Бірде Америкада, бірде Қазақстанда өмір сүретін жазушының бүгінгі әдебиет туралы ойлары бөлек. Ол жазушылықты жазу ғана деп түсінбейді, мұның кәсіп екенін бағамдап үлгерген. Бүгінгі қазақ жазушыларына да ең қажеті маркетинг екенін өз ісімен дәлелдеп жүр.
– Сіз әдебиетке интернет, блог арқылы келген авторсыз. Оқырманның жүрегін қалай жауладыңыз?
– Бұл тұрғыда жолым болды деп айтсам да болады. 2003 жылы әдеби сайттардың біріне әңгімемді жібердім. Сайт редакторына қатты ұнаса керек, бірден жариялап жіберді. Сол алғашқы туындымды оқып, пікір айтқан оқырман көп болды. Кейін «Кирпичи» повесімде де осындай жағдай қайталанды. Алғашқы тараулары жариялана бастаған сәттен-ақ оқырман іліп әкетті. Ғаламторда таралымы көбейіп, оқырмандар өздері бір-біріне жіберіп, форумдар мен тегін электронды кітапханаларға жариялай бастады. Ең қызығы сол, ешқандай баспаның көмегінсіз, ешқандай жарнама жасалмай-ақ шығарманы үш миллионнан астам адам оқыды. Егер шығарма оқырманды бірден баурап алса, онда оның жолы болғаны, ал оқыған адам оны өзгелерге жарнамалай бастайды.
«Литнет» порталына Level Up романының бірнеше тарауын жариялаған кезде бұған тағы бір көзім жетті. Осыдан кейін әлі жазылып бітпеген кітапты басып шығару жөнінде бірден «АСТ» және «Эксмо» баспаларынан екі ұсыныс түсті. Одан кейін шетелдік баспагерден шығарманы ағылшын тілінде Amazon платформасында жариялау туралы ұсыныс түсті. Осылай бірте-бірте шығарманың да өрісі кеңейе бастады.
– «Кирпичи» шығармасы кезінде интернетте көп тарағаны рас. Сіздің танымалдылығыңызға да осы шығарманың әсері тигені анық. Бұдан кейін өміріңіз қалай өзгерді?
– Міне, жиырма жылдан бері адамдар маған «Кирпичи» шығармасын оқығаннан кейін спортпен айналыса бастағанын, ата-анасымен татуласқанын, жұмысын ауыстырғанын, денсаулығына көңіл бөле бастағанын жазып келеді. Өз шығармаңның біреудің өмі- рін өзгерткенін білгенде, енді тек өзің үшін ғана жазбайтыныңды түсінесің.
Қай жанрда жазылса да, менің әр кітабымның негізгі өзегі – жақсылыққа үндеу. Танымалдықтың жауапкершілігі де болады екен. Бірақ сонымен бірге ол менің есімімді әйгілеп қоймай, еркіндікті де берді. Ең алдымен, біреуге ұнау үшін жазу қажеттілігінен арылдым. Табысты автор өзі қалағанын жаза алады әрі сол еңбегі арқылы табыс табады. Ол баспаларға, мемлекетке немесе демеушілерге тәуелді болмайды.
Кейіпкердің ойыны
– Сіз IT саласының маманысыз. Бизнесіңіз де болды. Ал әдебиетке бет бұруыңыздың сыры неде? Ішкі қалауыңыз осылай болды ма?
– Жазуға деген ішкі қажеттілік менде әрдайым болды. «Кирпичи» повесін 2004 жылы, яғни IT саласындағы мансабымды бастамай тұрып жаздым, ал әңгіме жазуды мектеп кезінен бастағанмын. Алайда «Level Up. Рестарт» романын жазғаннан кейін тек әдебиетпен айналысқым келетінін түсіндім. Содан бастап тәуекел деп, осы салаға дендеп бет бұра бастадым. Өзің білетін саладан алыстап әрі тұрақты табысыңды тастап, ешқандай кепілдік бермейтін кәсіпке бет бұру қорқыныш ұялататыны рас. Дегенмен менің мұндай қадамға бет бұруымның да себебі бар еді: ол кезде кітабымды «Эксмо» баспасы қабылдап қойған. Кейін романдарым Amazon АҚШ платформасындағы фантастика санатының үздік кітаптары қатарына енді. Бұл жетістіктер қанаттандыра түсті. Бойымдағы қорқынышты жеңіп, сенім пайда болды. Шынымды айтсам, бизнестегі әрі IT саласындағы тәжірибем де кәдеге жарады. Бүгінгі жазушы тек қаламгер ғана емес, кәсіпкер. Ол мұқаба дизайнері де, пиар маманы да, сатушы да, өзіне-өзі басшы да болуы керек. Бір жағынан, қазір жазушы болу оңайырақ: шығармаңды жазасың, интернетке жариялайсың, өзің басып шығарып, маркет- плейстерге орналастырасың. Екінші жағынан, осының бәрімен өзің айналыссаң, онда жазуыңды кім жазады деген сұрақ қылтияды?!
– LitRPG жанры – қазақ оқырманы үшін әлі де түсініксіздеу, тосындау. Бұл жанрдың басты артықшылығы неде деп ойлайсыз?
– LitRPG – кейіпкердің өмірі ойын тәрізді құрылған әдеби жанр. Онда кейіпкердің деңгейі, қабілетін ойын арқылы көрсетеді. Бұл жанрдың ерекшелігі – оқырманға түсінікті құрылуында. Ал шынайы өмірде адам жылдар бойы еңбек етіп, оның қайтарымын көрмеуі мүмкін. LitRPG-де кейіпкер күш салса, жаңа деңгейге көтеріле алады. Меніңше, мұндай кітаптарды оқыған адам күнделікті күйбең тіршіліктен, тұрмыстық мәселелерден, тіпті өмірдегі әділетсіздіктен бір сәт арылады. Ал бұл жанрдағы үздік шығармалар оқырманды ойландырып қана қоймай, өмірге көзқарасын өзгертіп, алға жетелейді. Оның (оқырманның) өз өмірі де белгілі бір дәрежеде ойын секілді және онда да адам өзін дамытып, жаңа деңгейге көтеріле алады.
– Level Up, «Дисгардиум» сияқты серияларыңызда ойын логикасы, даму мотиві көп кездеседі. Бұл қазіргі адамның өмір философиясына ұқсай ма?
– Мұның бәрі кездейсоқтық емес. Адамдар қазір түрлі көрсеткіштер әлемінде өмір сүреді: ұялы телефонмен байланыс, мектептегі бағалар, жұмыстағы KPI. Ойындық ойлау – осы шынайы өмірдің нақты көрінісі ғана. Алайда мен «жаңа деңгейге көтерілу» ұғымына компьютер пайда болғанға дейін-ақ ата-бабаларымыз ұстанған ежелгі мағынаны сыйғызуға тырысамын. Адамдар үнемі жетіліп отыруға тиіс. Ол күшті, парасатты болып, халқына көбірек пайдасын тигізуі керек. Ойын формасы – бүгінгі жас оқырманның өзін-өзі жетілдіруі, соған дайындығы, көрсеткіші.
Әлсіз шығарманы насихат құтқара алмайды
– Қазақ авторларының әлемдік әдеби нарыққа шығуы үшін ең алдымен не керек деп ойлайсыз? Тіл білгені жөн бе, әлде жақсы шығарма жазуы қажет пе? Мүмкін маркетингті меңгергені жөн бе?
– Үшеуі де қажет, бірақ олардың ма- ңызын түсінгені абзал. Әрине, ең бі-рінші – көркем шығарма. Өйткені маркетинг сапасыз кітапты бір-ақ рет сатуы мүмкін. Одан кейін оқырман оны қажетсінбейді. Екінші маңызды дүние – аударма. Ең алдымен, кәсіби аударма-шыны табу міндетті. Менің кітаптарым ағылшын, неміс, поляк және чех тілдеріне аударылған. Өзімнің де аударуға мүмкін-дігім болғанымен, бұл жұмысты қолға алған жоқпын. Өйткені сол тілмен бірге өсіп, оны ана сүтімен бойына сіңірген адам ғана кітапты оқырманға түсінікті әрі табиғи етіп аудара алады. Үшінші орын- да – маркетинг. Amazon платформасында кітапты насихаттамасаңыз, оны ешкім байқамауы мүмкін. Қазақстанда көп жағдайда естен шығарылатын төртінші талапты да қосар едім. Өйткені бізде жанрлық әдебиет жазатын авторлар аз. Ол – шығармалардың сериямен шығуы. Батыс, әсіресе Азиядағы жанрлық әдебиет нарығы ұзақ циклдер мен көптомдық серияларды ұнатады. Бір кітап, тіпті өте жақсы шығарма болса да, авторды тұрақты табыспен қамтамасыз ете алмайды.

– Қазіргі цифрлық дәуірде жазушы тек шығарма жазып қана қоймай, өзін де таныта білуі керек емес пе?
– Солай болуы керек шығар. Болмаса, бұл жұмыстарды өзі үшін атқаратын мамандарды жалдауға жеткілікті табыс табуы қажет. Қолжазбасын баспаға тапсырып, атақ-даңқ күтіп отыратын жазушының романтикалық бейнесі өткен ғасырмен және қоғамның қаламгерлерге жасаған барлық артықшылықтарымен бірге тарих қойнауында қалды. Бүгінде автор блогын өзі жүргізеді, оқырмандарымен тәулік бойы байланыста болады, кітап мұқабаларын, жарнаманы және түрлі платформалардағы жарияланымдарды өзі қадағалайды. Бұл тұрғыда менің жолым болды: IT мен бизнес саласындағы бұрынғы тә-жірибемнің де септігі тиді. Дегенмен бір маңызды жайтты атап өткім келеді: жарнама мен насихат жақсы кітаптың танылуына көмектесетін шығар, бірақ әлсіз шығарманы құтқара алмайды. Сондықтан жазушы уақытының 90 пайызын бәрібір көркем дүние тудыруға тырысуы керек.
Фэнтези біздің қанымызда бар
– Қазақ аудиториясына танылу жағы маңызды ма, әлде әлемдік нарықты бағындыру ма?
– Мен үшін бұл «не анау, не мынау» деп таңдау жасайтын мәселе емес. Әлемдік нарық ауқымы кең әрі табыс табуға мүмкіндік береді. Ал өз еліңде мойындалудың мәні мүлде бөлек.
Мен Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан ПЕН-клубының мүшесімін. Бигелді Ғабдуллинмен бірге «Аударма» баспасының негізін қаладық. Еліміздегі қаламгерлер қауымдастығының жұмысына белсенді араласып, жас авторларға түрлі жолмен қолдау көрсетіп келемін. Мәселен, қазір қазақстандық «Өз кітабыңның авторы» әдеби байқауының қазылар алқасының құрамындамын. Ал күзде Алматыда өткен жазушылар резиденциясына қатыстым. «Кирпичи 2.0» шығармасының желісімен Қазақстанда фильм түсіріліп, ол Мәскеу халықаралық кинофестивалінің Гран-при жүлдесін иеленді. Сондықтан әлемдік нарық – жұмыс, ал Қазақстан – үй. Үйде адам ақша табамын деп ойламайды, тек өзіңмен мақтанғанын қалайсың.
– Қазақ әдебиетінде фантастика, хоррор, триллер, LitRPG жанры толық мойындалмай жатыр. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Меніңше, мәселе – мойындауда емес, уақыт пен нарыққа байланысты. Жанрлық әдебиет жаппай кітап нарығы қалыптасқан жерде дамиды. Ол үшін кітап дүкендерінің кең желісі, өзін-өзі жарнамалау платформалары және электронды кітапқа ақша төлеуге дағдыланған аудитория қажет. Орыстілді нарық бұл жолды жиырма жылда жүріп өтті. Ал біздің нарық қазір осы кезеңнен енді өтіп жатыр және бұл үдеріс ойлағаннан да жылдам жүруде. Онлайн платформалар пайда болып, қазақ тіліндегі аудиокітаптар жарыққа шыға бастады. Жас авторлар көбейіп, әдеби курстар, мектептер мен клубтар ашылып жатыр. Кітап жәрмеңкелері өткізіліп, заманауи баспалар жұмысын бастады. «Меломан» дүкеніне кірсеңіз, онда отандық авторлардың кітаптары тұрғанын байқайсыз. Қазақ тілінде жазылатын алғашқы ірі фантастикалық бестселлердің жарық көруі – алдағы бірнеше жылдың еншісіндегі дүние екеніне сенімдімін. Өйткені бізде дәстүр бар. Қазақ мәдениетінде ғасырлар бойы қалыптасқан батырлар жыры, рухтар мен өзге әлемдер туралы хикаялар көп. Мұны ауыз әдебиетінен жақсы білеміз. Фэнтези – біздің қанымызда бар, тек бұрын ол басқаша аталған.
– Қазір – жасанды интеллект дәуірі. Бұл жазушының шығармасының танылуына кедергі келтірмей ме?
– Жасанды интеллектінің дамуын мұқият бақылап отырамын. Өзім де шығарманы жоспарлау, кейіпкерлердің картасын жүргізу және олардың бейнесіне арналған референстерді әзірлеу кезінде қолданамын. Бұл – көп жұмысты жеңілдететін тамаша құрал. Ол мәтінді жақсы талдап, әлсіз тұстарын көрсете алады, сондай-ақ түзету мен редакциялауға көмектеседі. Қазірдің өзінде жасанды интеллект жатық мәтін жаза алады. Алдағы уақытта мұндай мәтіндер саны бірнеше есе көбейетіні рас. Бірақ бір-біріне ұқсас контент мұхитында оқырман өзі сенетін тірі авторларға бетбұрыс жасай бастайды. Жазушының танымалдығы стильдің жатықтығымен емес, ешкім қайталай алмайтын жеке тәжірибесі арқылы қалыптасады. Мысалы, менің Ақтөбеде өткен балалық шағым, отбасымa көмектесу үшін жасөспірім шағымнан жұмыс істеген кездерім, тоқсаныншы жылдардағы ауыртпалық, инсульт алған анам жатқан Алматыдағы жансақтау бөлімінде өткізген түндерім, Астанадағы бизнестен әдебиетке келген жолым, «Кирпичидің» алғашқы интернет оқырмандары – мұның бәрі жасанды интеллектіде жоқ. Жасанды интеллект – кезінде жазу машинкасы мен мәтін редакторы қандай құрал болса, дәл сондай көмек құралы. Ол тек жинақтары бұрыннан-ақ өзге авторлардың шығармаларынан ажыратылмайтын қаламгерлер үшін қауіпті болуы мүмкін. Ал өзі де қызықты жаза алатын авторлар үшін жасанды интеллект керемет көмекшіге айналады. Ең бастысы, одан өз орныңа мәтін жазуды сұрамау. Әйтпесе, жазу дағдыңнан айырылып, соңында «бармақ тістеп» қалуың бек мүмкін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС
