Ақтөбе облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүзеге асырылып келеді. Өңірде мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету және жұмыспен қамту шараларын кеңейтуге басымдық берілген. Ресми мәліметтерге сәйкес, облыста 31-ден астам мүгедектігі бар адам тұрады, оның 5 834-сі – 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар. Қазір олар медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелеріне бармай-ақ, мүгедектікті сырттай, проактивті форматта белгілей алады. Сонымен қатар аталған формат азаматтардың уақытын үнемдеп, құжат жинау машақатын азайтып, ашықтықты қамтамасыз етеді. Бұл мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі екені сөзсіз.
Мәселен, ресми ақпарат бойынша, Ақтөбе облысында 2020 жылы әлеуметтік қызметтер порталында мүгедектігі бар адамдар қызметтің 55 түрін алған болса, 2025 жылы 28 133 адамды қамту жоспарланып, оның 27 517 адамы (98%) техникалық оңалту құралдарымен және санаторлы-курорттық сауықтырумен қамтамасыз етілді. Жергілікті бюджет есебінен 2 082 мүгедектігі бар адамдарға «Инватакси» қызметтері көрсетіліп,12 әлеуметтік көмек бөлімдері арқылы 310 мүгедек балаларға және 1 784 жалғызілікті және мүгедектерге үйде күтім жасау жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетілген. Мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік инфрақұрылымдар нысандарына кедергісіз кіруі үшін 2025 жылы 896 нысан бейімдеуден өткен. Облыста стационар жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін 4 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде аймақ бойынша 1 899 мүгедектігі бар адам спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл көрсеткіш медициналық қарсы көрсетілімі жоқ азаматтардың 12,7 пайызын құрайды. Сондай-ақ облыста «Мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт клубы» мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен жүйелі түрде айналысуына барлық жағдайды жасап отыр. Мұнда мүгедектігі бар адамдарға бейімделген спорттың 20 түрі дамып келеді. Олардың басым бөлігі – Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындары, Пара Азия ойындары мен Special Olympics бағдарламасына енген спорт түрлері. Еліміздің ұлттық құрама командаларына кіретін ақтөбелік 73 спортшы мен 18 жаттықтырушы облыс әкімінің ай сайынғы арнайы төлемақысын алады. Бұл қолдау олардың ынтасын арттырып, жоғары деңгейде дайындалуына серпін беретін маңызды тетік саналады.
Ал ақтөбелік пара және сурдо спортшыларының соңғы жылдардағы халықаралық ареналардағы жетістігі туралы айтар болсақ, 2025 жылы облыс спортшылары еліміздің чемпионаттары мен спартакиадаларында барлығы 225 медаль (113 алтын, 65 күміс, 47 қола) жеңіп алса, халықаралық ареналарда 14 медальға (4 алтын, 4 күміс, 6 қола) қол жеткізді.
Өңірде инклюзивті спортты дамытуға бағытталған жаңа жобалар да іске асырылуда. Биыл Ақтөбе қаласында мүгедектігі бар жандарға арналған «Қуат» инклюзивті спорт кешені ашылды. Жаңа нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынды және инклюзивті саясатты іске асыру мен барлық азаматқа тең мүмкіндіктер қалыптастыруға арналған зор мүмкіндіктер қатарынан саналып отыр. Кешеннің жалпы аумағы – 4 855 шаршы метр. Ашық алаңдардағы жаттығуларды қоса есептегенде, күніне 500 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Мұнда халықаралық стандарттарға сай толық қолжетімді орта қалыптастырылған. Кешенде жүзу бассейні, әмбебап спорт залы, күрес залы, жаттығу жабдықтары бар бөлмелер, үстел теннисі залы және ашық спорт алаңдары бар. Көрермендерге арналған 200 орын қарастырылған. Кешен базасында спорттың 20-дан астам түрі дамытылады деп жоспарланған. Сондай-ақ паралимпиадалық бағыттар қатарында жеңіл атлетика, жүзу, отырып ойнайтын волейбол, пауэрлифтинг, үстел теннисі, парадзюдо, оқ ату, арбадағы теннис, голбол, бочча, паратаэквондо секілді спорт түрлерін дамыту көзделген. Ал сурдлимпиадалық спорт түрлеріне футзал, күрес, дзюдо, бадминтон, шахмат, үстел теннисі, жүзу, таэквондо және басқа да бағыттар енген. Сонымен қатар паралимпиадалық емес спорт түрлері – тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, армрестлинг те қарастырылған.
Облыстағы осы зор инфрақұрылымдық әлеуеттің арқасында 2027 жылы республикалық сурдо спартакиаданы, ал 2029 жылы пара спартакиаданы өткізуге өтінім беру жоспарлануда. Бұл бастама бейінді спорт түрлерін кеңінен насихаттауда маңызды қадам болады деп күтілуде
Елімізде кедергісіз келешек, яғни инклюзивті орта қалыптастыру бағытында ерекше қажеттілігі бар жандарға білім берудің тиімді бағдарламасын жүзеге асыру стратегиялық басым бағыт саналады. Осы бағытта Ақтөбе облысында инклюзивті білім беруді дамыту аясында нашар көретін және зағип оқушыларды даярлайтын арнайы колледж жұмыс істейді. Бұл – қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжі.
Колледжде «Кедергісіз болашақ» мемлекеттік жобасын жүзеге асыру бойынша мүмкіндігі шектеулі оқушыларды оқыту, инклюзивті оқытуды дамыту, олардың жұмыс істеуі үшін жағдай жасау, ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі мәселелерді шешуді көздейтін мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
Мүгедектігі бар оқушыларға колледжде қауіпсіз және жүріп-тұруына ыңғайлы болуы үшін ғимараттың өзі де, оның барлық бөлмесі де физикалық қолжетімділікпен қамтамасыз етілген. Мамандық бойынша материалды сапалы жеткізу үшін колледж оқытушылары өз білімін үнемі жетілдіріп отырады және инклюзивті оқыту бойынша біліктілігін арттырудан өтеді. Инклюзивті оқыту тәжірибесімен алмасу мақсатында оқытушылар мен білім алушылар халықаралық, республикалық, облыстық маңызы бар семинарларға қатысады. Сонымен қатар колледжде мүмкіндігі шектеулі жандарды бейімдеу олардың оқу үдерісіне бейімделуін ғана емес, есту қабілеті бар оқушылармен интеграциялануын да қамтиды.
Тілекгүл Есдәулет
