Заманауи киностудия салына ма?
Заманауи киностудия салына ма?
357
оқылды
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Арман Әсенов киностудияның толықтай техникалық модернизациясы бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл еліміздің басты кино алаңы – «Қазақфильмнің» өркендеуі бағытында жасалып жатқан басты мәселенің бірі. Осыған орай, киностудия әкімшілігі кеңесу үшін әлемнің үздік мамандарын тартуда. Жақында ғана киностудияның мо­дер­низациясы жобасы шеңберінде Арман Әсеновтің арнайы шақыруымен Голливуд продюсері А.Фрадис 5 күнге со­зылған жұмыс сапарымен Алматыға кел­ген болатын. Келіссөздер барысында «Қазақфильм» президенті шетелдік қо­наққа киностудияның тыныс-тіршілі­гі­мен таныстырып, павильондар мен техни­каларын көрсетіп, киностудияның жеткен жетістіктері, қиындықтар мен ал­­дағы жоспарларын бөлісті. Сонымен қа­тар киностудияның әкімшілігі қаламыз­дың көркем жерлеріне экскурсия ұйым­дас­тырды. Делегация Шымбұлақ және Шарын шатқалына барып қайтты. Кинос­тудияның басшысы шетелдік қонаққа белгілі казақстандық фотограф Николай Постниковтың еліміздің табиғаты сурет­телг­ен «Ұлы дала бояулары» атты авторлық альбомын естелікке сыйға тартты. Айта кетсек, А.Фрадистің модерниза­ция мәселелері бойынша үлкен тәжірибиесі бар. Ол өзінің кинодағы мансабын Одесса киностудиясында бастаған. Кейін 1970 жылы АҚШ-қа көшіп, Голливудта америкалық киножобалардың насихатталуына үлкен үлес қосқан. Сондай-ақ ол посткеңестік кезеңде киностудиялар жұмыстарының ұйымдастыру ерекшеліктерімен жақсы таныс және әлемдік прокатқа бағытталған блокбастерлер шығаратын америкалық кинокомпаниялар мен продюсерлерге қа­жетті өзекті мәліметтерді біледі. Атап өтсек, А.Фрадис «Мосфильм», Украина мен Кореядағы киностудиялардың модер­низациясына белсене атсалысқан. Ол Мәскеудегі «Октябрь» кинотеатрының құрылысы жобасының әзірлеу жұмыс­тарына, сондай-ақ «НТВ Кино» компания­сын ұйымдастыруына белсене қатысқан. Голливудта қомақты қаржымен туын­дылар түсірілетіні жасырын емес. Басқа елдерде белгілі бір дәрежеде баламалы қыз­мет көрсететін студиялардың жоқтығы­нан олардың өндіріске жұмсалатын қаражаты да азаймайтыны белгілі. Сондықтан да «Қазақфильмде» жаппай жаңғырту жұмыстары жүргізілген жайғдайда отандық киностудияның қызметі шетелдік компаниялар арасында бағасы жағынан бәсекелес болып, үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз. Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылы Қа­зақстанның кино өндірісі саласында үлкен өзгерістер орын алды. Былтырғы жылдың 3 қаңтарында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Кинематография туралы» заңға қол қойды. Бұл заңдағы өзекті аспектілердің бірі – Қазақстан аумағында (бюджеті 1 млн доллардан кем емес) фильмдер түсіретін шетелдің кинокомпаниялары өндіріске жұмсалған қызметтерінің құнын 30%-ға дейін қайтару мүмкіндігі – rebate (субсидий) жүйесі енгізілген. Бұл тәсіл Казақстанның кино өндірісіне қосымша инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді, ал ол үшін әлемдік стандарттарға сай заманауи киностудия қажет. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті А.Әсенов және Aurora Films Entertainment Corporation ком­паниясының директоры А.Фрадис кездесу нәтижесінде «Қазақфильм» киностудиясының модер­ни­зациясы жо­басы аясында бірлесіп жұмыс істеу туралы хаттамаға қол қойды. Ынты­мақ­тастықтың келісімі бойынша ше­телдің қонағы «Қазақфильмнің» бүгінгі техникалық мүмкіндігі бойынша сараптық қорытынды жасап, әлемдік стандарттарға сай киностудия модернизациясының толық жоспарын ұсынатын болады.   Гүл БЕКЗАТ