Қазақстанның саяси партиялары Президенттің Құрылтай сайлауын 2026 жылғы 23 тамызға белгілеу туралы Жарлығына қол қойылғаннан кейін ресми мәлімдемелер жасап, алдағы сайлау науқанына толық дайын екенін жеткізді.
Қазақстанның саяси партиялары Құрылтай сайлауына дайын екенін мәлімдеді
330
оқылды

Партиялар алдағы науқанды жаңа Конституцияны іске асырудағы маңызды кезең деп бағалап, елдің жаңа жоғары заң шығарушы органы – Құрылтайдың алғашқы сайлауына қатысуға әзір екенін мәлімдеді,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Өз мәлімдемелерінде партиялар бұл сайлау мемлекеттік басқарудың жаңа конституциялық моделіне көшудің алғашқы практикалық қадамы болатынын, сондай-ақ өкілді демократия мен парламентаризмді дамытудың жаңа кезеңін бастайтынын атап өтті.

«Әділет» партиясы өзін «жаңа Конституцияның партиясы» ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Партия өкілдерінің айтуынша, жаңа Ата Заң қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру олардың негізгі бағытына айналады. Сонымен қатар партия өңірлік желіні қалыптастырудың ұйымдастыру кезеңін аяқтап, халықпен жүйелі жұмысқа, партиялық бастамаларды іске асыруға және жергілікті бөлімшелерді дамытуға көшкенін хабарлады.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Құрылтайдың қалыптасуы парламентаризмді одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндік ашатынын атап өтті. Партияның пікірінше, алдағы сайлау саяси реформалардың заңды жалғасы әрі жаңа Конституция ережелерін іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды кезеңі болады.

Respublica партиясы сайлау науқанына дайындықты алдын ала бастағанын мәлімдеді. 4 шілдеде өтетін кезектен тыс съезде партияның сайлауалды бағдарламасы, кандидаттар тізімі және алдағы сайлаудың негізгі міндеттері бекітіледі. Сонымен қатар партия қоғам үшін лайықты жұмыс, қолжетімді баспана, сапалы білім мен медицина, сондай-ақ қауіпсіздік басты басымдық болып қала беретінін атап өтті.

Қазақстанның Халық партиясы да сайлауға толық дайын екенін мәлімдеп, бұл науқанды кәдімгі сайлау емес, Қазақстанның жаңа саяси архитектурасын іске асырудың алғашқы практикалық қадамы ретінде бағалайтынын жеткізді. Партия Құрылтайдың алғашқы құрамын қалыптастыруға белсенді қатысатынын айтып, азаматтарды 23 тамызда сайлау учаскелеріне келуге шақырды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) сайлау науқанының адал әрі ашық өтуі азаматтардың болашақ Құрылтайға деген сенімінің басты кепілі екенін атап өтті. Сондай-ақ партия сайлаудың ашық, әділ және шынайы саяси бәсекенің үлгісіне айналуына ықпал етуге ниетті екенін мәлімдеді.

«Ауыл» партиясы сайлау процесіне белсенді қатысуға дайын екенін хабарлады. Жақын уақытта партия съезд өткізіп, сайлауалды бағдарламасын бекітпек. Сонымен қатар алдағы сайлау елдің тұрақты дамуына, қоғамдық келісімнің нығаюына және азаматтық жауапкершіліктің артуына ықпал етеді деген сенім білдірді.

«Байтақ» партиясы жаңа Конституция Қазақстанның саяси жүйесіне елеулі өзгерістер енгізгенін, ал Құрылтай сайлауы жаңартылған парламенттік модель жұмысының бастамасы болатынын атап өтті. Партия елге азаматтардың мүддесін қорғайтын білікті сарапшылар мен нақты іс атқаратын адамдар қажет екенін айтып, алдағы сайлау науқанына толық дайын екенін растады.

Осылайша, Қазақстанның саяси партиялары сайлау науқанына толық дайын екенін мәлімдеп, 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтайдың алғашқы құрамын қалыптастыруға белсенді қатысуға ниетті екенін жеткізді.