Бас ауырып, балтыр сыздаған тұста кім де болса шыбын жаны үшін қолда барын тиынына дейін сарқып, ауруханалардың табалдырығын тоздырып кетеді. Кейінгі жылдары мемлекеттік бюджеттің қоржынынан салаға бөлінетін қаражаттың көлемі де айтарлықтай өскен секілді. Алайда жылдар бойы қордаланған ахуалдан көз ашпаған медицина саласының басынан бұлт кетпей тұр. Оның мысалы – Ақмола өңіріндегі дәрігер тапшылығы.
Саланың «солқылы» бітпей тұр
211
оқылды

 Кардиолог, акушер-гинеколог, педиатр, офтальмолог, реаниматолог сияқты бейінді дәрігерлер саусақпен санарлық. Ал облыс орталығынан шалғайда жатқан аудандар мен ауылдардағы жағдай тіпті ауыр. Себебі аймақта бірнеше аурухана мен емхана, басқа да медициналық ұйымдар мил­лиардтаған теңге қарызға батқан. Тиісті лицензия талаптарының сақталмауына байланысты бюджеттік мекемелердің мойнына қомақты санкциялар салыныпты. 

Жақында ғана облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясында аймақ халқын алаңдатқан мәселе тағы бір мәрте қаралды. Бір ғана жылдың ішінде емес, бірнеше жыл айналасында қордаланған бұл көрсеткіш ден­саулық сақтау ұйымдарының қаржылық тұрақтылығы әлсірегенін көрсетті. Депутаттар бұған дейін Денсаулық сақтау басқармасының тізгінін жақында қолға алған Нариман Ермектің «мықты басқарушылар командасын жасақтап, бұрынғы басшылардың қателігін түзеп, жүйелі жұмыс орнатамыз» деген уәдесін еске түсірді. Алайда жаңа басшылықтың алғашқы кезеңінде-ақ басқарма ішіндегі кадр тұрақсыздығы байқалып, маңызды мәселелер талқыланған отырыс күні басшының өзі де денсаулығына байланысты келмей қалды. Жиында туындаған сауалдардың салмағын басқарма басшысының орынбасары Саят Толықбаев көтеруге мәжбүр болды. Басқарма өкілінің баяндамасынан да талай ойландыратын дерек аңғарылды. 

Оның айтуына қарағанда, аймақ ауруханаларының несиелік қарыздары 7,4 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде 1,4 миллиард теңгесінің мерзімі де өтіп кеткен. 2024 жылмен салыстырғанда жеткізушілер алдындағы медициналық мекемелердің қарыздары 2,5 еседен астам өскені анық­талған. Мәселен, тек биылғы алғашқы жартыжылдықта ғана 2 миллиард теңгеден асып жығылған. Атап айтқанда, Жарқайың аудандық ауруханасы – 100 миллионнан астам, Бұланды ауруханасы – 80 миллион, Аршалы аудандық ауруханасы 90 миллион теңге шамасында қарызға батқан. Бұл орайда оқырман тарапынан «мемлекеттік бюджет қоржынынан, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе­сі арқылы жыл сайын ондаған миллиард теңге бөлініп жатқанда ауруханалар неге қарызға белшеден батып отыр?» деген заңды сұрақ туындайтыны сөзсіз. Бұл сұрақтың жауабын тек қаржы тапшылы­ғынан іздеу жеткіліксіз екен.

Ең көп әрі қарызының мерзімі өтіп кеткені – Степногор көпбейінді қалалық ауруханасы. Мұнда қарыз сомасы 873 миллион теңгеге жеткен. Медицина мекемесінің қарызға белшесінен батуы әрі дәрігерлердің жалақысына дейін кешіктірілуі сияқты басқа да түйткілдер өңір әкімдігі мен құзырлы басқарма өкілдерін ұзақ уақыт бойы жұмыстануға мәжбүр еткен. Осылайша, медициналық көмектің сапа­сын арттыру мақсатында аурухананың мәртебесі көтерілді. Құны қымбат медициналық техникалар сатып алынып, жоғары технологиялық қызметтерді дамыту көзделді. Алайда заманауи аппараттарды тиімді пайдалануға қажетті жағдай толық жасалмай жатып, жоба жаңа проблемаларға айналды. Магниттік-резонанстық томографты орнату үшін ғимарат қабырғасын қайта бұзуға тура келсе, ангиограф ұзақ уақыт маман тапшылығының кесірінен пайдаланылмай қалған. Ең сорақысы, лицензиялау талаптарының толық орындалмауы салдарынан осы ауруханаға медициналық сақтандыру қоры тарапынан 478 миллион теңге көлемінде қаржылық санк­ция енгізіліпті. Тексеру Денсаулық сақтау басқармасының талабы негізінде жүргізілген. Себебі аурухана кардиохирургиялық қызметті лицензияға қажетті қосымшасыз көрсеткен. Елді алаңдатқаны сол, бұл аймақтағы жалғыз жағдай емес. Облыста лицензиялық талаптарды бұзған өзге де медициналық ұйымдарға санкциялар қолданылған. Нәтижесінде биыл филиал тарапынан салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 8,9 миллиард теңгеге жеткен.

Қор филиалының өкілі Алия Жүсіпованың бұл дерегі облыстық мәслихат депутаттарының ащы сынын күшейтті. Өйткені Степногорск ауруханасы тек МӘМС қаражатына  емес, облыстық бюджеттен де қаржыландырылады. Өңірдің өз қаражаты есебінен қаржыландырылатын медициналық ұйымнан өндірілген қаражат қайтадан орталық жүйеге кетсе, бұл қаншалықты тиімді және әділетті болмақ? 

Осы тұста тағы бір маңызды қайшы­лық көзге ұрады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық қызмет үшін төлем жасайды. Аурухана науқасты емдейді, қаражат жұмсалады. Біраз уақыт өткен соң тексеру жүргізіліп, талап бұзылғаны анықталады да, төленген қаржының бір бөлігі кері қайтарылады немесе айыппұл салынады. Егер қызмет лицензиялық талаптарға сай болмаса, неге оған бастапқы кезеңде жол берілді?

Теңгерімі жоқ түйткіл

Медициналық қызметті лицензиялау мәселесі де жиын барысында қызу пікірталас тудырды. Депутаттар заң талаптарының маңызын жоққа шығармайтынын айта отырып, нақты өмірдегі жағдайлар мен нормативтік талаптардың арасында аса үлкен алшақтық бар екенін алға тартты.

– Мәселен, аудандық ауруханаға аппендицитпен шұғыл науқас түсті делік. Ал дәрігерлерде хирургиялық көмек көрсетуге қажетті лицензия жоқ. Сонда олар нау­қасты қарап, көмек көрсетуге болмайды деп, жағдайды қиындатып отыруы керек пе? – деген сауал қойды депутаттар. 

Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының өкілі Алия Жүсіпова бұл талаптардың заңнамалық негізі бар екенін жеткізді.

– Біз жағдайды түсінеміз. Бірақ қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер бар және олардың сақталуын қамтамасыз етуіміз қажет, – дейді ол.

Бұл пікірмен облыстық мәслихат депутаты, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының директоры Нұрлан Жаров та ішінара келісті. Оның айтуынша, медициналық көмектің әрбір түрін тиісті даярлығы мен сертификаты бар маман көрсетуге тиіс.

– «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демей ме?! Кез келген медициналық қызметті білікті, сертификатталған маман көрсетуі керек. Бұл – дұрыс талап. Мысалы, хирург гинекологиялық немесе кардиохирургиялық операция жасай алмайды. Ол үшін арнайы дайындық пен тиісті сертификат қажет. Бірақ мәселенің екінші жағы да бар. 2020 жылдан бері салаға бөлінетін қаржы көлемі екі есеге артқанына қарамастан, медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі азаймай отыр, – дейді Нұрлан Жаров.

Нұрлан Қайырұлының айтуына қара­ған­да, мәселенің бір ұшы қаржыландыру жүйе­сіндегі кейінгі бақылау тәсіліне байланысты.

– Айыппұлдар көбіне ретроспективті түрде келеді. Қор алдымен медициналық қызметке ақы төлейді. Кейін жартыжылдық қорытынды бойынша тексеру жүргізіп, қаржыны кері алып қояды. Бұл кезде науқас емделіп қойған, шығын жұмсалған. Ал бірнеше айдан кейін айыппұл келеді. Сонда алдын ала жүргізілетін мониторинг қайда? Неліктен мұндай жағдайға жол берілді? Неге қор осы қызметтер үшін бастапқыда қаржы төледі? – деп сауал қойды депутат.

Оның пікірінше, ауруханалардың тұ­рақты түрде қарызға батуы тек бас дәрігерлердің менеджмент қабілетіне байланысты емес.

– Аудандық ауруханалардың мүмкіндігі шектеулі. Мысалы, Степногорск ауруханасының 25 мың шаршы метрден астам ғимаратын күтіп ұстау қажет. Ал бюджетінің 90 пайызы қызметкерлердің еңбек­ақысына жұмсалады. Мұндай жағ­дайда қандай кең ауқымды менеджмент туралы айтуға болады? – деп түйіндеді облыстық аурухана директоры.

Ол Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен денсаулық сақтау басқармасы арасындағы жұмысты тереңірек үйлестіру қажет екенін атап өтті. Себебі қаржыландыру көлемін арттырудың өзі басқару жүйесі жетілмесе, медициналық көмектің сапасын автоматты түрде жақсарта алмайды.

МӘМС жүйесіндегі тұралаған тұс

Жиында медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық жағдайына қатысты деректер де айтылды. Әлия Жүсіпованың мәліметінше, өңірде медициналық көмек көрсетуге жұмсалатын шығын көлемі тұр­ғын­дардан түсетін жарна көлемінен әлдеқайда жоғары. Мәселен, былтыр әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ақмола облыстық филиалы медициналық ұйымдарға 89,1 миллиард теңге төле­ген. Ал тұрғындардан түскен жарна кө­­ле­мі 35,7 миллиард теңгені ғана құраған. Сонымен қатар өңірде МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар саны жыл сайын шамамен үш-төрт мың адамға азайып келеді. Бұл орайда жүйеге қатысушылар санының ­азаюына медициналық көмектің қолжетімділігі де әсер етуі әбден мүмкін. Әсі­ре­се, шал­ғайда жатқан ауылдық жерлердегі жағдай бұл мәселенің өзектілігін көрсетеді.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов келтірген мәліметтерге сәйкес, өңірдегі мыңнан астам медициналық ұйымның ішінде 160 медициналық пункт, амбулатория және мектеп жанындағы медициналық кабинетте санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылары да жоқ болып шықты. Әділдік үшін айта кету керек, жыл басында мұндай нысандар саны екі есе көп болған. Дегенмен мәселе толықтай шешілді деуге әлі ерте. Негізгі себептер ғимараттардың талапқа сай болмауы, су және кәріз жүйелерінің жоқтығы, нысандардың апатты жағдайға жақындауы болып отыр. Әсіресе Зеренді, Жарқайың, Ақкөл, Егіндікөл аудандары мен Біржан сал ауданында бұл мәселе аса өткір күйінде қалып отыр.

Мәселен, Жарқайың ауданындағы Львовское ауылдық медициналық пунктінде барлық бөлмеге ортақ жылу жүйесі жүргізілмеген, емшара кабинетінің қабыр­ғалары тұсқағазбен қапталған, ыстық су мен кәріз жүйесі жоқ. Осындай жағдай Отрад­ное және Кенское ауылдарында да кездеседі. Ал Зеренді ауданында денсаулық сақтау саласындағы 39 нысанның барлығы дерлік бейімделген ғимараттарда орналасқан. Кейбірі тіпті жеке тұрғын үйлерде, кейбірі мектептер мен әкімдік ғимараттарында орналасуға мәжбүр болыпты. Көпшілігінде санитариялық торап, су құбыры және кәріз жүйесі де қарастырылмаған. Серік Омархановтың пікірінше, бұл мәселелердің бір бөлігін күрделі емес жөндеу жұмыстарымен де шешуге болады.

Жиын соңында тұрақты комиссия төрағасы Саят Сыздықов денсаулық сақтау басқармасына қатысты мәселенің көп екенін атап өтті. Соның бірі – Ақкөл аудандық ауруханасындағы жөндеу жұмыс­тары. Мұндағы күрделі жөндеу жобасы 1,7 миллиард теңгеге есептелгенімен, мемлекеттік сатып алу конкурсы 1,3 миллиард теңгеге ғана өткізілген.

– Бұл қалай болғаны? Қаржы жетпегендіктен, жобада қарастырылған жұмыстардың бір бөлігі орындалмай қалуы да мүмкін ғой. Құрылыс саласының маманы емес бас дәрігер енді қай жұмысты істеу керек, қайсысынан бас тарту керек деген шешім қабылдауға мәжбүр. Бұл қаншалықты дұ­­рыс?  – деп сауал қойды Саят Сыздықов.

Ал облыстық Экономика басқармасының өкілі қосымша қаржы табу қиын екенін алға тартып, бюджет мүмкіндігі шектеулі екенін жеткізді.

– Денсаулық сақтау мәселесімен қазір бәрі айналысатын сияқты, тек саланың өз басқармасы  шет қалып отырғандай әсер бар. Осы мәселелер бойынша облыс әкіміне хат дайындаймыз, – деп түйіндеді Саят Сыздықов.

Ақмола облысындағы жағдайдан шыға­тын негізгі қорытынды: денсаулық сақтау жүйесіне бөлінетін қаржының көлемі ғана емес, сол қаражаттың қалай жоспарланып, қалай басқарылып отырғаны шешуші рөл атқарады. Егер мемлекеттік органдар, медициналық ұйымдар мен қаржыландырушы құрылымдар арасында нақты үйлесім болмаса, қосымша бөлінген миллиардтар да күткен нәтижені бере алмайды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы