Кейінгі нөмірлердің бірінде донорлық мәдениет жайында мақаламыз жарық көрген еді. Бұдан кейін көп кешікпей Үкімет қаулысымен қан донорлары үшін алғаш рет ресми түрде «Құрметті донор» марапаты тағайындалды.
Марапат донордың мерейін өсіре ме?
132
оқылды

Осылайша, Үкімет көп жылдан бері қозғалып келген мәселенің күрмеуін шешіп, өтеусіз қан тапсырып жүрген жандардың еңбегі бағаланып отыр. Әрине, «Құрметті донор» төсбелгісі тұрақты қан тапсырып жүрген азаматтар үшін үлкен мәртебе екені анық, алайда бұл шешім донор санын, расымен де, арттыра ала ма?

Кейінгі 17 жылда донор­лар­ға арналған жеке марапат болмады, сол себепті ерік­тілер медицина қыз­меткерлері мен қоғам қайраткерлеріне ар­нал­ған ортақ медициналық ме­дальға ғана үміткер болып келді. Ен­ді донорлардың еңбегі ес­ке­ріліп, қоғам үшін лайықты орын­ғ­а ие болып, мәртебесі артты. «Құр­метті донор» төсбелгісі – адам­дардың өмірін сақтап қалуға тұрақты түрде үлес қосып жүрген до­норлардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындауға мүмкіндік беретін арнайы статус. Сол се­беп­ті де медальдің әр деталінде те­рең мағына  бар. Төсбелгіні Қазақстан теңге сарайы жасайды. Оны 

Гера­ль­дика жөніндегі рес­пуб­ли­калық ко­миссиясы бекіткен. Төс­­бел­гі­нің дизайнында да ерек­ше­лік бар, оның негізгі символы – қы­зыл түс­ті эмальмен көмкерілген қан там­шысы. Тамшының ішінде ақ түсті эмальмен бейнеленген жү­­рек соғысының графикалық ыр­­ғағы бейнеленген. Барлық ком­­по­зиция күңгірт өңделген дөң­­гелек жиекпен қоршалып, ар­найы дайындалады. 

Арнайы марапатты иелену үшін 40 рет қан немесе тромбоцит, не 70 рет плазма тапсыру қа­жет екен. Демек, «Құрметті до­нор» мәртебесіне ие болу оңай­ға соғатын іс емес. Қазір тізімде талаптарға толық сәйкес келетін құрмет белгісінің алғашқы иегері қатарына жататын 481 тұрақты донор бар. Донорлардың осыншама жанқиярлығына сәйкес ма­рапаттың да артықшылығы мен мүмкіндіктері болса дейсің. Мәселен, Еуропа елдерінде ақы­лы демалыс күндері, тегін ме­дициналық тексерілулер, арнайы әлеуметтік жеңілдіктер қарас­ты­рылған. Қазір елімізде ерікті түр­де қан тапсырған азаматтарға энер­гия шығынын толықтырып, күтімін жақсарту үшін 0.25 АЕК көлемінде өтемақы беріледі, бұл дегеніңіз – 1 081 теңге. Бұл қаржы қанның өзі үшін емес, донордың тамақтануы мен физиологиялық қал­пына келуі үшін төленеді. Бұған дейін қоғам белсенділері бұл қаржының тым төмен дең­гейде екенін айтып, өтемақы мөл­­шерін арттыруды ұсынған, алай­да әзірге бұл ұсыныстар 

Үкі­мет тарапынан қолдау таппады. Мамандардың, соның ішінде Қа­зақ тағамтану академиясының есебіне сенсек, қан тапсырғаннан кейін донордың күнделікті рацио­ны шамамен 4700 ккал болуға тиіс. Ал мұндай тамақтану құны бү­гінде 5 мың теңгеден асады, яғ­ни мемлекет беретін өтемақы до­нордың физиологиялық қажет­ті­ліктерін толық өтемейтіні түсі­нік­ті. Өмір салтын өзгерту және тамақтану мәдениеті бойынша маман Аңсаған Аллабергенқызы да осы пікірде.

– Менің ойымша, «Құрметті до­нор» мәртебесін енгізу – жақсы бас­тама. Адамның қоғамға қос­қан үлесін мойындау әрқашан маңызды. Бірақ тек атақ не мәр­те­бенің өзі ғана донорлар санын ай­тарлықтай арттырады деп ойламаймын. Адамдар ұзақ мерзімде тұ­рақты донор болуы үшін ең­бе­гі­нің бағаланатынын да сезінуі ке­рек. Мұндай мәртебеге нақты жеңілдіктер мен қолдау шарасы да қоса берілгені дұрыс. Мысалы, жыл сайын тегін медициналық тек­серулерден өту, денсаулық көр­сеткіштерін бақылау, дұрыс та­мақтануға арналған өтемақы не­месе жеңілдіктер сынды ынталандырулар болса, бұл адамдар­дың тұрақты түрде қан тапсыруға деген ынтасын арттырар еді, – дейді маман. 

Оның сөзінше, қан тапсыр­ған­нан кейін ағза жоғалтқан сұйық­тықты, темірді және энергия қорын қалпына келтіруге уа­қыт қажет. Сондықтан қазіргі өте­мақы мөлшері донордың фи­зиологиялық қажеттілігін толық өтейді деу қиын, сол себепті өте­ма­қы мөлшерін қайта қарастыру орынды.

Азаматтардың жауапкершілігі

Жыл сайын елімізде 180 мың­нан аса азамат донор атанып, 255 мыңнан астам до­­норлық рәсім жасайды. Соның нә­тижесінде жыл сайын 80 мың­нан астам пациентке сапалы қан құю көмегі көрсетіліп, олардың өмірін сақтап қалуға және сауы­ғуына мүмкіндік беріледі. Алайда бү­гінде хирургиялық опе­ра­ция­лар­дың, трансплантацияның ау­қымы артқан сайын қосымша қан қажет екені түсінікті. 

2025 жылдың қорытындысы бойынша республикада қан мен оның компоненттерінің 255 255 до­нациясы тіркелді. Бұл көрсет­кіш азаматтардың жоғары әлеу­мет­тік жауапкершілігін және қан қыз­метінің тұрақты дамуын ай­ғақ­тайды. Донорлық қозғалыста құрметті донорлардың орны ерек­ше. Олардың өтеусіз донор­лық­ты дамытуға және адам өмірін сақтап қалуға қосқан үлесінің маңы­зы орасан зор, – деп хабар­лаған Денсаулық сақтау министр­лігі.

Министрлік дерегінше, Ас­тана, Алматы, Шымкент қалаларында қан тапсыратын донор саны жеткілікті, алайда өзге өңірлерде тапшылық бай­­­­қалады. Бұл орайда донор болу­ға ынталандырудың өзге де те­тіктері қажет. Біз кейінгі 5 жылда тұрақты түрде донор болып жүр­ген азаматты таптық. Графика дизайнері Данияр Абутәліпұлы жастар тұрақты түрде қан тапсыру үшін заман талабына сәйкес жаңа әдістердің болғанын қалай­ды. 

– 1 081 теңге өтемақы өтемақы өте төмен деңгейде, әсіресе оның кейінгі 20 жыл бойы өзгеріссіз қал­ғанын ескерсек, мәселенің өзек­тілігі арта түседі. Елімізде ха­лық саны да, экономика да өсіп ке­леді. Оған сәйкес донорларды ын­та­ландыру шарасы да заман талабына сай жаңартылуға тиіс. Қан тапсырып жүргеніме 5 жылға жуық­тағаны байқамай да қа­лып­пын. Донор болуға әрдайым бел­сен­ділік танытамын, себебі мұ­ның адам ағзасына да оң әсері бар. Дегенмен бүгінге дейін Қан орталығы тарапынан қандай да бір ынталандыру немесе ақп­а­рат­тық хабарлам алған емеспін, тек қан қажет кезде телефон арқылы хабарласып, орталыққа шақырып тұрады. Донор болу – әрбір саналы азаматтың жауапкершілігі. Кез келген мемлекеттің ең басты ка­питалы – оның халқы, сондық­тан әрбір адамның өмірі мен ден­саулығын сақтау ортақ міндет деп ойлаймын, – дейді кейіпкері­міз. 

Оның ойынша, мемлекет тара­пынан ынталандыру мен ха­лықты ақпараттандыру жиі жүр­гізілсе, донор саны да ұлғайып, ме­дициналық қызметтің де сапасы артар еді. 

Қан тапсырудың да тәртібі бар

Республикалық қан ор­та­лығының мәліметінше, кез келген он сегіз жастан асқан дені сау адам –  қан мен оның ком­поненттері доноры болуға ерікті. Ол үшін Республикалық қан орталығына дүйсенбі-жұма күндері сағат 08.00-16.00-ге дейін бару керек. Өзімен жеке куәлі­гін  алып келу міндетті (әскери қыз­меткерлер әскери билетін әкел­гені жөн). Республикалық қан орталығының  тіркеу бөліміне ал­ғашқы рет барғанда, донор де­ректерін  Бірыңғай донорлық жүйесінің  (БДЖ)  компьютерлік базасынан тексереді. Содан кейін донор терапевт дәрігердің қа­рауын­да болады және  зертхана­лық зерттеулерден өтеді. Қан до­норы атану үшін қанның кли­никалық талдамасы, биохимия­лық талдамасы, «В» және «С» гепатитіне талдама, АИТВ вирусына, мерез вирусына талдама жа­сау керек. Донор денсаулығы тура­лы анықтама мен тізімдегі медициналық тексеру тегін өтеді. Донордың қан тапсырар алдында бір күн бұрын  және сол күні таңер­тең  майлы, ет және сүт та­ғам­дарын жеуіне болмайды, түнгі ауысымды жұмыстан кейін, түнгі кезекшіліктен кейін қан тап­сы­ру­ға болмайды, қан тапсырар күн­­нің алдында ауыр жұмыс іс­те­ме­ген жөн. Қан тапсырғанға дейін 3 сағат бұрын  темекі шегуге  және 48 сағат бұрын ішімдік ішу­ге болмайды. 

Ғылыми зерттеулер мен тә­жіри­белік бақылауда 500 мл-ға дейін қан беру адамның ден­сау­лы­ғы үшін еш қауіпі жоқ екені дә­лелденді, сондықтан 400 мл доза физиологиялық деп аталады. Медицина мамандарының  бақы­лауымен іске асырылған донор­лық  зиянсыз. Дұрыс тамақтану маманы Аңсаған Аллабергенқызы қан тапсырғаннан кейін бірнеше кеңесті естен шығармауды ұсы­на­ды.

– Қан тапсырған соң, ең ал­ды­мен, су, морс, компот, шай се­кілді сұйықтықты көбірек ішу маңыз­ды. Рационда сиыр еті, бауыр, балық, жұмыртқа, қара­құмық, бұршақ тұқымдастар, шпинат, кептірілген жеміс т.б. те­мірге бай өнімдер болуы керек. Ал С дәруменіне бай көкөністер мен жемістер темірдің жақсы сіңуі­не көмектеседі. Алғашқы тәу­лікте ауыр дене жүктемесінен, ал­когольден және жеткіліксіз ұй­қыдан бас тартқан дұрыс. Осындай қарапайым күтім ағзаның те­зірек қалпына келуіне мүмкін­дік береді, – дейді А.Аллаберген­қызы.

Маманның кеңесін есепке алсақ, 0,25 АЕК көле­мін­де­гі тамақтану донордың фи­зиологиялық қажеттілігін өте­мей­тіні белгілі. Егер де ел бола­ша­ғы мен халық денсаулығының маңызын ойласақ, тұрақты до­нор­лардың санын арттыру жо­лын­­да өзге де шешімдерді қарас­тыру, ақпараттандыру жұмысын же­тілдіру өзекті болып қала бермек.

Айсұлу СЪЕЗХАН