Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, цифрлық жүйе іске қосылғаннан бері көлеңкелі айналымдағы балық өнімінің көлемі екі мың тоннаға дейін қысқарған.
Қазақстанда балық шаруашылығына бөлінетін субсидия көлемі 11 есе көбейген
Фото: istockphoto.com
260
оқылды

Қазақстанда балық шаруашылығын қолдау көлемі ұлғайды. «Аквашаруашылық туралы» заңға енгізілген өзгерістер аясында кәсіпкерлерге арналған жаңа қаржылық тетіктер енгізіліп, өндірістің ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрлық бақылау жүйесі іске қосылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бүгінде үш негізгі бағыт бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Біріншісі – инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеу. Екіншісі – өнімнің көлемі мен сапасын арттыруға арналған субсидиялар. Үшіншісі – балық шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындарды азайту мақсатында су беру қызметінің құнын субсидиялау.

Жаңа ережеге сәйкес, инвестициялық жобаларға жұмсалған шығынның 25 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Ал балық өсіруге қажетті инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар бойынша шығынның 50 пайызына дейін субсидия қарастырылған. Бұл, әсіресе, жасанды тоғандар мен көл шаруашылықтарын дамытқысы келетін кәсіпкерлерге тиімді. Сонымен қатар мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлер субсидия алғаннан кейін кемінде бес жыл бойы балық шаруашылығы саласында қызметін жалғастыруға міндетті.

Мемлекеттік қолдау көлемінің жылдан-жылға артып келе жатқанын ресми статистикадан көруге болады. Кейінгі бес жылдың ішінде балық шаруашылығына бөлінетін субсидия көлемі шамамен 11 есе көбейген. Егер бірнеше жыл бұрын жүздеген миллион теңге көлемінде қаржы бөлінсе, биыл мемлекеттік қолдау көлемі 5,3 млрд теңгеге жетті. Бұдан бөлек, сала кәсіпкерлеріне төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер ұсынылып отыр. 

Көлеңкелі балық саудасының жолы кесілді 

Балық шаруашылығындағы маңызды өзгерістердің бірі – цифрландыру. Қазір елдегі аквашаруашылық субъектілері e-Fish ақпараттық жүйесіне тіркелген. Ол өндірілген өнім көлемін, бөлінген квоталарды, балықтың қозғалысын, субсидия алу рәсімдерін электронды форматта бақылайды. 

Жүйе әрбір кәсіпкер өндірген өнімді автоматты түрде есепке алады. Егер өткізілген өнім көлемі бекітілген квотадан асып кетсе, ветеринариялық құжаттарды рәсімдеу автоматты түрде тоқтатылады. Мұндай тетік заңсыз өнім айналымының алдын алып, саладағы барлық процестің ашық әрі бақылауда болуын қамтамасыз етеді. Бүгінде e-Fish ақпараттық жүйесінде 1221 кәсіпкер тіркелген.

Балық өсіруші, ихтиолог Жасұлан Орынбаевтың айтуынша, цифрлық платформаның енгізілуі қағазбастылықты азайтып, кәсіпкерлердің уақытын үнемдеген. 

«Бұрын есеп беру, субсидия рәсімдеу немесе өндірілген өнім туралы мәлімет өткізу үшін бірнеше мемлекеттік органға барып, көптеген құжат жинауға тура келетін. Қазір бұл жұмыстардың барлығы бір ғана жүйе арқылы жүргізіледі. e-Fish платформасында қай күні қанша өнім өндірілді, қай өңірге немесе қай мемлекетке жөнелтілді – бәрі көрініп тұрады. Мемлекеттік органдар да бұл мәліметтерді бірден көре алады. Бұл кәсіпкерлер үшін ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, артық бюрократиядан құтқарды. Құжат айналымы жеңілдеп, субсидия алу үдерісі де әлдеқайда жеделдеді», – дейді маман.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, цифрлық жүйе іске қосылғаннан бері көлеңкелі айналымдағы балық өнімінің көлемі екі мың тоннаға дейін қысқарған. 

Мемлекеттік қолдау субсидия берумен шектелмейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетовтің айтуынша, мемлекеттік қолдау субсидия берумен ғана шектелмейді.

«Бүгінде кәсіпкерлер үшін бірнеше қолдау тетігі қатар жұмыс істейді. Соның ішінде су пайдаланушылардың ұңғыма қазуға жұмсаған шығындарының 50-80 пайызын мемлекет өтейді. Сонымен қатар су беру тарифтері де субсидияланады. Бұдан бөлек, айналым қаражатын толықтыруға арналған 5 пайыздық жеңілдетілген несие бағдарламасы және инвестициялық жобаларға 6 пайыздық несие беру қарастырылған. Осындай кешенді қолдау жаңа шаруашылықтардың ашылуына, қолданыстағы кәсіпорындардың өндірісін ұлғайтуға және экспорттық әлеуеттің артуына сеп болып отыр», – дейді комитет төрағасы.

Атырау облысында 5,5 мың тонна балық ауланды 

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесі балық шаруашылығы жақсы дамыған өңірлерде айқын көріне бастады. Соның бірі – Каспий теңізі мен Жайық өзенінің бойында орналасқан Атырау облысы. Бұл өңір Қазақстандағы балық аулау көлемі бойынша көшбасшы аймақтардың бірі саналады. Мұнда балықты өңдеу және экспортқа шығару ісі де қарқынды дамып келеді.

Биыл Атырау облысында шамамен 5,5 мың тонна балық ауланды. Оның 4 мың тоннадан астамы, яғни жалпы көлемнің төрттен үшке жуығы сыртқы нарыққа экспортталды. Өңір кәсіпорындары өз өнімдерін Ресей, Әзербайжан, Украина, Грузия және Германия елдеріне жөнелтіп отыр. Сонымен қатар Атырау облысында табиғи су айдындарындағы балық қорын сақтау және оны молайту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде.

«Жайық өзеніндегі балық қорын сақтау – өңірдегі негізгі басымдықтардың бірі. Сондықтан бекіре тұқымдас балықтарды табиғи ортаға жіберу жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Былтыр Жайық өзеніне 5 миллион бекіре шабағы жіберілсе, биыл жыл басынан бері бұл көрсеткіш 3,7 миллионға жетті. Мұндай жұмыстар бекіре тұқымдас балықтардың табиғи қорын сақтап қана қоймай, олардың көбеюіне септігін тигізеді», – деп мәлімдеді облыстық әкімдік. 

Қазір облыста 18 балық шаруашылығы субъектісіне 31 балық аулау учаскесі бекітілген. Бұдан бөлек, болашақта айналымға енгізілетін тағы 27 учаске резервте тұр.

Қызылордада балық экспортының көлемі артып келеді

Балық шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан тағы бір өңір – Қызылорда облысы. Кіші Арал теңізінің экологиялық жағдайы жақсарған соң, балық шаруашылығы қайта жанданды. Соның нәтижесінде балық аулау көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Жыл басынан бері облыста 2,3 мың тоннаға жуық балық ауланған. Оның 93 пайызы Кіші Арал теңізіне тиесілі. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, қазірге дейін 1 808 тонна балық өнімі әлемнің 12 мемлекетіне экспортталған. Экспорттың басым бөлігін тыран, торта, алабұға, шортан және көксерке балықтары құрайды. Сонымен қатар өңделген өнімдер қатарында көксерке сүбесі, балықтың тартылған еті, мұздатылған балық, тыран қанаттары және балық ұны шетелдік нарықтарға жөнелтіледі. Бүгінде өңірде 11 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның төртеуі Еуропалық одақ елдеріне өнім экспорттауға мүмкіндік беретін «Еврокод» сертификатына ие. Сонымен қатар облыста көл-тауарлы шаруашылықтардың саны 80-ге жеткен. Биыл бұл шаруашылықтарда шамамен 2,8 мың тонна тауарлы балық өсіру жоспарланып отыр. 

Қазақстанда балық шаруашылығын дамытуға кейінгі жылдары ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұған мемлекеттік қолдау тетіктерінің артуы айқын дәлел. Атап айтқанда, субсидия көлемі бірнеше есе ұлғайып, жеңілдетілген несие бағдарламалары іске қосылды. Сонымен қатар су пайдалануға кететін шығындарды субсидиялау тетігі енгізіліп, e-Fish цифрлық жүйесі арқылы саладағы негізгі процестердің ашықтығы мен тиімділігі артты.

Дегенмен табиғи балық қорын сақтау мәселесі әлі де өзекті. Мәселен, Жайық–Каспий бассейнінде жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 1600-ден астам дерегі тіркелген. Бұл заңсыз балық аулаудың әлі де тыйылмай отырғанын және табиғи ресурстарды қорғау мен осы саладағы бақылауды одан әрі күшейту қажет екендігін көрсетеді.