– «Құс жолы» қорының құрылтайшысы Ермек Шамұратов және мен. Біз қалалық клиникалық инфекциялық ауруханаға хабарласып, көмектескіміз келетінін білдірдік. #BizBirgemiz акциясына үн қосқымыз келді. 160 төсектік бөлімшеде қазіргі таңда ең керегі оттегі концентраторы мен шприцтік насостар екен. Әсіресе, реанимация бөліміне. Біз дәрігерлермен сөйлесіп, науқастарға ем-шара жұмыстарын жүргізу үшін не қажет екенін сұрадық. Содан кейін 8 637 200 теңгенің медициналық құрылғысын сатып алдық. Реанимация бөлімінің меңгерушісі өте риза болды. Тағы да қажет заттары бар екен, енді соларды қарастырудамыз. Құрылғыларды шетелден алып келуге уақыт тапшы болды да, өз елімізден сатып алдық. Бұл медициналық құралдар өте қымбат тұрады, – дейді «Құс жолы» қоры құрылтайшысының бірі Алмат Меңдібаев. Ол өздерінің бұл акцияны жарнамалағысы келмегенін айтады. Дегенмен біз осындай қысылтаяң шақта отандық медицина саласын, дәрігерлерді қолдаған, науқастардың айығуына септігін тигізіп, сауапты іс жасаған азаматтарды көпке үлгі етіп көрсетуді жөн санадық.
Әлемді ауыр дерт жайлап тұрған қиын кезеңде И.Жәкенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық аурухана дәрігерлері де күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Науқастардың көптігінен дәрігерлер 10 сағатқа дейін қорғаныш киімімен жүріп жұмыс істеуге тура келіп тұр. Бұл кезде олардың тамақ ішуге де, аздап тынығып алуға да мұршасы жоқ. Дегенмен жұмыстан шыққан соң қайтадан күш жинап, тынығуға барлық жағдай жасалған. Олар коронавирус инфекциясының кең таралмауына және ауырғандарды емдеуге барын салуда. Көптеген жүрегі жұмсақ, жомарт жандар дәрігерлерге алғысын білдіріп, тіпті ыстық тамақ пен жұмысқа жеткізетін көлікпен қамтамасыз етуде. Гүлдер мен ыстық ықыласқа толы сөздер дәрігерлерге үлкен демеу болуда.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ