Қырық жылға жуық уақыт үнсіз тұрған көне қабырғалар қайта жаңғырып, қаланың тарихи келбетінің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Бұл жай ғана құрылыс жобасы емес. Бұл – өткен мен бүгінді жалғайтын, тарихи жадыны сақтайтын, Семейдің болашақ дамуына бағытталған маңызды бастама.
1873 жылы салынған сәулет нысаны бір кездері қаланың қоғамдық өмірінің өзегіне айналған еді. Оның қабырғалары талай тарихи оқиғаларға куә болды. Уақыттың талай сынынан өткен бұл ғимарат енді қайтадан қала тынысына араласпақ.
Тарихи ғимараттың тағдыры жеңіл болған жоқ. 1917 жылғы алапат өрт кезінде нысан қатты зардап шегіп, тек негізгі қабырғалары ғана сақталған. Алайда сол кездегі қала тұрғындары ғимаратты қалпына келтіруге жұмылып, бір айдың ішінде қайта тұрғызған. 1918 жылдың 18 қаңтарында нысан қайта пайдалануға беріледі. Бұл оқиға – Семей халқының туған қаласына деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігінің жарқын белгісі. Кейін 1950 жылы Семейде зооветеринарлық институт ашылып, тарихи ғимарат жоғары оқу орнының бас корпусына айналды. Алайда 1986 жылы болған тағы бір өрттен кейін нысан қайтадан ауыр жағдайға түсті. Содан бері ондаған жыл бойы оның болашағы белгісіз болып келді. Бүгінде сол үнсіз тұрған қабырғаларға жаңа тыныс берілуде.
Абай облысының әкімі Берік Уәли құрылыс алаңына барып, қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
– Қаланың дәл ортасында орналасқан ғимарат ұзақ уақыт бойы қараусыз қалып, шаһардың көркіне кері әсер етіп тұрды. Қырық жылдан кейін оның қайта жаңғыртылуы – тарихи маңызы зор жұмыс. Инвесторларға алғыс айтамыз. Ғимараттың тарихи келбетін сақтай отырып жаңғыртсақ, ол Семейдің ең көрікті орындарының біріне айналады деп сенеміз, – деді өңір басшысы.
Жоба құны – 5 миллиард теңге. Жұмыс толықтай жеке инвестор қаражаты есебінен жүргізілуде. Ең басты талап – тарихи болмысты жоғалтпау. Ғимараттың қасбеті, сәулеттік ерекшеліктері мен негізгі композициясы сақталады. Сонымен қатар заманауи инженерлік жүйелер орнатылып, нысан жаңа форматтағы көпфункционалды кешенге айналады.
Жоспар бойынша мұнда қонақүй, мейрамхана, әкімшілік және коммерциялық нысандар орналасады. Жоба іске қосылғаннан кейін 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Қазіргі әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тарихи ғимараттарды сақтау – тек мәдени міндет емес, экономикалық мүмкіндік. Еуропаның көне қалаларында ғасырлық ғимараттар бүгінде жаңа қызмет атқарып, туристер тартатын орындарға айналған. Бұрынғы зауыттар шығармашылық орталыққа, ескі үйлер қонақүй мен мәдени кеңістікке айналып отыр.
Семей үшін де бұл бағыттың маңызы зор. Себебі бұл қала – қазақ руханиятының алтын қазынасы. Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезов пен Алаш қайраткерлерінің ізі қалған мекеннің тарихи ортасын сақтау – ұлттық мәдени мұраны қорғау деген сөз. Қала тарихы тек кітап бетінде немесе архив сөресінде қалмауы керек. Ол күнделікті өмірде сезілуі қажет. Тарихи ғимараттар – өткеннің үнсіз куәгері ғана емес, келешектің дамуына қызмет ететін құндылық. Семейдегі бұл жоба соның нақты мысалы болмақ.
Кеше ғана қаңырап тұрған көне қабырғалар енді қала тұрғындары мен қонақтарын қарсы алатын жаңа кеңістікке айналады. Уақыт сынаған ғимарат қайта түлеп, Семейдің жаңарған келбетінің бір бөлігіне айналмақ.
Эльмира Жүрсінбекқызы, Абай облысы
