26 елге баруға болатын Шенген визасы қымбаттады
26 елге баруға болатын Шенген визасы қымбаттады
Фото: Интернеттен алынды
361
оқылды
Ақпан айынан бастап Шенген визасының ақысы 33 процентке қымбаттады, – деп хабарлайды «Хабар 24». Еуропаның 26 еліне жол ашатын визаны рәсімдеу мерзімі ұзартылған. Бұдан былай Еуропаға саяхаттағысы келетіндер Шенген визасына өтінім тапсыру үшін енді 60 евро емес, 80 евро төлейді. Алты мен 12 жас аралығындағы балаларға белгіленген сомма 35-тен 40 евроға дейін өсті. Еуропалық одақ Парламентінің келтірген мәліметі бойынша, әлемдік инфляцияға қарамастан, баға 2006 жылдан бері өзгермеген.
Виза орталығының менеджері Әлішер Зарлықов: «Регламент бойынша баға әрбір үш жылда көтерілетін болады. Яғни, алдағы үш жылда 80 евро көлемінде сақталмақ. Сонымен бірге, сервистік төлем мөлшері де ұлғайды. Сервистік төлем дегеніміз, құжат тапсыру және қабылдауға алынатын ақы. Оның соммасы баратын елге байланысты 20 евро және одан жоғары болмақ», – дейді.
Бұған қоса, визалық орталыққа жүгінген жағдайда құжаттарды құнттап, формаларды толтыру қызметіне қосымша қаражат кетеді. Мұндайда өтінім берушілер кем дегенде 10 мың теңге төлейді. Мәселен, Италияға бір апталық сапарды жоспарлау үшін Шенген визасына 80 евро (яғни 33 360 теңге), консулдық төлемге 23 евро (9 591 теңге) және визалық орталық менеджердің қызметі үшін 15 мың теңге төлеу керек. Визаны рәсімдеуге барлығы 60 мың теңге, не одан көп қаражат кетеді.