Ал алдағы уақытта ұлттық валютамыздың болашағын қалай болжаймыз? Теңге девальвациясы жалғасуы мүмкін бе? Осы сауалды сарапшыларға қойдық.
Олжас ТӨЛЕУОВ,
Қолданбалы экономиканы зерттеу
орталығының басқарушы директоры:
– Теңгенің болашағы мұнай бағасымен байланысты. Мұнай бағасы 10-18 долларға дейін түсіп, кейін 30 долларға дейін көтерілген кездегі екі аралықта доллар бағасы 450-ге дейін көтеріліп, сосын 420-ға дейін түсті. Бұл теңге бағамына мұнай бағасының тікелей қатынасын көрсетеді. Ал әрі қарай теңгенің болашағы қалай болады? Біздің экономикамызда теңге құнына оң ықпал ететіндей өзгеріс жоқ. Көп сарапшылардың пікірінше, мен де ол пікірге қосыламын, қазір мұнай профициті азайып жатыр. Өйткені ОПЕК+ келісімшарты бойынша араб мемлекеттері мұнай өндіруді шектеді. Олардың арасында қойылған лимиттен де аз өндіру туралы шешім қабылдап жатқан елдер бар. Сонымен бірге, АҚШ-тағы мұнай қоры азайып жатыр. Осыған дейін апта сайын мұнай қоры аптасына 7-15 млн баррельге өсіп отырса, кеше ғана тараған ақпарат бойынша, АҚШ-та мұнай қоры 750 мың баррельге төмендеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. ОПЕК+ шарттары орындалып жатса, әлемдегі елдер карантиннен шығып, шикізатқа сұранысын көбейтсе, теңгенің долларға қатынасы 420-450 диапазонында сақталуы мүмкін.
Бірақ карантиннің қашан бітерін, вирустың екінші толқыны болар-болмасын ешкім білмейді. Мысалы, Қытайда алдыңғы күні 4 млн адам тұратын Цзилинь қаласы карантинге жабылды. Оңтсүтік Кореяда да эпидемия күшейіп жатыр. Ал мемлекеттердің карантинді жалғастыруға ниеті жоқ, экономика жұмыс істеуі керек. Өйткені коронавирустен өлмеген халық аштан өлуі мүмкін. Егер коронавирус инфекциясының екінші толқыны болса, мұнай бағасы төмендеуі мүмкін. Сонда да мұнай бағасы 420-450-ден аспайды деп ойлаймын. Ең жаман сценарийдің өзінде сол деңгейде қалады. Себебі екінші толқын болған күнде де, оған мемлекеттер дайын, коронавирустың алғашқы толқыны кезінде тәжірибе жинақтады.
Бауыржан ЫСҚАҚОВ,
экономист:
– Мұнай дағдарысы болмай тұрып та, теңге белгілі бір мөлшерде сыртқы экономикалық факторларға тәуелді болған. Тек ол ұлттық валюта бағамында байқалмады. Өйткені бұрын Ұлттық банк теңге бағамының өзгеруіне шектеуді тұрақты қойып отырған. Ал қазір теңге еркін айналымда. Демек, кез келген сыртқы фактордың әсері теңгенің өзге валюталарға қатысты бағамында көрінеді.
Яғни, қазіргі 1 доллар құнының 420 теңге көлемінде қалыптасуы валютамыздың еркін айналымдағы нақты көрсеткіші болып саналады. Енді теңгенің курсына әсер ететін факторларда жағымсыз көрсеткіштер, яғни мұнай бағасының төмендеуі, экспорттық түсімдердің азаюы, импортқа тәуелді экономиканың қалыптасуы, алтын-валюта резервтерінің азаюы, мемлекеттің сыртқы қарыздарын төлеу кезіндегі қиындықтар және экономикадағы теңге өтімділігінің төмендігі, осылардың барлығы жасырын девальвация толқындарының пайда болуына алып келеді. Соның салдарынан теңгенің долларға шаққандағы бағасының 600 теңгеге дейін артып кетуіне ықпал етеді. Сонымен қатар басты қаржы реттеуші – Ұлттық банк тарапынан валюталық интервенция жүргізу де шектелген. Осындай факторлар қалыптасса, келесі тоқсанда теңгенің долларға шаққандағы құнының 600-ге дейін баратынын болжауға болады.
Бауыржан МҰҚАНОВ,
қаржы сарапшысы:
– Мамырдың басынан бері мұнай бағасы бір баррель үшін 30 доллардың айналасында сақталды. Осы уақытта теңге бағамы да шамамен 420 доллардың үстінде болды. Кеше ғана мұнай бағасының 32 доллардан асқанын байқадық. Оған АҚШ президенті Дональд Трамптың доллардың базалық мөлшерлемесін минусқа түсіру туралы мәлімдемесі себеп болды деп ойлаймын. Яғни, бұл жолғы мұнайдың кымбаттауы шикізат нарығының өсуін емес, доллардың өзіндік құнының төмендеуін көрсетеді. Демек, келер апта доллар бағамы Қазақстанда аздап төмендеуі мүмкін.
Ал теңгенің алдағы бірер айдағы тағдыры туралы айтар болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына қарасты компаниялардағы шетел валютасының бір бөлігін биржада сату туралы тапсырмасын негізге аламыз. Осы тапсырма қазіргі карантин уақытында ұлттық валютаны демеп тұр. Наурыздың соңынан бері квазимемлекеттік компаниялар биржада 300 млн доллардың үстінде валюта сатты. Доллар тапшылығы кезінде бұл теңге бағамына айтарлықтай көмектескені анық. Алайда ертең бұл осынау «жаппай сату» аяқталғанда доллар тапшылығы туындап, доллар тағы бірнеше теңгеге кымбаттап кетуі мүмкін. Бірақ ол кезде халықаралық сауда да қайта жанданып, мұнай кымбаттайды деген үміт бар. Олай болса, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы қазіргі деңгейде сақталады.
Ал егер мұнай кымбаттамаса, теңге бағамы тағы бір антирекорд жасамаса да, екінші рет қайтадан 440-қа жетуі ықтимал. Әрине, Ұлттық банктің интервенция жасау ықтималдығын да жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен объективті бағам әдеттегідей, мұнай бағасына байланысты қалыптасады. Трамптың қазіргі риторикасы мұнай бағасын барынша арзан ұстауға бағытталған. Сондықтан да қазір пандемия бәсеңдегенімен, инвесторлар мұнайдың кымбаттауына бәс тігуге тәуекел етпей отыр.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ