Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері елорда тұрғынының жоғалтып алған құжаттары мен жеке заттары салынған әмиянын иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға Астана қаласының Есіл ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша арнайы іс-шаралар өткізу барысында болды. Қызмет атқару кезінде Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне жоғалған әмиянның табылғаны туралы ақпарат келіп түсті. Ұландықтардың көмегімен әмиян иесін анықтау бойынша қажетті шаралар жүргізілгеннен кейін табылған зат заңды иесі – Бауыржан Нүкішевке қайтарылды.
Әмиян иесі Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне жауапкершілігі, адалдығы және бейжай қалмағаны үшін шынайы алғысын білдірді. Ризашылығының белгісі ретінде ол бейнеүндеу жазып, көрсетілген көмек пен жоғалған мүлкін жедел қайтарып бергені үшін ұландықтарға алғыс айтты.
Мұндай игі істер ұландықтардың қызметтік міндеттерін адал атқаруының жарқын үлгісі болып саналады және азаматтардың құқықтық тәртіп әскерлеріне деген сенімін нығайтады.
