Шамамен он жыл бұрын Қазақстанда «инфосыған» атанып кеткен адамдар пайда болып, оңай ақша табу идеясын насихаттай бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұған дейінгі буын бізге адал еңбек етіп, маңдай термен ғана табыс табуға болатынын үйретсе, олар керісінше: «Қиналудың қажеті жоқ, бәрі оңай келеді» деген түсінікті қоғамға сіңірді. Дубайдағы қымбат көліктердің жанында түсірілген әдемі видеолар арқылы жалған байлықтың көрінісін жасап, соған сенген адамдарға түрлі ақылы курстарын сатып, қомақты қаржы тапты.
Ең үлкен мәселе, осы құбылыс енді ғана басталған кезде оған қатаң тосқауыл қойылмады. Сол кезде бірнеше адамды заң аясында жауапқа тартып, өзгелерге сабақ болатын шаралар қабылданғанда, бұл үрдістің кең таралуына жол бермеуге болар еді.
Уақытылы әрекет етпеу мен жазасыздықтың салдарынан соңғы он жылда қоғамда қауіпті көзқарас қалыптасты. Жеңіл табысқа деген сенім еңбекке деген көзқарасты өзгертіп, адамдарды тез баюды уәде ететін алаяқтардың оңай олжасына айналдырды.
Жазушы әрі саясаттанушы Бақытжан Бұқарбайдың пікірінше, Қытайдағы блогерлердің көрсеткіш сән-салтанатын көрсетуге заңмен тыйым салу тәжірибесі – отбасы институтын қорғауға бағытталған ең дұрыс шешімдердің бірі.
Оның айтуынша, қазіргі блогерлер қауымдастығы «күтілім мен шынайылық» арасындағы қауіпті айырмашылыққа негізделген жалған иллюзия индустриясын қалыптастырды. «Мына сыйлықты күйеуім алып берді» деген секілді жарияланымдардың артында шын мәнінде қымбат заттарды немесе көліктерді уақытша жалға алу сияқты тәсілдер жасырынып жатады.
Мұндай шындықты білмейтін қарапайым әйел өз өмірін әлеуметтік желідегі жалған көрініспен салыстырып, «Неге менде бұлай емес?» деген ойға келеді. Саясаттанушының сөзінше, мұндай салыстырулар отбасындағы түсініспеушілікті күшейтіп, ақыр соңында ажырасулар санының артуына ықпал етеді.
Бақытжан Бұқарбайдың айтуынша, мықты әрі дені сау қоғам қалыптастыру үшін заң деңгейінде көрсеткіш байлықты насихаттауға қатаң шектеулер енгізу қажет. Ол зергерлік бұйымдарға малынып, Gucci сияқты қымбат брендтерді жарнамалап, сән-салтанатты өмір салтын миллиондаған адамға үлгі етіп көрсетуді тоқтату керек деп есептейді.
Сарапшының пікірінше, халықтың басым бөлігінің мұндай өмір сүруге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан әлеуметтік желідегі жалған байлықты үздіксіз көру адамдардың өзін-өзі бағалауына кері әсер етіп, психологиялық күйзеліске ұрындырады. Осыған байланысты ол қоғамды «жалдамалы бақыт» пен шектен тыс тұтынуды насихаттайтын контенттен қорғау үшін заңнамалық тетіктерді күшейтуге шақырды.
