Қазақстандық Қаршыға Дәуітбек Кехэй Хагивараны бір соққымен тоқтатты
Қаршыға Дәуітбек жапон файтерін бірінші раундта нокаутқа түсірді
instagram.com/d.karshiga
311
оқылды

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қаршыға Дәуітбек Жапонияда өткен RIZIN LANDMARK 15 турнирінде кезекті жеңісіне жетті.

Хиросима қаласындағы Green Arena спорт кешенінде өткен жекпе-жекте Дәуітбек жапониялық Кехэй Хагиварамен кездесті. Қазақстандық спортшы қарсыласын бірінші раундтың 4 минут 8 секундында техникалық нокаутпен жеңді.

Жекпе-жек барысында Хагивара арақашықтықты сақтап, аяқпен соққы жасауға тырысты. Алайда раундтың соңына қарай Дәуітбек алға ұмтылып, сол қолымен жойқын соққы жасады. Қарсыласы құлағаннан кейін төреші кездесуді тоқтатты.

Осы жеңістен кейін Қаршыға Дәуітбектің кәсіби рекорды 19 жеңіс пен 3 жеңіліске жетті. Хагивараның көрсеткіші 9 жеңіс және 12 жеңіліс болды.

Жапониялық БАҚ қазақстандық спортшының жеңісін оның жойқын сол қол соққысымен байланыстырды. Дәуітбек жекпе-жектен кейін кез келген қарсыласпен кездесуге дайын екенін мәлімдеді. RIZIN басшылығы оның келесі қарсыласы жапониялық танымал файтер Рен Хирамото болуы мүмкін екенін айтты.