Ақша қайда, Bek Air?
Ақша қайда, Bek Air?
242
оқылды
Әуе апатынан кейін жұмысы уақытша тоқтатылған Bek Air компаниясы жолаушыларына күшін жойған билеттерінің құнын қайтаруға асығар емес.
Bek Air компаниясы өкілдері: «Жолаушылардың 10 қаңтарға дейін билет құнын толығымен қайтарып алуға немесе басқа әуекомпанияларының қызме­тіне алмастыруға мүмкіндіктері бар» деген болатын. Бұл мүм­кіндікті пайдаланбай, қаражатты қайтып алғысы келген жолау­шылар Bek Air компаниясына байла­ныс­ты өз шағымдарын айта бас­та­ды. Мысалы, Нұр-Сұл­тан қа­ла­сының тұрғыны Са­қып Құ­сайынова: «Ұлым мен келінім 2019 жылдың 27 желтоқ­санында Атыраудан Нұр-Сұл­танға ұшып келіп, 12 қаңтарда кері қайтпақ болған еді. Олар билетті интер­нет арқылы сатып алған, билет­тің құны 93 мың теңгесін әлі күнге дейін қайтарып ала алмай жүр», – дейді.
Жолаушылар кәсіпорынның қолдау қызметі мен билеттерді сатып алған онлайн ресурстарға, call-орталықтарға хабарласса да, еш нәтиже шықпай отырғанын айтады. Ал әлеуметтік желідегі пікірлерді әуетасымалдаушы әдейілеп өшіреді екен. Bek Air әуе­компаниясынан билет сатып алып, құнын қайтара алмағандар Telegram-да арнайы чат та аш­қан. Мұнда 50-ден астам адам бар. Олардың бірі әуекомпа­ния­сының call-орталығы жауап бер­ген ха­барламасын салған. Онда кәсіпо­рын билет құнын қайтара алмай­тыны, әуекомпа­ниясының шо­тын­да ақша жоқ екені жазыл­ған. Ал қаражат рейс­тер жаңар­тыл­ғанда ғана болады делінген. Осы жағдайдан хабардар Аза­мат­тық авиация комитетінің қыз­меткер­лері: «Егер билет құнын қайтар­маған жағдай туындаса, тұрғы­лықты жеріңіздегі сотқа ша­ғым берген жөн. Өйткені әр жолаушы билет алып, ол рейс болмаса, ақшасын қайтарып алуға құқылы» деген­нен басқа сөз айта алмады.   Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ