Абай облысында цифрландыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Интернет инфрақұрылымын кеңейту, шалғай ауылдарды сапалы байланыспен қамту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін күнделікті өмірге енгізу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге арналған жобалар өңірдің цифрлық келбетін жаңғыртып отыр. Бұл бастамалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, аймақтың инвестициялық тартымдылығы мен туристік әлеуетін де арттыруға жол ашуда.
Сандық жүйедегі серпіліс
171
оқылды

Қазір облыстағы 326 елді мекеннің 260-ы сымды және мобильді интернетке қосылған. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта айтарлықтай өседі. «Қазақтелеком» АҚ-мен жасалған инвестициялық келісім аясында 178 ауылға талшықты-оптикалық және спутниктік байланыс желілерін тарту жұмыстары қолға алынған. Жалпы ұзындығы 2 352 шақырымнан асатын талшықты-оптикалық желі салынып, жыл соңына дейін тағы 86 ауыл жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жет­кізеді.

Цифрлық инфрақұрылымды дамы­тудағы тағы бір маңызды бағыт – респуб­ликалық маңызы бар автомобиль жолдары бойындағы байланыс сапасын жақсарту. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 40 антенна-діңгек құрылымын салу жоспарланған. Қазіргі уақытта олардың басым бөлігі бойынша жобалық құжаттар мемлекеттік сарап­тамадан өтіп, құрылыс кезеңіне дай­ындалуда.

Бұл мәселе облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңесте де кеңінен қаралды. Әсіресе, туристер көп келетін Алакөл жағалауындағы байланыс сапасын арттыруға ерекше назар аударылды. Бұған дейін интернет қолжетімділігі шектеулі болған жағалауға алғаш рет талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткізіліп, 150-ден астам демалыс орны жоғары жыл­дам­дықтағы интернетке қосылды. Сонымен қатар жаңа антенна-діңгек құрылымдары орнатылып, байланыс операторларының базалық стансалары іске қосылды. Қабанбай ауылында да жаңа байланыс нысандарының құрылысы жалғасып жатыр.

Өңірдегі цифрландыру жұмыстары тек байланыс сапасын жақсартумен шектелмейді. Бүгінде қоғамдық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету ісіне жасанды интел­лект технологиялары белсенді енгізіліп келеді. Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында аудан және қала орталықтарында «Қауіпсіз қала» жедел басқару орталықтары құрылуда.

Биыл Алакөл жағалауында 224 интеллектуалды бейнекамера орнатылып, туристік аймақты Семей қаласынан он­лайн бақылауға мүмкіндік жасалды. Жергілікті мамандар әзірлеген жасанды интеллект жүйесі құқықбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, жоғалған адамдар мен заттарды санаулы минут ішінде табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ күмәнді әрекеттерді, оның ішінде суық қару алып жүру деректерін автоматты түрде анықтай алады. Жаңа технологияның тиімділігі алғашқы нәтижелерінен-ақ байқалды. Туристік маусым басталғалы жүйенің көмегімен жүзден астам адасып қалған бала ата-анасына табысталып, жоғалған ұялы телефондар мен басқа да жеке заттар иелеріне қайтарылған. Мамандардың мәліметінше, жасанды интеллект енгізіл­геннен кейін құқықбұзушылықтар саны бірнеше есеге азайған.

Цифрлық даму кадр даярлау ісімен қатар өрістеп келеді. Семей қаласындағы Оқушылар сарайында Tomorrow School жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар халықаралық TUMO білім беру орталығын ашу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда оқушылар жасанды интеллект, бағдар­ламалау, робототехника, графикалық дизайн, анимация және 3D модельдеу бағыттары бойынша заманауи білім алып, болашақтың сұранысына сай маман­дықтарға бейімделеді.

Облыс әкімі Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы бұл саладағы жұмыстарға жаңа серпін бергенін атап өтті.

– Цифрлық инфрақұрылымды дамыту – өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық өсімінің негізгі алғышарт­тарының бірі. Жүзеге асырылып жатқан жобалар халық­тың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, инвестиция тартуға, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге және заманауи цифрлық қызметтердің қолже­тімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен өз нәтижесін береді, – деді облыс әкімі.

Бүгінде цифрлық технологиялар – заманның басты талабы ғана емес, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды көрсеткіштің бірі. Абай облысында қолға алынған жобалар цифрлық трансформацияның нақты нәтижесін көрсетіп, өңірдің жаңа даму кезеңіне нық қадам басқанын аңғартады. Инфрақұрылымнан бастап қауіпсіздік пен білім беру саласына дейінгі кешенді жұмыстар алдағы жылдары облыстың тұрақты дамуына берік негіз болмақ.

Э.Жүрсінбекқызы