Балалардың басым бөлігі ата-аналарымен бірге келген. Ұйымдастырушылар үшін ең бірінші кезектегі маңызды мәселе – қауіпсіздік. Шетелден келген әр баланың аман-есен жетіп, екі апталық танымдық демалыстан кейін өз елдеріне аман-есен оралуы қатаң бақылауға алынған.
Арқаның інжу-маржаны, Көкшетаудың баурайындағы әйгілі «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында шетелдегі қазақ диаспорасы балаларының басын қосқан «Атамекен» халықаралық балалар құрылтайы өз жұмысын бастады. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл жоба жас ұрпақтың тарихи отанымен рухани байланысын бекітетін, ұлттық болмысты жаңғыртатын алтын көпір іспетті. 7-21 шілде аралығында өтетін басқосу әлемнің әр түкпіріндегі қазақ балаларының басын бір шаңырақ астына біріктіріп отыр.
Құрылтай аясында жолыққан балалар
Әуелде құрылтайға әлемнің 11 елінен үміткерлер шақырылған болатын. Алайда шекарадан өту, ұзақ жол қатынасы мен құжат рәсімдеудегі кейбір ұйымдастырушылық қиындықтарға байланысты Түркия, Иран және Ауғанстаннан келетін балалар биылғы басқосуға қатыса алмады.
Биыл әлемнің 8 мемлекетінен 288 қазақ баласы қасиетті қара шаңыраққа, атамекеніне аман-есен жетті. Бүгінде «Балдаурен» төрінде мәре-сәре болып жатқан жас өрендердің қатарында Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Қырғыз мемлекеті мен түрікмен, тәжік, Еуропа елдерінен келген балалар бар. Балалардың басым бөлігі ата-аналарымен бірге келген. Ұйымдастырушылар үшін ең бірінші кезектегі маңызды мәселе – қауіпсіздік. Шетелден келген әр баланың аман-есен жетіп, екі апталық танымдық демалыстан кейін өз елдеріне аман-есен оралуы қатаң бақылауға алынған.

Бұл халықаралық жобаның тұрақты түрде жүзеге асырылуына Қазақстан Үкіметі қаржылай қолдау көрсетіп, оның табысты өтуіне тұрақты түрде атсалысып келеді. Мемлекет жыл сайын арнайы қаржы бөліп, шетелдегі этникалық қазақ балаларына квота ұсынып отыр.
Halyk қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов бұл серіктестіктің маңызына тоқталып:
«Биылғы құрылтай – бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан серіктестіктің нақты нәтижесі. Балалардың бұл сапардан жарқын әсер алып қана қоймай, өздерінің қазақы болмысын тереңірек сезініп қайтуына жағдай жасау біздің басты мақсатымыз болды. Өйткені ұлттық құндылық пен тарихи жады – ұлттың болашағын айқындайтын ең маңызды негіздің бірі», – деп атап өтті.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков биылдан бастап құрылтайдың форматы өзгергенін, балаларға тек демалыс қана емес, үлкен болашақ сыйлау көзделгенін айтты.
«Биылдан бастап біз мүлде жаңа бағдарламаны бастайын деп жатырмыз. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді ғой. Шетелдегі қазақ балаларының ішінен ең дарындыларын, зеректерін жинасақ па деген ой келді. Оларды тауып, оқытып, тәрбиелеп, болашақта әлемдік деңгейдегі ғалым, тіпті Нобель сыйлығының иегерін шығарсақ деген үлкен мақсатымыз бар. Мысалы, бүгінде шетелде түрлі салада табысты еңбек етіп, өз жетістіктерімен танылып жүрген қандастарымыз аз емес. Осындай азаматтар бізде көп, әсіресе жастардың арасында дарынды, білімді, болашағынан зор үміт күттіретін өкілдер жетерлік. Біз балаларға ата-бабаларының тарихи жерін көрсетіп, олардың ұлттық болмысын нығайтып, үлкен мақсаттарға ұмтылуына жол ашуымыз керек», – деді Зауытбек Қауысбекұлы.

Шәкірт тәрбиесі – ақыл айту емес, үлгі болу
Қауымдастықтың жұмысын заман талабына сай жетілдіру және жастармен байланысты нығайту мақсатында оның құрамына жаңа кеңесшілер тартылды. Бұл қадам жас ұрпақтың қызығушылығы мен сұранысын ескеріп, олардың тілінде сөйлей алатын, бағыт-бағдар бере алатын тұлғаларды қауымдастық жұмысына кеңінен тартуға мүмкіндік береді. Солардың бірі – Қытай Халық Республикасының Іле қазақ автономиялық облысы Алтай өңірінде дүниеге келіп, кейін тарихи Отанына қоныс аударған, халықаралық спорт аренасында Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрген кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Қанат Ислам. Оның өмір жолы – шетелдегі қазақ жастары үшін туған елмен байланыстың, табандылық пен еңбектің жарқын үлгісі.
Зауытбек Тұрысбековтің айтуынша, балаларға таңнан кешке дейін құрғақ ақыл айтудан ештеңе өзгермейді. Нағыз тәрбие – көрнекілікте. Балалар Қанат Исламды көргенде оған қызыға қарап, «мен де Қанаттай батыр, намысты азамат болсам екен» деп алдарына мақсат қояды. Сол сияқты Нариман Әбілшайықов сияқты іскер азаматтарды көріп, соларға ұқсағысы келеді. Шәкірт дегеніміз – үлкендердің ісін байқап, солардан үлгі алатын тұлға.
«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы – әлемдегі қазақтарды ұйыстыратын қарашаңырақ. Қазақта «Ер жігітті жас өсірмейді, жауапкершілік өсіреді» деген сөз бар. Біз де мойнымызға үлкен жауапкершілік алып отырмыз. Бұл ұйымға талай ел ағалары еңбек сіңіріп, дүниежүзіндегі қазақтарды біріктіру жолында аянбай қызмет етті. Сол игі істі жалғастырып, жаңа мазмұнмен дамыту – біздің міндетіміз. Елге келген қандастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, береке-бірлікке шақыру, ел ігілігі үшін қызмет етуге жұмылдыру – үлкен жауапкершілік. Басты мақсат — қазақ елінің абыройын асқақтату және ел бірлігін нығайту», – дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары.
«Болашақта Қазақстанға көшіп келемін!»
«Балдәуренге» келген балалардың алған әсерлері де бөлек. Мұндағы екі күндік өмір олардың дүниетанымын мүлдем өзгертіп үлгерген.
Түрікменстаннан келген Айқын мен Нұрасыл есімді жеткіншектер өз елдерінде орыс мектебіне барады екен. Дегенмен үйде әке-шешесі тек қазақ тілінде сөйлейді. Олар Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Бурабайдың тау-тасы мен сұлу табиғаты, футбол ойнаған орындар мен қазақтың ұлттық тағамдары балаларға қатты ұнаған. Алғашқы күні түнде аналарын сағынып, біраз жылап алғанын да жасырмады. Бірақ қазір олардың мақсаты айқын, болашақта Қазақстанға біржола көшіп келіп, бірі полиция, екіншісі дәрігер болуды армандайды.
Ал Қытай Халық Республикасының Алтай аймағынан келген Айзат Бейсембекқызы құрылтайдың алғашқы күндерінде-ақ өз өнерімен көзге түсті. Ол орталықта өткен салтанатты концертте домбыра тартып, ата-баба аманатын арқалап келгенін дәлелдеді.
«Мен Қазақстанға бұған дейін де бірнеше рет келгем, бірақ Бурабайды алғаш рет көруім. Мына «Балдауренде» өтіп жатқан концерт керемет болды, өзім де сахнаға шығып домбыра тарттым. Маған мұндай іс-шаралар қатты ұнайды. Біз Қытайда тұрсақ та, отбасымызбен тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Өзім қытай тілді мектепте оқыдым, бірақ дәл осы жылы біздің отбасымыз Қазақстанға, Астана қаласына біржола көшіп келейін деп жатыр. Қазір Астанадағы қазақ тілді мектепке ауысу құжаттарым дайындалуда. Мен Қазақстанды өте қатты жақсы көремін. Болашақта Назарбаев университетіне оқуға түсіп, мықты инженер болғым келеді», – дейді Айзат ағынан жарылып.
«Балдаурен» төрінде өтіп жатқан «Атамекен» халықаралық балалар құрылтайы – сол тарихи миссияның заңды жалғасы. Бұл жоба шетелдегі қазақ балаларының ұлттық бірегейлігін сақтауға, олардың жүрегінде Отанға деген махаббат отын жағуға және әлем қазақтарының рухани тұтастығын нығайтуға бағытталған ең маңызды халықаралық бастама болып қала бермек. Жалынды жастардың атамекенге оралған армандары осылайша Бурабай төрінде қанат қағып жатыр.
Айсұлу ЕРДӘУЛЕТҚЫЗЫ, ЕҰУ-дың 2-курс студенті
