Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті мәлімдеді.
Өзінің сәбиін кәріз жүйесіне лақтырып кеткен әйел ұсталды
358
оқылды

Елордада жаңа туған нәрестенің кәріз жүйесінен табылуына байланысты 29 жастағы әйел ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде қаладағы қонақүйлердің бірінде әйелдің босанып, нәрестесін кәріз құдығына тастап кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел жүктіліктің алтыншы айында мерзімінен бұрын босанған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Оқиғадан кейін қонақүй орналасқан тұрғын үй кешенінің тұрғындары да нысанға қатысты шағымын жеткізді. Олардың айтуынша, қонақүйден түнгі уақытта жиі айқай-шу естіліп, полиция бірнеше рет шақырылғанымен, мәселе толық шешілмеген. Полицияның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері аталған қонақүйден «102» нөміріне 19 шақырту түскен.

Соның нәтижесінде тыныштықты бұзғаны үшін 13 адам, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін тағы 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар қонақүй иесіне құқықбұзушылықтардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде ресми ұсыным жолданған. Полиция өкілдерінің мәліметінше, аталған нысан мен оның айналасындағы аумақ учаскелік полиция инспекторларының тұрақты бақылауында.