«Әділет» партиясында жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған пар­тия активінің кездесуі өтті. Оған партияның Саяси бюросы мен Сая­си кеңесінің мүшелері, сондай-ақ еліміздің барлық 20 өңірінің өкілдері бейнеконференция байланысы арқылы қатысты. Бұл формат партияның ұйымдастырушылық қызметіне цифрлық құралдарды енгізу бағытының бір бөлігі.
Жасампаздық пен жаңғыру жолы
279
оқылды

Кездесуді ашқан партия Төрағасы жаңа Конституцияның күшіне енуі мемлекет дамуының маңызды кезеңі екенін және елдің қоғамдық-саяси дамуының жаңа бағдарларын айқын­дайтынын атап өтті. 

«Бүгін – Қазақстан үшін сондай айтулы белес. Елімізде Жаңа Конс­титуция күшіне енді. Бұл – жай ғана құқықтық оқиға емес, Қазақ­станның тарихи дамуындағы жасампаздық пен жаңғыру жолының бастауы», – деді Айбек Дәдебай. 

Кездесуге қатысушылар мемлекеттік басқаруда конституциялық қағидаттарды іске асыру, заң үстемдігін нығайту, аза­мат­тардың құқықтарын қорғау, адами капиталды дамыту, цифрландыру және қоғамның қатысуын кеңейту мәселелерін талқылады. Партияның Саяси кеңесі мен Конституциялық комиссиясының мүшелері Бөріхан Нұрмұхамедов пен Лаура Қарабасова да жаңа Конституция елдің одан әрі дамуы үшін маңызды екенін жеткізді. 

«Әділет» партиясы жаңа Консти­туцияның партиясы ретінде дүниеге келді. Оның конституциялық рефе­рендумнан кейін пайда болуының терең саяси мәні бар», – деді Бөріхан Нұрмұхамедов. 

Лаура Қарабасова Ата заң білім, ғылым және адами капиталдың елдің ұзақмерзімді дамуы үшін негізгі фактор ретіндегі маңызын арттыратынын айт­ты. 

«Бүгінде біз адами капитал мен ғылыми әлеует мемлекеттің ұзақмерзімді дамуының негізгі факторына айналған тарихи кезеңде тұрмыз. Жаңа Консти­туция білім мен ғылымның рөлін жаңа деңгейге көтереді», – деді ол.

Талқылаудың бір бөлігі конститу­циялық құндылықтарды іс жүзінде жүзеге асыру мәселесіне арналды. Әлеуметтік инноваторлар қауымдас­тығының президенті, Саяси кеңес мүшесі Эмин Әскеров әлеуметтік кәсіп­керліктің әділдік пен тең мүмкін­діктер қағидаттарын ілгерілетудегі маңызын атап өтті. Ал Саяси кеңес бюросының мүшесі Замира Кузиева жаңа Конс­титуция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қор­ғауды күшейтіп, заң үстемдігі қағидатын нығайтатынын айтты. 

«Жаңа Конституция – бұл әділетті, жауапты, заманауи мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. Ол әрбір азаматтың құқығы мен еркіндігін қор­ғауды, заң үстемдігін күшейтуді және мемлекет жұмысының басты өлше­мі адам мүддесі болуы тиіс екенін айқын көрсетеді», – деді Замира Кузиева. 

Цифрлық трансформация мәселесіне тоқталған Саяси кеңес мүшесі Нұрбек Матжани жаңа Конституцияның заманауи технологиялық сын-қатерлерді ескеретінін айтып, «Әділет» партиясы өз жұмысына цифрлық құралдарды жүйелі түрде енгізіп келе жатқанын жеткізді.

«Әділет партиясы өз алдына цифрлық партия болу міндетін қойып отыр, алғашқы қадамдарымыз да жаман емес. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бірінші болып партияны тіркеу сатысында цифрлық шешімдерді сәтті қолданды», деді Нұрбек Матжани. 

Талқылауды Саяси кеңес бюросының мүшесі, журналист Ирина Тен қорытын­дылады. Оның пікірінше, жаңа Конс­титуцияның күшіне енуі мемлекет пен қоғам дамуының жаңа кезеңінің бастал­ғанын білдіреді. 

«Жаңа Конституция – Жаңа дәуір деген атау жай ғана ұран емес. Бұл – Қазақстанның болашағына, мемлекет пен қоғамның жаңа сапасына, азамат құқығы мен адам қадір-қасиетіне деген жаңаша көзқарастың көрінісі», – деді Ирина Тен. 

Партия Төрағасы «Әділет» партия­сының басты басымдығы жаңа Консти­туция қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру екенін атап өтті. 

«Әділет» партиясы қоғаммен және азаматтарымызбен бірге осы жауапты миссияны орындауға толық дайын. Жаңа Конституцияның қағидаттары біздің қызметіміздің негізінде жатыр. Біз жинаған тәжірибе мен қолдағы бар­лық ресурстар осы қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асыруға бағыттала­ды», – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.  

Кездесу қорытындысы бойынша партияның Саяси кеңесі Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты мәлімдеме қабылдап, әділдік, заң үстемдігі, адамның қадір-қасиетін құрметтеу, қоғамдық келісім және ел болашағы алдындағы жауапкершілік қағидаттарына адалдығын растады.  Осы жұмыстың практикалық жалғасы ретінде «Жаңа Конституция – Жаңа дәуір» атты қоғамдық-саяси іс-шаралар циклі басталды. Алдағы уақытта партия өкілдері еліміздің барлық өңірінде аза­маттармен және сарапшылар қауым­дастығымен кездесу өткізіп, жаңа Конституцияның негізгі ережелері мен олардың практикалық маңызын түсін­діреді.