Түсу емтиханына әңгімелесу, эссе жазу және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді. Жалпы, түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші 100 балл.
Докторантураға түсуге өтініш қабылдау қашан басталатыны белгілі болды
Фото: istockphoto.com
230
оқылды

3 шілдеде докторантураға түсу емтиханына (ДТЕ) қатысуға өтініш қабылдау басталады. Ол 2026 жылдың 3 тамызына дейін жалғасады. Емтиханның өзі 4-20 тамыз аралығында өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Түсу емтиханына қатысуға тіркелу ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz сайтында өтеді. Ғылым және жоғары білім министрлігі докторантураға түсу үшін тек бір жоғары оқу орны мен білім беру бағдарламаларының бір тобын ғана таңдауға болатынын ескертті.

Егер түсушіге берілген өтінішке (тестілеуді тапсыру қаласы, білім беру бағдарламаларының тобы, тестілеуді тапсыру тілі) өзгерістер енгізу қажет болған жағдайда, оған өтініштерді қабылдау жүйесі жабылғанға дейін (3 тамызға дейін) өтінішті өңдеу немесе жою мүмкіндігі беріледі. Тестілеуді өткізу орны мен уақыты туралы ақпарат түсушінің жеке кабинетінде 9 тамызда қолжетімді болады.

Түсу емтиханына әңгімелесу, эссе жазу және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді. Жалпы, түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші 100 балл, оның ішінде әңгімелесу – 30 балл, эссе – 20 балл, бейіні бойынша емтихан сұрақтары – 50 балл. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурсқа қатысу үшін және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл 75.

Докторантураға түсу үшін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат және В1 деңгейінен төмен емес шет тілін меңгергенін растайтын сертификат («Дене шынықтыру педагогтерін даярлау», «Музыка педагогтерін даярлау», «Қазақ тілі мен әдебиетінің педагогтерін даярлау» және «Орыс тілі мен әдебиетінің педагогтерін даярлау» білім беру бағдарламаларының топтарын қоспағанда) ұсыну қажет. TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар ДТЕ басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуді тапсырады.

2026 жылдан бастап құжаттар тізбесіне ғылыми зерттеу жобасы (Research Proposal), соңғы 3 күнтізбелік жылдағы ғылыми жарияланымдар тізімі (бар болған жағдайда), зерттеуді жүргізу жоспары және эссе енгізілген.

Сондай-ақ түсушілердің бейіні бойынша докторлар бағдарламасы бойынша, оның ішінде индустриялық PhD және DBA (Doctor of Business Administration) бағдарламалары бойынша докторантураға түсуге мүмкіндіктері бар. Бұл бағдарлама үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың белгілі бір деңгейі талап етілмейді. Сондай-ақ бейіні бойынша докторлар бағдарламасы бойынша түсушілер емтихан барысында эссе жазбайды. Ең жоғары көрсеткіш – 80 балл, оның ішінде әңгімелесуге – 25 балл, бейіні бойынша емтихан сұрақтары – 50 балл және кәсіпорындар мен ұйымдардың ұсыныс хатына (болған жағдайда) – 5 балл. Шекті балл – кемінде 50 балл.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.