Қазақстан Қашаған кен орнын игеретін North Caspian Operating Company (NCOC) халықаралық консорциумының мүлкі мен көлік құралдарына тыйым салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы Reuters агенттігі Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі деректерге сілтеме жасады.
Мәліметке сәйкес, атқарушылық іс жүргізу 21 шілдеден бері орындалу сатысында. Алайда қандай мүлік пен көлік құралдарына шектеу қойылғаны нақты көрсетілмеген.
Құрамына Shell, Eni, TotalEnergies және Exxon Mobil кіретін NCOC консорциумы Reuters агенттігінің түсініктеме беру туралы сауалына әзірге жауап бермеген.
Қазақстан мен Қашаған операторы арасындағы дау 2023 жылдан бері жалғасып келеді. Сол кезде Қазақстан үкіметі NCOC-тан белгіленген нормадан артық көлемде күкірт сақтағаны үшін 2,3 триллион теңге көлемінде өтемақы өндіруді талап еткен.
Консорциум бұл талаптарды мойындамай, дауды халықаралық арбитраждың қарауына берген.
Биыл шілде айында Қазақстан билігі экологиялық айыппұлды өндіріп алу талабын жалғастыратынын мәлімдеді. Ал NCOC барлық кейінгі процестер халықаралық арбитраж аясында қаралуға тиіс деген ұстанымын қайта мәлімдеді.
