«Бөрте – ұлы әміршілердің анасы» – Дулат Исабеков
«Бөрте – ұлы әміршілердің анасы» – Дулат Исабеков
1,007
оқылды

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Дулат Исабеков «Бөрте» пьесасын аяқтап, ұлы әміршілердің анасы туралы жазған көркем дүниесінің соңғы нүктесін қойды. «Бөрте» тақырыбын жазу туралы үш-төрт жыл ойланып жүргенін, жазудың сәті енді ғана түскенін айтады. Шыңғыс хан туралы көркем дүниелер де көп жазылды, көркем фильмдер де  түсірілді. Тіпті, тарихи се­риал­­дар да бар. Ал Бөрте тағдырын қозғаған шығарма кемде-кем. Ұлы қағанның әйелі туралы толыққанды деректер де көп емес. Жазушыны бұл тақырып неге қызықтырды? Дулат Иса­бе­ков­ке қойған алғашқы сауалымыз да осы болды.

– Шыңғыс хан тақырыбында қа­лам тартып жүргендер өте көп. Әрі тарихи тұлғаға  қатысты дау-да­май да жиі айтылады. Соған қара­мастан, Бөрте туралы пьеса жа­зуыңызға не себеп болды? – Соңғы төрт-бес жыл бойы осы тақырыпты қаузасам қайтеді деп жүруші едім. Бөртенің тағ­ды­ры, оның өмірі туралы жиі ойлай бастадым.  Бір күні «осы мен Бөрте тақырыбын неге жазбаймын?» деген ой сарт ете қалды. Содан бері осы тақырыпқа көп іздене бас­тадым. Шыңғыс ханға қатысты жаз­балардың барлығын дерлік парақ­тап шықтым. Бірақ нақты Бөрте туралы жазылған тарихи кітап­тар жоқтың қасы. Барлық шежіреде  қысқа-қысқа берілгені­мен, шынайы оқиғалар жазыл­мағанын байқадым. – Шынайы оқиғалар жазыл­маған болса, тарихи деректерді қайдан таптыңыз? – Жалпы, Шыңғыс ханның өміріне қатысты түпнұсқа сана­латын үш қолжазба бар. Олар: «Моң­ғолдың құпия шежіресі», «Алтын топшы» және Рәшид әд-Диннің «Жылнамалар жинағы». Бірақ мен негізгі дерек көзі ретінде  «Моңғолдың құпия шежіресі» кітабына сүйендім. Өйткені ол 1240 жылы жазылып біткен. Одан кейінгі кітаптардың дені – 100-200 жыл өткен соң жазылған дүниелер. «Моңғолдың құпия шежіресі» мен «Алтын топшыны» көбірек пай­даланғаным да сондықтан. Қалған кейбір детальдерді кейбір кітап­тардан қарадым. Үш-төрт жыл бойы Бөртеге қатысты деректің бәрін іздеп, оқып, табуға тырыс­тым. 27 бет материал болды. Содан кейін ғана жазуға отырдым. – Пьеса қанша күнде жазылды? – «Бөрте» – менің өмірімдегі ең ұзақ жазған шығармам. Оның себебі  Бөрте тарихи тақырып қой. Тарихтан аттап та кете алмайсың. Егер құр тарихи деректермен жаза берсең, онда ол тарихи драма болып шығады. Бірақ негізгі оқиғалардың бәрі сол тарихи шығармалардан алынды. Әуелі зерттеу жүргізіп, тарихи деректерді тізіп алдым да, төрт-бес айда жазып шықтым. Біттім-ау дегенде  тың деректер, жаңа фактілер кездесіп қалады. Қайта өңдеп, қайта қосып шығамын. Өзгертіп болдым ғой деп отырсаң, тағы бір қызықты оқиға кездесе кетеді. Тіпті, осы тақырыпқа қалам тарт­ты-ау деген, көзі тірі тарихшы­лардың барлығымен дерлік  Бөрте тағдыры туралы сөйлесіп көрдім. Кейде олардың пікірлерінің өзі бір-біріне қайшы келіп жатты. Қарап тұрсаң, «Моңғолдың құпия шежіресінің» өзінде бір алшақтық байқалады.  Шыңғыс хан мен Бөртенің қосылу тарихында үлкен бір бос кеңістік бар. Есукей  ең алғаш Тимуджинге қыз айттыруға алып шыққанда оның жасы тоғызда болатын. Жол-жөнекей Дай шешеннің үйіне бұрылады ғой. Сол үйде олар Бөртені көреді. Сол жолы Есукей батыр қоңырат тайпасының  қызына құда түсіп, Тимуджинге айттырып кетеді. Ол кезде Бөртенің жасы – 10-да. Ал кітапта «Бөрте тұңғыш ұлы Жошы­ны дүниеге әкелгенде жасы 31-де еді» деп жазады. Бұл деректі оқы­ғанда қатты таңғалдым. Мұны қалай жазсам болады деп көп ой­ландым. 31-ге дейін Бөрте бала көтермеген бе? Немесе ол неге Шыңғыс ханға кеш қосылды? Айттырған соң араға он жыл өткен соң, екеуі бас құраса, Бөртенің жасы 20-да болуы керек.  20 жастың өзі моңғолдар үшін кемпір деген сөз. Олар қыздарын 14-15 жаста ұзатқан. Осындай кейбір түсініксіз мәліметтер де араласып жүр. Өзім күмәнданған тұстарымды тарих­шылардан, деректі біледі-ау деген адамдардан сұрап отырдым. – Жалпы, кей тарихшылардың деректері бір-бірімен қабыспай жататыны белгілі. Ертең сіздің пьесаңыз сахналанғанда бұл мәселе тағы да алдыңыздан шықпай ма? – Негізгі дерек көзі ретінде «Моңғолдың құпия шежіресін» алғанымды айтып отырмын. Тарихшылардың өзінде де кей деректерде қарама-қайшылық өте көп. Мен оны олардың өзіне де айттым. «Тарихи тақырыпқа қалам тартқаныммен, деректі шығарма жазып отырған жоқпын. Менің пьесам – көркем дүние» дедім. «Сендерге сенсем, кей деректерде бірізділік жоқ. Ертең бұл пьеса сахнаға  шыққан кезде  он шақты тарихшы түгел барып, көрермен ретінде тамашалайтын болса, он шақтысы он түрлі пікір айтатын түрлерің бар. Сондықтан менің өз пікірім бар: ол – «Моңғолдың құпия шежіресі». Қателессе де, кей деректер дәл емес десеңіздер де, сол кітапты негізге алдым. Жалпы, Бөрте – жинақталған образ. Яғни, көркем дүние. «Ойбай, Бөрте өйтпеген еді, бүйтпеген еді» деп, тырнақ астынан кір іздеп, әр детальді бұрмалап дау айта бермең­дер. Осыны есте сақтаңдар» деп өздеріне де ескерттім. Негізгі пары­зымды орындап, тарихшы­лардың пікірін тыңдадым. Өзімнің білгенімше емес, «Моңғолдың құпия шежіресі» бойынша жазып шықтым. – «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын топшыдан», бөлек,  Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» тарихи романы бар. Бөртеге пайдалана алдыңыз ба? – Шыңғыс хан тақырыбына қалам тартқандар аз емес. Мағауин­­нен бөлек, Шыңғыс Айтматовтың «Шыңғыс ханның ақ бұлты» деген пьесасы бар. Сол бойынша кино да түсірілді. Шыңғыс хан туралы қаншама романдар бар. Оның бәрін бір пьесаға сыйдыру мүмкін емес. Шыңғыс ханның өзі туралы айтатындардың көбі айтып болды. Том-том кітаптар бар. Жалпы, бар­лығына тән дерек бір: арада қан­шама ғасыр өтіп кеткен соң, тың­ғылықты жаңалық ашу да қиын. Әрине, Шыңғыс хан тақырыбы жазылып бітті деп, тағы айтуға да болмайды. Әлі де бұл тақырыпты қаузайтындар болады. Менің басты мақсатым – Бөртені жазу болды. Сол тақырыптың үдесінен шықтым деп ойлаймын. – Пьесаның соңғы нүктесін қой­дыңыз. Спектакль қашан сахнаға шығады? – Мұхтар Әуезов атындағы ака­демиялық драма театрының «Бөртені» биыл қойғысы бар. Оны өзім тоқтатып қойдым. Келесі жылы, яғни 2022 жылы 80 жасқа толамын. «Келесі жылдың мамыр-маусым айында шығарсаңдар, жақсы болар еді» деген өтінішімді айттым. Оған дейін пьеса жарыққа шықпаса да, еш ренішім жоқ. Түркістанда жаңа театр ашылып жатыр. Олар да «Бөртені» қойғысы бар. Жаңа театр шымылдығын осы спектакльмен ашамыз дегендей жоспар құрған секілді. Оның өзін сырт жақтағы адамдардан естіп жатырмын. Тағы екі-үш аймақтан ұсыныс түскен еді. Қызылорда об­лыстық театрында істейтін досым Әмір-Темір Құсайын пьесаны оқып шығып: «Пьесаңыз керемет екен.  Бірақ менің театрымда Бөр­тенің рөлін ойнайтын актриса жоқ» деп ашық айтты. Оның сөзіне: «Сонда сендердің театр­ларыңда Бөртеден басқа рөлдерді ойнайтын актрисалар табылады да, Бөртені ойнайтын актриса болмағаны ма? Үлкен образға лайық актриса болмаса, ол қандай театр?» деп таңғалдым да, бірақ досымның ашық мойындауына риза болып, жылы жауып қойдық. Әзірге «Бөрте» пьесасы туралы жаңалық осындай. Келесі жылға дейін тағы жоспарлар өзгеріп қалар, кім білсін?! Бірақ бір спек­такльді тым көбейте беруге де бол­мас. – Кез келген тарихи шығарма сах­наланғаннан кейін сынға ұшы­райтыны анық. Сіз сынға дайынсыз ба? – Сынға дайын болғанда, тіпті сол сын ертерек айтылып, соған ертерек жауап берсем екен деп отырмын. Сол тарихшылардың көзін жеткізейін, деректі шығарма мен көркем дүниенің арасында қандай айырмашылық болатынын дәлелдегім келеді. Тіпті, сұрамаса да, сахнаға шығып, пьеса туралы айтқым келіп тұр. Сондықтан кез келген сын-пікірге дайынмын. – «Бөрте» сіздің ең соңғы шы­ғармаңыз болмас. Қағаз бен қалам­мен әлі қоштаса қоймаған шығар­сыз? – Соңғы шығарма бола қоймас. Әуел­де «Бөртеге» қатысты «әй, бұл менің ең соңғы шығармам болуы мүмкін» деп айтып едім. Естіген жігіттердің бәрі «бұлай айтпаңыз» деп жатыр. Сондықтан осы жыл­дың соңғы шығармасы деп айтуға болар. Өйткені «Бөртеге» бүкіл күш-жігерім кеткен сияқты. Шы­ғар­ма біткен соң, он күн бойы жынынан айырылған бақсыдай,  салым суға кеткендей, сылқ түсіп жүріп алдым. Газет оқимын, теле­дидар қараймын, тамақ ішемін. Басқа ешнәрсеге зауқым жоқ. Ең қы­зығы, «Бөрте» пьесасына шетел­діктердің қатты қызығу­шылық танытып жатқаны мені қуант­ты. Пьеса бітпей тұрып, Ан­глия­дағы достарым, таныстарым­мен кездескенімде, «Бөрте» туралы айтып берген едім. Сюжетін ес­тіген соң, қатты қызығып кеткен еді. Содан олар «Брюссель мен Венаның театрларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз» дейді. Пье­саны орысшаға аудартып, мәтінін салып жібердім. Әзірге осындай жаңалықтар бар. Үш-төрт жылғы мидағы артық салмақтан арылып, жеңілдеп қалған жайым бар.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС