Қызылордадағы аттракциондағы қайғылы оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі оқиғаның 14 маусымға қараған түні болғанын растады. Құтқарушылар рельске қысылып қалған 18 жастағы саябақ қызметкерін шығарып, ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін екі аяғына ампутация жасауға мәжбүр болды.
Ведомство мәліметінше, оқиға болған «Арай» саябағындағы аттракциондар ресми тіркеуден өтпеген. Бұған дейін саябақ әкімшілігіне аттракциондарды талапқа сай тіркеу қажеттігі туралы екі рет ескерту жасалған.
Қазір еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталғанша аттракциондар аймағы келушілер үшін жабық болады.
