Ақмола облысының Зеренді ауданында орманға жидек теруге барып, адасып кеткен зейнеткер құтқарылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz cайты Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, ТЖМ жедел-құтқару жасағының қызметкерлері іздестіру жұмысы барысында 1948 жылы туған ер адамды тауып алды.
«Құтқарушылардың үйлесімді іс-қимылының арқасында зейнеткер аман-есен табылды. Медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ», – деп хабарлады министрлік.
ТЖМ орманға барар алдында жақындарыңызға баратын бағытыңызды хабарлап, өзіңізбен бірге толық қуатталған ұялы телефон алып жүруге және бейтаныс жерлерге, алысқа кетпеуге кеңес берді. Сондай-ақ адасып қалған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажеттігін еске салды.
