– Оқушыларыңыз қазақ тілін қанша айда меңгереді? Дегенмен оқу құралынсыз тілді меңгерген адам көркем шығармадағы күрделі сөйлемнің мәнін толық түсіне ме?
– Негізінде олар қазақ тілін біледі, түсінеді. Бірақ сөйлей алмайды. Мәселен, септік жалғауларын білмейді. Білмегенін түсіндіріп, ұялу сезімінен арылуға үндеймін. «Қазақ болсаң да, ана тілімді білмеймін деп ұялма. Қайта қоғамнан көмек сұра!» деймін. «Тілім орысша шыққан еді, маған көмектессеңіз, қазақ тілін тез-ақ үйреніп аламын» деп айтуға шақырамын. Олар жанындағылардың «мәңгүртсің» деп келемеждейтінін айтады. Сонда тырысу керегін, алға қадам жасасаң нәтиже боларын түсіндіремін. Айналамыздағы шалақазақтарға психологиялық қолдау қажет. Ал қазақ тілін толық меңгеру мерзіміне келсек, негізін 1 айдың ішінде үйрете аламын. Орталықта қазақ тілі мұғалімдері жұмыс істейді. Олар жоғары деңгейлі қазақ тілін үйретеді. Өз басым «0-ден бастап үйренемін» дейтін жанға оңай тәсілмен сабақ беремін. Әрине, «Абай жолын» оқу үшін тілдің тереңіне бойлау керек. Ол жағынан әріптестерім көмекке келеді.
– Тіл үйретуде педагогикаға емес, медицинаға басымдық бересіз. Психолингвистика, медико-педагогиканың артықшылығы қандай? Жалпы, осы салада зерттеу жүргіздіңіз бе?
– Медицина саласында 10 жыл жұмыс істедім. Тіл үйренудің негізін медицинадан іздеймін. 15 жыл бұрын ағылшын тілін үйренемін деп шешім қабылдадым. Әдістемемді қолдану арқылы 1 жыл ішінде үйреніп алдым. Құпиясы қандай дерсіз? Зерттей келе, бір нәрсені түсіндім. Кез келген шет тілін үйрену үшін миды дамыту керек. Немен дамытуға болады десеңіз, есту қабілеті көмектеседі. Үйренгің келетін тілде аудио тыңдау маңызды. Сондықтан 1 жыл ішінде ағылшын тіліндегі аудио-нұсқадағы мәліметті тыңдадым. Бастапқыда түсінгенім жоқ, бірақ келе-келе не деп жатқанын ұғатын болдым. Кейіннен өзбек тілін меңгеруге ден қойдым. Өзіме сұрақ қойдым: «Неге мен әлі күнге өзбек тілін білмеймін?». Жауабы қарапайым – менсінбеу. Мұрын шүйіре қарауды қойып, өзбек тілін үйренуге, сыйлауға тырыстым. Осыдан кейін атамның айтқан сөзі ойға оралды. Ол кісі маған, немерелеріне «неге сендер кәріс тілінде сөйлемейсіңдер?» дейтін. Жергілікті кәріс ұлтын да тіл мәселесі мазалайды. Сөйтіп, 3 кезеңнен тұратын әдіс арқылы ана тілімнің қыр-сырымен таныстым. Біріншіден, толық емес грамматиканы білу керек. Екіншіден, фонетиканы, дыбыс жүйесін білу қажет. Мәселен, қазақ тілінде «айтады» деп жазылса да, «айтад» деп айтылады. Осыған ұқсас мысал көп. Мұның бәрін меңгерген соң, тілді түсінесің. Өз басым тыңдау технологиясымен қазақ тілінде аудио тыңдадым. Алғашқы 3 айда не айтып жатқанын ұққам жоқ. 1 жылдан соң аудиода айтылған нәрсені жүйесімен түсіндім.
– «Тілді меңгеру үшін мәдениетті тану керек». Бұл ұғым қаншалықты рас?
– Иә, тіл жай ғана технология емес. Тіл, дін, мәдениет ұқсас ұғым. Мәдениет пен дінді тани түссең, тілді үйренуің жеңілдейді. Мысалы, бұрын ислам діні жайында білмейтінмін. Өзбек тілін үйренемін деп шешкен соң, олардың діні мен мәдениетін зерттей бастадым. Мұсылман болмасам да, олар үшін ненің маңызды екенін түсінемін. Сондықтан кез келген тілді тану үшін мәдениетіне үңілген абзал. Ал қазақтар қазақ тілін білгісі келмесе «қазақсыңдар ма?» деген бір ғана сұрақ қоямыз. Психология тілімен елітуге тырысамыз. Өйткені қаншама орыстілді қазақтың «тамырын басып», ана тілін үйреттім. Қазақ қазаққа «ана тіліңді үйрен» десінші, елемейді. Ал мен айтсам, намысқа тырысып тіл білуге бекінеді. Қазақ тіліне деген құмарлығым, үйретемін деген ниетім өзіме ұнайды. Нәтижесін көргенде сүйсінемін. Мен – дәрігермін. Олар – науқас. Менің оларды емдеуге мүмкіндігім бар. Жігерім жетеді. Неге бел шеше кіріспеске? Сонда ғана қазақ тілі өркен жаяды емес пе?
– Қалай ойлайсыз, қоғамда мемлекеттік тілдің мәртебесі неге төмен? Қазақ тілінде сөйлеуді трендке айналдыру үшін не істеу керек?
– Білесіз бе, қоғамда шенеуніктер, билікте отырғандар қазақ тілін білмейді, құрметтемейді деген түсінік бар. Иә, бір шетінен бұл дұрыс. Бірақ айтпағым бұл емес. Сіз қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін не істеп жүрсіз? Осы сұрақ төңірегінде ойланған жөн. Қазақ тілін барынша көп адам меңгерсе, мемлекеттік тіл қанатын кең серпиді. Бәріміз қазақ тілін бірге үйренейік. Lingva-Ten орталығының басшысы ретінде технология арқылы тек қазақ тілін үйретпеймін, сүйіспеншілік, құрмет пен махаббат сезімін оқушы бойына сіңіремін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ