Конституция
menu
Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірі мен қызметіне қатысты бұл бағалы жәдігерлерді музейге батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова мен немересі Сауық Нұрмағамбетов табыстады.
Сағадат Нұрмағамбетовтің 100-ден астам бірегей жәдігері Әскери-тарихи музейге тапсырылды
292
оқылды

Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке тиесілі 100-ден астам бірегей жәдігер Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы жанындағы Әскери-тарихи музей қорын толықтырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Музейге тапсырылған құнды экспонаттардың қатарында мемлекеттік наградалар, жеке құжаттар, әскери киім үлгілері, атаулы және сыйлық берілген қарулар, сондай-ақ аты аңызға айналған қолбасшының өмір жолы мен әскери қызметін айғақтайтын өзге де тарихи құндылықтар бар.

Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірі мен қызметіне қатысты бұл бағалы жәдігерлерді музейге батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова мен немересі Сауық Нұрмағамбетов табыстады.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов, Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы, әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ даңқты қолбасшының туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің жеке заттарының Әскери-тарихи музей қорына тапсырылуының тарихи маңызы зор екенін атап өтті. Ол Сағадат Қожахметұлының отбасына баға жетпес мұраны ел игілігіне айналдырғаны үшін шынайы ризашылығын білдіріп, бұл жәдігерлер ұлттық мұраның ажырамас бөлігіне айналып, көпшілікке қолжетімді болатынын, әрі жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне үлкен үлес қосатынын айтты.

– Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің жеке заттарын Әскери-тарихи музей қорына тапсыру – халқымыздың әскери мұрасын сақтауға бағытталған маңызды қадам. Бұл жәдігерлер – жай ғана музей экспонаттары емес, тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасу тарихын, Отанға адал қызмет еткен көрнекті қолбасшы әрі мемлекет қайраткерінің өнегелі өмір жолын айшықтайтын асыл мұра, – деді Қорғаныс министрі.

Өз кезегінде Айсұлу Нұрмағамбетова бұл шешімді ұлымен бірге қабылдағанын айтты. Оның айтуынша, отбасы үшін аса қымбат дүниелермен қоштасу оңай болмағанымен, оларды халық игілігіне айналдыруды жөн санаған.

– Ұлым екеуміз әкеміздің наградалары мен жеке заттары дәл осы музейден лайықты орын алуы тиіс деп шештік. Бұл жәдігерлер жастардың сол дәуірдің рухын тереңірек түсінуіне, Сағадат Қожахметұлының еліне және халқына шексіз адал болған тұлға екенін тануына ықпал етеді деп сенеміз. Біздің отбасы үшін бұл жәдігерлер – тек әкеміздің ғана емес, соғыс майданында ерлік көрсеткен, тылда аянбай еңбек еткен барлық ардагерлер мен аға буынға деген құрметтің белгісі, – деді Айсұлу Сағадатқызы.

Әскери-тарихи музейде бұған дейін де Сағадат Нұрмағамбетовке арналған жеке экспозиция жұмыс істеп келеді. Енді ол 100-ден астам жаңа бірегей жәдігермен толықты. Олардың қатарында мемлекеттік наградалардың түпнұсқасы, әскери киім үлгілері, жеке құжаттар бар. Экспозициядағы ең құнды жәдігерлердің бірі – Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградаларының бірі саналатын «Отан» ордені. Сонымен қатар музей қорына Сағадат Қожахметұлына әр жылдары сыйға тартылған атаулы және сыйлық қарулар да тапсырылды.