритания (2008ж.) өз уақытында дәл осындай шешім қабылдаған.Қазақстан тарихында алғаш қабылданған ерекше әлеуметтік шешімнің бірі – зейнетақы жинағын баспана алу үшін шешуге рұқсат беру (кейін өзге де мақсаттар қосылды). Аталған Жарлыққа тағы да күмән келтірген қаржыгерлер болды. Себебі олар азаматтар зейнетақы жинағын бүгін жұмсап, қартайған шағында қаражатсыз қалып кетуі мүмкін деп алаңдады. Мұндай тәуекелді де жоққа шығаруға болмайды. Оған қоса, баспана нарығында баға өсуі мүмкін еді.Дегенмен 2021 жылы жарияланған баспананың қолжетімділігі рейтингінде Қазақстан 109 елдің арасында 35-орынды иеленді. ТМД елдерінің алды. Алайда бұл көрсеткішке тоқмейілсуге болмайды. Көп отбасыларға баспаналы болу үшін қаражат жетпейді. Азаматтар 30-35 жасқа келсе де, «өз үйі – өлең төсегіне» жете алмайды, алайда 10-15 жыл қызмет қылып, біршама зейнетақы жинағын топтаған. Президент сол ақшаны үй алуға рұқсат беру арқылы 470 мыңдай адамның баспаналы болуына жағдай жасады. Осылайша, зейнетақы қорындағы 2 трлн теңгеге жуық қаражат нарыққа шықты. Әрине, ол да түрлі бизнестің жандануына ықпал етеді. Сондай-ақ 55 мыңдай адам 50 млрд теңгеге (жинақтан) емделу мүмкіндігіне ие болды. Бұл нені көрсетеді? Мыңдаған адам «жарқын болашақ», «алаңсыз өмір» деген мақсатын жылдар бойы күтпей 2021 жылы-ақ оған қол жеткізді. Себебі зейнетақы жинағы өзінің адал ақшасы. Денсаулығын түзеп, үйлі болғандардың тұрмысы да түзеледі. Бұл алаңсыз қарттыққа, зейнеткерлікке апарар жол. Яғни, Президенттің аталған Жарлығы бүгіннің ғана емес, келешектің де әлеуметтік мәселесін шешуге жағдай жасады.
Онжылдықтың басты күресі
Әр он жыл сайын әлемде дағдарыс қайталанады деген ұғым бар. Дүние тарихының даму спиралі соны көрсетеді. Бұл рас па, жоқ па, белгісіз. Жаһанды дүр сілкіндірген 2008 жылғы қаржы дағдарысы мен коронавирус пандемиясы басталған уақыттың арасы – 11 жыл. Бірақ «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, 2019 жылы тарай бастаған эпидемия әлем бұрын-соңды көрмеген дағдарыс әкелді. Бүгінге дейін дүниежүзі бойынша 251 млн адам аталған кеселді жұқтырып, 5 млн-ға жуығы одан көз жұмды. Бұл тек тіркелгендері. Жалпы, пандемия әлемдік экономикаға 4 триллион доллар шығын әкелді деген дерек бар. Кесапат Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Талай адам ауруға шалдықты, қайтыс болды, дәрі-дәрмек, ауруханада орын жетпеді. Кейбірі әлі де аурудың салдарымен күресіп келеді. Пандемия біздің қоғамның сан алуан кемшілігін көрсетті. Кеселмен күресуге бөлінген ақшаны жымқырғандар да табылды, отандық медицина, фармацевтика қуатты емес екен. Онлайн білімге дайын болмай шықтық. Дегенмен мұндай қысылтаяң сәтте мемлекет басшылығы қате жіберуге құқығы жоқ еді десек, артық емес. Себебі инфекцияның таралуын шектеу үшін әр күнді тиімді пайдаланып, ұтымды әрі жылдам шешімдер қабылдау талап етілді. Сондықтан да Президент Тоқаев ел тарихында алғаш рет республика көлемінде төтенше жағдай жариялады. Үкіметтің барлық жұмысын үйлестіру үшін Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Ауруды ауыздықтау үшін бірден қалалар арасына блок-бекеттер қойылды, оқу процесі онлайн режимге ауысты, әуе, теміржол қатынасы тоқтатылды. Көшедегі ретсіз серуенге, той-томалаққа тыйым салынды. Жұмыссыз қалған азаматтарды қаржылай қолдау үшін 42 500 теңгеден жәрдемақы үлестірілді. «Nur Otan» партиясы өз атынан бөлек көмек қорын ұйымдастырды. Мұқтаж жандарға азық-түлік, басқадай материалдық көмек көрсетілді. Әрине, өзіңді өзгелермен салыстыра беру психологиялық комплекстің белгісі болар, бірақ кейде жағдайды сараптау үшін салыстыру қажет-ақ. Мәселен, Орталық Азияның басқа елдерінде Қазақстандағыдай бюджет есебінен қолдау көлемі болған жоқ. Айталық, көрші қырғыз елінде пандемия барысында үкіметтің әлеуметтік функциясын кейде волонтерлер, тіпті ұйымдасқан қылмыстық топтар да атқарған кездер болды. Қалай десек те, мұның барлығы уақытша шара екені, эпидемияны тоқтатудың негізгі жолы жаппай вакцинация екені белгілі еді. Осы себепті Мемлекет басшысы сол кездегі қолжетімді вакцина ресейлік «Спутник V»-ті елімізге көп көлемде жеткізіп, отандық екпені жасап шығаруға пәрмен берді. Кеше ғана ауруханада орын таппай, дәрі тапшы болған елдің медицинасы қауіпті инфекцияға қарсы вакцина жасап шығара алады дегенге сенетіндер аз еді. Алайда 1 жыл мерзімде отандық QazVac дүниеге келді. Бүгінде Қазақстанда алты бірдей вакцина тіркелді, соңғысы Pfizer өнімі күні кеше елге жеткізілді. Осылайша, 2021 жылдың қараша айының ортасында 8,4 млн халық осы екпенің бірін салғызды. Бұл – халықтың 44 пайызы. Әрине, бұл Еуропа елдеріндегідей 70-80 пайыздық көрсеткіш емес. Дегенмен «мұсылман болу әсте-әсте» демекші, ол межеге де жетерміз. Бұл тұста 8 млн халықты вакциналау оңай болмағанын, билік өзінің әкімшілік ресурстары арқылы табандап талап қойғанын, антиваксерлерге қарсы тойтарыс беруіне тура келгенін айта кеткен жөн. Осы шаралардың арқасында 10 қараша күні Қазақстан «жасыл аймаққа» көшті. Яғни, коронавирусқа қарсы кешенді қадамдар нәтижесін берді деген сөз.Келешекке тың көзқарас
Сөз басында постпандемия дәуірі мемлекеттік менеджментті өзгерте бастағанын айттық. Енді ескі әдістер тиімсіз болуы мүмкін. Жұрт онлайн өмірге бой үйретті. Оған қоса, шешімдер үлкен деректерге (Big Data), жасанды интеллектің (AI) жұмысына негізделмесе, әдеттегі «болашақта тұрмыс түзеледі» деп жалпылама мақсат қою енді жарамайды. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен былтыр Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік пен Реформалар жөніндегі жоғары кеңес құрылды. Бұл бастамалар экономикалық, әлеуметтік, саяси реформаларды тереңдету және мемлекеттік жоспарлау саласына стратегиялық көзқарас (strategic vision) қажет екенін көрсетті. Агенттік биыл Президент тапсырмасымен 10 ұлттық жобаны ұсынды. Олар білім, бизнес, медицина, экология, қауіпсіздік, цифрландыру және басқа да бағыттарды қамтиды. Ұлттық жобалар бұған дейін жылдар бойы қолданыста болған мемлекеттік бағдарламаларды алмастырады. Олардан ерекшелігі де бар. Негізгісі – ұлттық жобалар сандық көрсеткішке емес, адамға бағытталған. Яғни, бұрынғыдай мақсат бір саланы пәленше пайызға дамыту емес, адамның әл-ауқатын, адами капиталын арттыру. Мемлекеттік бағдарламаларды бағалау жұмыстары, Есеп комитетінің тексерістері көптеген индикатордың орындалмай келе жатқанын көрсеткен. Ал ұлттық жобаларды бағалау әдістері басқаша. Әрине, кейде Үкіметтің бастамалары «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарадының» кебін киіп, жарнамасы нәтижесін басып озып жатады. Алайда бұл жолғы ұлттық жобалар ескі қателіктерді қайталамас деген үміт бар. Пандемия бізді көп нәрсеге үйретті. Соның бірі – қоғамды цифрландыру саласында кенжелеп қалғанымыз. Дегенмен 1 жылда біраз сала онлайн режимге жылдам ауысты. Бұған дейін дәрігерге жазылу, оқушының тапсырмасын тексеру, онлайн сабақ оқу жолға қойыла бастаған еді. Енді мемлекеттік қызмет саласының кезегі келді. eGov порталын жетілдіру міндеті тұр. Алайда бұл функцияны 500 млн долларға ресейлік «Сбер» компаниясына беру туралы келісім қоғамда қатты сынға ұшырады. Себебі қазақстандықтардың жеке деректері Ресейге өтіп кетуі және Мәскеуге технологиялық тұрғыда тәуелділік туындауы мүмкін деген алаңдаушылық мол. Иә, АҚШ-тың сайлау жүйесіне хакерлері арқылы араласты деп айып тағылған Ресейден көп нәрсені күтуге болады. Алайда цифрландыру арқылы мемлекеттік қызметті жетілдіру, деректерге негізделген шешім қабылдау, адами фактор мен шығынды азайту деген игі идеялар болашаққа апарар жол екені анық. Бұл – Президент Тоқаевтың тапсырмасы.Алтын Орда мұрагері
«Өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі, өткенін еске алған – өскендіктің белгісі», – дейді қазақ. Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды десек те, Дешті Қыпшақ даласы ұлы қағанаттар мен хандықтардың ізі қалған кеңістік екенін жадымызда сақтауымыз қажет. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» дегені де бекер емес. Талай империяның түбіне жеткен көшпенділер армиясы Тұран даласының қорғаны еді. Соның бірі – Бату хан негізін қалаған Алтын Орда бүгінгі Қазақстанның ататегі, протомемлекеті екені тарихи факт. Алтын Орданың алып территориясы қазіргі республикамыздың жерінде жайылып жатты. Бүгін осы тарихи мұрамызды қайта зерделеп, жаңғырту – аса маңызды миссия. Бұл халықтың рухани өрлеуіне, жас ұрпақтың қалыптасуына оң әсерін тигізері хақ. Осы мақсатта Президент Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығын өз деңгейінде атап өтуге себепші болды. «Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтын» ашуға тапсырма берді. Алтын Орда мемлекеті туралы жаңа зерттеулерге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал биыл қазан айының соңында Алтын Орданың астанасы болған Сарайшық қаласы қоныс тепкен Атырау жерінде «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» халықаралық конференциясы өтті. Бұл нені көрсетеді? Постпандемия кезеңі шұғыл экономикалық, әлеуметтік, тіпті саяси дамуды талап етсе де, халықтың рухани кемелденуін ұмытуға болмайды. Елдің тарихи мұрасын тың деректермен бекемдеп, халықтың жадында жаңғырту күн тәртібінен түспейтін миссия.Сөз соңында...
Әр мемлекеттің өз даму кезеңдері болады. 2019 жылғы 19 наурыз Қазақстан үшін сындарлы сәт еді. Кейінгі 2 жылдай уақытта мемлекет басшылығында Елбасы Н.Назарбаевтың ұстанған саясатының сабақтастығын сақтап, жалғастыру және эпидемияны ауыздықтап, экономикалық өсімді төмендетпеу міндеті тұрды. Аталған міндет абыройымен атқарылған соң енді постпандемия дәуірінде республиканы келесі беласу күтіп тұр. Бұған дейін Президент Тоқаев басшылығымен жүргізілген реформалар, стратегиялық шешімдер жүзеге асырылатын кезең келе жатыр. Ол – президенттік 5 жылдық уақыттың екінші бөлігі әрі Қазақстан дамуының келесі кезеңі.Нұрмұхамед БАЙҒАРА