Экономистердің пікірінше, бұл мәселені тек әлеуметтік тұрғыдан емес, экономикалық тиімділік тұрғысынан да бағалау қажет. Өйткені сөз жеке азаматтардың жинағы ғана емес, мемлекеттік қаржының тұрақтылығы, инфляцияны басқару және зейнетақы жүйесінің ұзақмерзімді тұрақтылығы туралы болып отыр.
Зейнетақы жинақтарын индексациялау қаншалықты қажет? Мемлекет мұндай кепілдікті сақтауға тиіс пе, әлде халықаралық тәжірибеге сүйеніп, жаңа тәсілдерге көшуі дұрыс па? Бұл өзгеріс болашақ зейнеткерлердің әл-ауқатына қалай әсер етуі мүмкін? Осы және өзге де сауалдарға мақала барысында сарапшылардың пікіріне сүйене отырып жауап іздейміз.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті зейнетақы жинақтарының инфляцияға байланысты мемлекеттік кепілдігі тоқтатылады. Бұл мемлекет зейнетақы жинақтарына мүлде кепілдік бермейді дегенді білдірмейді. Міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының негізгі (номиналды) сомасына кепілдік бұрынғыдай сақталады. Өзгеріс тек инфляция салдарынан жинақтың сатып алу қабілеті төмендеген жағдайда төленетін мемлекеттік өтемақыға қатысты.
Бұған дейін азамат зейнетке шыққанда оның барлық міндетті жарналары инфляция деңгейіне сай қайта есептелетін. Егер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы нақты жинақ осы сомадан аз болса, айырмашылық республикалық бюджет есебінен өтелетін. 2027 жылдан бастап дәл осы өтемақы тетігі күшін жояды.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналинаның айтуынша, қоғамда кеңінен талқыланып жатқан өзгерістің мәнін дұрыс түсіну маңызды.
– Қолданыстағы модель мемлекетке ұзақмерзімді міндеттемелер жүктейді. Оның нақты көлемін алдын ала есептеу қиын, өйткені ол бір мезгілде бірнеше факторға тәуелді. Болашақ шығындар инфляция деңгейіне, зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығына және өтемақы алуға құқығы бар азаматтардың санына қарай өзгеріп отырады. Сондықтан мұндай кепілдіктің бюджетке қанша салмақ түсіретінін нақты болжау әрдайым мүмкін емес. Ашық ресми дереккөздерде бұл төлемдер бойынша толық әрі жүйелі статистика да жарияланып отырған жоқ. Қазір расталған соңғы мәліметтер 2016 жыл мен 2017 жылдың алғашқы тоқсанына қатысты ғана қолжетімді, – дейді ол.
Сарапшы келтірген деректер де бұл мәселенің ауқымын көрсетеді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметіне сәйкес, Қаржы министрлігінің статистикалық бюллетені негізінде 2016 жылы мемлекеттік кепілдік бойынша төленген өтемақы көлемі 11,615 млрд теңгені құраған. Ал 2017 жылдың қаңтар-наурыз айларында бұл көрсеткіш 2,589 млрд теңгеге жеткен. 2016 жылғы төлемдердің өзі республикалық бюджет шығыстарының шамамен 0,14 пайызына тең болған.
Зейнетақы жинақтарын индексациялау: не өзгереді?
Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, ендігі жағдайда азаматтар зейнетақы жинақтарына бұрынғыдан өзгеше көзқараспен қарауға мәжбүр болады.
– Көптеген азамат зейнетақы жинақтарының сақталуына ғана емес, олардың нақты құнының инфляция жағдайында қалай қорғалатынына да ерекше мән береді. Сондықтан енді жинақтарды бағалауда тек есепшоттағы қаражат көлеміне емес, оның сатып алу қабілетінің сақталуына және инфляция деңгейіне де назар аудару қажет болады. Бұл өзгерісті біржақты бағалауға болмайды. Бір жағынан, мемлекет үшін инфляцияға толық кепілдік беру айтарлықтай қаржылық міндеттеме жүктейді. Әсіресе инфляция жоғарылаған кезеңдерде бюджеттен қосымша қаражат бөлу қажеттілігі туындайды. Екінші жағынан, азаматтардың жинағының нақты құнын сақтау мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түседі, – дейді экономист.
Дегенмен сарапшылар бұл өзгерісті тек бюджет шығыстарын қысқартуға бағытталған қадам ретінде қарастыруға болмайтынын айтады. Себебі әлемдік тәжірибеде зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің әртүрлі модельдері қолданылады және олардың басым бөлігінде мемлекет жинақтардың нақты табыстылығына тікелей кепілдік бермейді.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, бұл тұрғыда Қазақстанның ұстанымы халықаралық тәжірибеге жақындай түседі.
– Көптеген елде мемлекет зейнетақы жинақтарының нақты табыстылығына тікелей кепілдік бермейді. Негізгі басымдық зейнетақы активтерін тиімді инвестициялауға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ұзақмерзімді кірістілікті сақтауға беріледі. Ал инфляцияны бақылау мен тежеу орталық банктің ақша-несие саясаты арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан инфляциялық тәуекелдің барлық жауапкершілігін бюджетке жүктеу халықаралық тәжірибеде кең таралған тәсіл емес, – дейді экономист.
Оның пікірінше, бұл өзгеріс зейнетақы активтерін басқаратын институттардың жұмысына да жаңа талаптар қояды.
– Мұндай тәсіл зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін арттыруға ынталандырады. Басқарушы институттардың қызметі инвестициялық нәтижелер арқылы бағаланған сайын олар инвестициялық стратегияларын жетілдіруге, тәуекелдерді барынша сауатты басқаруға және ұзақмерзімді табыстылықты арттыруға көбірек көңіл бөледі. Бұл, өз кезегінде, зейнетақы жүйесінің тиімділігіне де оң ықпал етуі мүмкін, – дейді Бауыржан Ысқақов.
Алайда мұндай модельдің табысты болуы экономиканың жалпы жағдайымен тікелей байланысты. Сарапшының сөзінше, инфляция тұрақсыз болып, инвестициялық табыс оның қарқынынан қалып қойса, мемлекеттік кепілдіктің жойылуы азаматтардың жинақтарына әсер етуі ықтимал.
– Бұл өзгерістердің тиімді болуы, ең алдымен, инфляцияның тұрақты әрі болжамды деңгейде сақталуына байланысты. Егер инфляция жоғары болып, зейнетақы активтерінің инвестициялық кірістілігі одан төмен қалыптасса, азаматтардың жинақтарының нақты құны төмендеуі мүмкін. Сондықтан зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы тек индексация тетігіне емес, жалпы экономикалық тұрақтылық пен инфляцияны бақылауға да тікелей тәуелді, – деп түйіндеді экономист.
Жаңа инвестициялық портфельдер жүйесі
Қаржыгер Венера Жаналинаның айтуынша, мемлекеттік кепілдікті алып тастау туралы шешімді бағалау үшін қолда бар деректер жеткіліксіз.
– Бұл деректер мемлекеттік кепілдікті орындау республикалық бюджеттен нақты шығындарды талап еткенін көрсетеді. Алайда оның мемлекеттік қаржыға нақты әсерін бағалау үшін соңғы жылдардағы төлемдер, алушылар саны, орташа өтемақы көлемі және болашақ міндеттемелердің актуарлық болжамы қажет, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, реформаның мақсаты – тек бюджет шығынын қысқарту емес, мемлекет, басқарушы және салымшы арасындағы жауапкершілікті қайта бөлу. 2021 жылдан бастап азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыларға беру мүмкіндігі жасалса, 2026 жылдан бері Ki композиттік индекстеріне негізделген жаңа инвестициялық портфельдер жүйесі жұмыс істейді.
Алайда Венера Жаналина инвестициялық портфельді басқарушылардың жауапкершілігі мемлекеттік инфляциялық кепілдіктің баламасы емес екенін атап өтеді.
– Инвестициялық портфельді басқарушы белгіленген индекстен төмен нәтиже көрсеткен жағдайда ғана айырманы өтейді. Бірақ нарық жалпы төмен табыстылық көрсетсе, басқарушы индекстен қалып қоймауы мүмкін, дегенмен салымшы жинағының сатып алу қабілетін жоғалтады. Сондықтан жаңа жүйенің тиімділігі толық дәлелденбей тұрып, инфляциялық кепілдікті алып тастауға асықпаған жөн, – дейді қаржыгер.
Салымшының жауапкершілігі арта ма?
Жаңа жүйеде зейнетақы жинағын қайда инвестициялау керектігін таңдауда азаматтың жауапкершілігі артады. Алайда қаржыгер Венера Жаналинаның пікірінше, қазіргі модельде салымшыларды автоматты түрде қорғайтын маңызды тетік жетіспейді.
– Қолданыстағы модельде адамның зейнет жасына жақындауына қарай инвестициялық тәуекелді автоматты түрде төмендету тетігі жоқ. Салымшы өзі таңдаған стратегияны өзі бақылап, қажет болса басқа инвестициялық портфельді басқарушыны таңдауы немесе қаражатын қайтадан Ұлттық банктің басқаруына қайтаруға тиіс. Бірақ мұндай шешім қабылдауға әр азаматтың білімі мен мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан инвестициялық таңдаумен қатар қаржылық сауаттылықты арттыру, тәуекелдер мен табыстылық туралы ашық ақпарат беру және салымшыларды қорғау тетіктерін күшейту қажет, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, зейнетақы жүйесінің басты мақсаты – шоттағы ақшаны ғана сақтау емес, оның құнын да жоғалтпау.
– Тек номиналды соманы кепілдендіру жеткіліксіз. Жиырма-отыз жылдан кейін сол ақшаның сатып алу қабілеті айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Сондықтан жинақтар адамның зейнетке шыққаннан кейінгі табысын қамтамасыз етуі керек. Осы себепті міндетті зейнетақы жарналарының нақты сатып алу қабілетін мемлекеттік қорғау сақталғаны жөн. Бұл әсіресе жинақтары Ұлттық банктің басқаруында тұрған азаматтар, зейнет жасына жақындаған адамдар және заң өзгергенге дейін жинақ қалыптастырған салымшылар үшін маңызды, – дейді Венера Жаналина.
Сарапшының пікірінше, егер реформа жоспарланғандай жүзеге асатын болса, оған дейін жаңа жүйенің қаншалықты тиімді екені жан-жақты бағалануы қажет. Ол үшін мемлекеттік кепілдік бойынша төлемдердің толық статистикасы жарияланып, жаңа инвестициялық модельге тәуелсіз талдау жасалып, салымшыларды қорғау тетіктері күшейтілуге тиіс.
– Жаңа жүйе алдымен өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеуі керек. Салымшыларды қорғау тетіктері тек қолайлы кезеңде ғана емес, экономикалық тұрақсыздық кезінде де жұмыс істей алатынын көрсетуге тиіс. Оған дейін инфляциялық кепілдікті алып тастау ерте шешім сияқты көрін көрсетуге тиіс. Оған дейін инфляциялық кепілдікті алып тастау ерте шешім сияқты көрінеді, – деп түйіндейді қаржыгер.
Кәмила ДҮЙСЕН
