Арал өңірінде кейінгі жылдары өндірістік-инвестициялық жобалар­ға ерекше серпін беріліп келеді. Оның ішінде жуырда мотоцикл құрастыру зауыты мен жоғары сұрыпты ас тұзын өндіретін кәсіп­орын ашу ісі қолға алынып отырғаны мәлім бол­ды. Бұл өміршең жобалар аудан экономикасын әртараптандыруға, жұмыс орындарын ашуға және экспорт көлемін ұлғайтуға бағытталмақ.
Аралдың балығы: үміті де, күдігі де басым
368
оқылды

Дегенмен аралдықтарды тол­ған­дыратын басты сауал бұл емес. Көптің көкейін «жаңа зауыттар ғасырлар бойы өңірдің негізгі күнкөріс көзі болған балық шаруашылығының орнын баса ала ма?» деген сұрақ мазалап тұр.

Аралдың басты капиталы – балық

Айдынды Арал өңірі, ең ал­ды­мен, балық шаруашылығын еске түсіреді. Ертеден ескегін есіп, ауын салып, теңізден нәпа­қасын теріп жеген тұрғылықты халықтың байырғы тіршілігі көз­көргендердің көкейінде сарнап тұр. Мұны – тек экономиканың бір саласы ғана емес, тұтас өңір­дің өмір салты мен тарихи бол­мысы деп қарауға болады.

Бүгінде аудан аумағында Кіші Арал теңізінің 18 балық шаруа­шылығы учаскесі, Сырдария өзені және 17 көл кәсіпшілік мақсатта пайдаланылып келеді. Теңізде балықтың 19 түрі мекен­десе, соның 16 түрі өндірістік аулауға рұқсат етілген.

«Ауданда жылдық қуатты­лығы 29,9 мың тонна болатын 10 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның алтауы балықты те­рең өңдеумен айналысса, төр­теуі мұздату, ыстау және қатыру жұмыстарын жүргізеді. Биылғы жылдың алғашқы жартысында 3764 тонна балық ауланып, 3621 тоннасы өңделді. Өңдеу көлемі жоспардан асып, 106,6 пайыз орын­далған. Ал экспорт көлемі 1848 тоннаға жетті», – дейді бұл жайында Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Дегенмен бұл көрсеткіштердің сыртында шешімін күткен мәсе­лелер менмұндалап тұр. Нақты айтқанда, Еуропа нарығына өнім шығаруға мүмкіндік беретін «Еврокод» сертификаты әзірге Аралдағы тек екі кәсіпорында ғана бар екен. Бұл бірінші кезекте халықаралық нарыққа шығу әлеуетінің әлі толық пай­даланыл­май отырғанын көрсетеді.

Негізінен, балық шаруа­шылығының болашағы, ең алды­мен, табиғи қордың сақталуына байланысты болып келеді. Осы тұрғыдан алғанда ауданға қарасты Қосжар ауылдық округіндегі «Қамыстыбас» балық пито­мнигі­нің орны ерекше саналады.

Аудан әкімдігінің дерегіне сәйкес, жарты ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан аталмыш кәсіпорын жыл сайын мемлекеттік тапсырыс не­гізінде 15 миллион 220 мың дана шабақ өсіреді екен. Оның ішінде 14,8 миллионы – біржыл­дық, 420 мыңы екіжылдық ша­бақ­тар болып табылады. Олар Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзеніне жі­беріліп, табиғи попу­ляцияны то­лықтыруға сеп болып тұр деген ақ­парат айтылады.

Сонымен қатар ауданда жаңа аквакультура жобалары қолға алы­нып жатқаны тілге тиек бол­ды. Атап айтқанда, Ақирек тауы­ның етегінде құны 685 миллион теңгені құрайтын тоған шаруа­шылығын іске қосу жұмыстары қарқын алған. Жылдық қуатты­лығы 300 тонна болатын бұл жоба болашақта сазан тұқымдас балық өсіруге мүмкіндік береді деген жоспар бар.

Сол сияқты Аманөткел ауы­лын­дағы «Арал Рыбторг» ЖШС жылына 15-20 миллион шабақ өсіретін инкубациялық цех салу­ды жоспарласа, Ақшатаудағы «Жам­был» өндірістік кооперативі қазір­дің өзінде дернәсіл шыға­рып, жергілікті су айдындарын ба­лықтандыруға үлес қосып жа­тыр екен.

Жалпы, бүгінде ауданда 16 шаруашылық тауарлы балық өсірумен айналысады. Оның ішінде көл және тоған шаруа­шылықтары мен тұйық сумен қамтамасыз ету жүйелері жұмыс істейді.

Инвестиция көбейді, бірақ...

Кейінгі жылдары Арал ау­данында балық шаруа­шылығы­мен қатар экономиканы әртарап­тандыруға бағытталған жаңа өн­дірістік жобалар да қолға алына бастады. Жуырда Қызыл­орда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевтың ауданға жасаған жұмыс сапары барысында жария­ланған бастамалар соның айқын көрінісі болды.

Атап айтқанда, аудандағы «Тоғыс-Аралотын» ЖШС 1 мил­лиард теңге инвестиция салып, мотоцикл құрастыру өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын жылына 20 мыңға жуық өнім шығарып, оның едәуір бөлігін экспортқа бағыттауды жос­парлап қойған. Сонымен қа­тар осы серіктестік 1,8 миллиард теңге инвестиция есебінен жыл­дық қуаттылығы 40 мың тонна бо­ла­тын жоғары сұрыпты ас тұ­зын өндіретін жаңа зауытты іске қосыпты. Бұл жобалар жаңа жұ­мыс орындарын ашып, аудан бюд­жетіне түсетін салық көлемін арттыруға және жергілікті эко­номиканың өндірістік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді деп отыр.

Дегенмен тұрғылықты халық  жаңа өндіріс орындарының ашы­луымен қатар, Аралдың атакәсібі – балық шаруашылығының өр­кендеуіне көбірек үміт артатыны байқалады. Себебі балық кәсіп­шілігі бұл тек экономикалық та­быс көзі емес, теңіз жағасында жағалай қоныстанған халық үшін бірнеше буыннан жалғасқан күн­көріс көзі және өңірдің тарихи болмысының ажырамас бөлігі саналады. Сондықтан Аралдың болашағы өндіріс пен инвес­тиция­ны дамытумен қатар, балық қорын молайту, су айдындарын тиімді басқару, балықшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және қайта өңдеу саласын жаң­ғырту арқылы айқындалса деген пікір басым. Яғни жергілікті жұрт­шылық тіршілік нәрінен тап­­шылық болмай, балық шаруа­шылығын өркендететін бірегей жобалар жүзеге асырылса деген тілегін де жеткізіп отыр.

Балықшылар не дейді?

Арал ауданына қарасты Қара­терең ауылының тұрғыны Ғари­фолла Еңсегенов – көп жылдай атакәсіптің айналасында жүрген білікті маман. Оның айтуынша,  мемлекет қолдауы тоқтамаса, Арал теңізі балықсыз қалмай­тынын алға тартады.

«Біз Арал ауданы Қаратерең ауылы Арал теңізінің құяр саға­сына орналасқан балықшы ауы­лы саналамыз. Бүгінде Арал өңі­рінде балық шаруашылығының дамуы тұрақты. Соның ішінде теңіз­дегі балық түрлерінің көбе­юіне үлкен үлес қосып отырған «Қамыстыбас» питомнигінің Тастақ бөлімшесі жыл сайын миллиондаған шабақты теңізге жібереді. Кейінгі кездері өңірде жеке шаруашылықтар көбейді, бірақ олардың теңізге шабақ жіберіп жатқанын көрген емеспіз. Ал «Қамыстыбас» питомнигі – Қазақстандағы мемлекеттік үш питомниктің бірі. Сондықтан мемлекеттік питомниктің жұмы­сы аса маңызды. Үкімет қолдауы болса, Аралдың балығы сақ­талады», – дейді ол.

Ал аралдық тәжірибелі балық­шы Нұржан Сейтбенбетовтің пікірі мүлде басқа. Ол кейінгі жылдары теңіздегі жағдайдың күрт өзгергенін айтады. Соның салдарынан су маржанының саны сиреп бара жатқанын алға тартады.

«2020 жылдан бері теңіздің балық қоры азайды. Қазіргі кезде тісті аталатын балық тұқымы жойылудың аз-ақ алдында тұр. Бұрынғыдай ірі балық түрі сирек кездеседі. Көбіне мөңке түседі. Ауланған балықтарымызды теңіздің белгілі бір аумағын тен­дерден ұтып алған егелері қабыл­дап алады. Теңіз жағасындағы Тастүбек деген жерде нәпа­қамыз­ды тауып келеміз. Атакәсіптің арқасында кейде күніне 5 мың тең­ге, кейде 20 мың теңге таба­мыз. Соның өзіне шүкіршілік ете­міз. Бірақ мұны бұрынғы жағ­даймен салыстыруға келмейді. Өйткегі теңіз жылдан-жылға таяз­данып барады. Жалпы, теңіз­дің жағдайы мәз емес», – дейді ол.

Негізінен, Арал балықшы­ларының пікірінше, бүгінгі басты мәселе – су көлемінің тұрақты­лығы, көлдерге судың уақытылы жетуі, шабақтарды қорғау және балық өнімін өткізудің тиімді жүйесін қалыптастыру мәселелері басты назарда болған жөн. Егер осы түйткілдер орынды шешілсе, балық шаруашылығын бұрын­ғыдан да жоғары деңгейде дамы­туға мүмкіндік мол.

Сондықтан теңіз тағдыры толғандырған тұрғылықты ха­лық балықты терең өңдеу өн­дірісін кеңейту, халықаралық серти­фикат­тар санын көбейту, логис­тика­ны дамыту, акваөсіру көле­мін ұлғайту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды қолға алу қажет деп есептейді. Мұны ұзақ­мерзімді табыс әке­летін негізгі бағыттар ретінде тү­сіндіріп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы